«Той істеп бермедің деп бетімнен ұрып кетті»: абысынының тірлігіне күйінген келіншек бар шындықты жайып салды

0
1 533

«Келініне бриллиант тағып, беташарын жасап берсек те жақпадық»


«Той істеп бермедің деп бетімнен ұрып кетті»: абысынының тірлігіне күйінген келіншек бар шындықты жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Кең болсаң кем болмайсың» деп ата-анамыз құлағымызға құйып өсірген ғой. Қолдан келсе біреуге жақсылық жасаған, алғыс алған артық болмайды. Бірақ кей адамдар сенің мейірімділігіңді аңқаулыққа, ақымақтыққа балайды екен», - дейді Шарапат есімді әйел.


Таяуда бір абысыны үйіне келіп, төбелес шығарғанын Шарапат ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Күйеуім екеуміз отау құрғанда шеке майымыз шылқып тұрды деп айта алмаймын. Ата-енеміз жуас жандар еді, «еттерің тірі, жассыңдар» деп бар шаруаны бізге ысырып бере салды. Қиындықты да, баршылықты да, таршылықты да бәрін көрдік.


Күйеуім бір кездері қарызға белшесінен батып қалған еді. Тіпті үйге рэкеттер келіп «ақшаны тауып бер» деп талай мәрте қорқытқан. Екеулеп жүріп күн-түн демей тірлік істеп, сол қарыздан әупірімдеп құтылдық. Қарыздан құтылайын деп шын ниет еткен адамды Тәңірім қолдайды екен. Екі тілегімнің бірінде «күйеуімді қарызынан құтқара көр» дейтінмін. Жақсылығы мен қайғысы қатар жүретін өмір емес пе, қиын күндер артта қалып, ісіміз оңғарылды.


Аллаға шүкір, бүгінде отағасы үлкен бір істі қолға алып, кәсіп бастаған. «Қарызымды қайтар!» деп дікеңдейтіндерден қорқып, ұйықтай алмай шығатын күндер де артта қалған. Бүгінде өзіміздің жүк көліктерінің қосалқы бөлшектерін сататын бірнеше дүкеніміз, көлік жуатын орындарымыз бар. Күйеуімнің қарамағында бірнеше адам еңбек етіп жатыр.


Ісіміз ілгерілеп, тиын тебеннің басы құралғалы бері жолдасым туған-туыс, жора-жолдас, ағайын біткеннің бәріне көмектесіп келеді. Біріне жер уческесін, біріне пәтер, көлігі жоғына көлік әперді. «Неге шашасың» деп қолын қаққан емеспін. Бар кезінде бәріне көмектессін деп үндемеймін. Одан жаман болған мен жоқ. Ағайын-туыстың ортасында әжептеуір сыйымыз бар. Бәрі қоғадай жапырылып, сыйлайды әйтеуір.


Күйеуімнің сегіз бауыры бар. Ең үлкен қайын әпкем күйеуімен ажырасып, ортамызға оралғанда «қыз ғой, жыламасыншы» деп қала орталығынан үй әперді. Ал қайын сіңлілерім шетінен тұрмысқа шыққанда да бар жасау жабдығын өзім жасадым. Енем өзің білесің ғой деп бәрін маған ысырып салып отыр, баласы тауып тұрғасын несін аяйын. Бар жердің қызына лайықты етіп ұзаттық бәрін де. Кейіннен екі қарындасы да ажырасып қайтып келді. Оларға да күйеуім үй әперді.


Ешқашан тарынған емеспін. Бірақ соңғы кездері жүйкем сыр беріп жүр. Бізді бір май шелпек көре ме, үнемі ақша сұрап, тіленіп келе беретіндерден әбден шаршадым. Қайтарып жатқан біреуі жоқ. Ұялмай-қызармай екінші мәрте тағы келетінін қайтерсіз. Күйеуіме айтсам, күледі де қояды. Жуас қой, қолы ашық. Бірақ сол жуастығы жақында басымызға таяқ болып тиді.


«Атамыздың інісі ертеректе қайтыс болып кеткен. Сол кісіден қалған ең кішкентай бала таяуда үйленетін бопты. Қайным ғой. «Жеңешем құдалыққа барасың, келін сырға салып қайтады» деп отыр. Ертең барып, не керек екенін сұрап қайтайық» деді. Екеуміз ертеңіне артынып-тартынып абысынның алдына бардық. Үйде тұрған киіттен біраз нәрсе салып алғам. Ақылдаса келе келінге тағатын сырғаны біз алатын болдық. «Қалыңмалға қосарсыз» деп күйеуім бес жүз мың теңге ұстатты. «Кезінде мені балаңыздай көріп, қамқорлық танытып едіңіз, кенже балаңызға бізден де сый болсын» деп күйеуім беташарға деген қойын, күрішін, тәттілерін әперетіннін айтты. Солай көңілді бір демдеп, қалаға қайттық. Ертеңіне базарға барып, келінге бриллиант көзі бар комплект алдым.


Не керек, межелі күні құдалыққа барып, барамызды ұсынып, келінді ауылға алып келдік. Ертеңіне ауылда дүркіреп беташар өтті. Арада екі ай өткенде, абысынып алқынып үйге келіп тұр. «Келін кетіп қалды» деп. «Не болды» деп сұрамаймыз ба? Үлкен той істемегені үшін ұрыс болыпты.


«Кетейін деп жүрген адам да, әйтпесе тойға бола солай теріс айналып кете сала ма?» деп абысынымды жұбатып жатқам ғой. «Кісіге күнің түссе осы да, қу жоқшылық баламның бақытына балта шапты» деп абысыным күңіреніп кетті. «Жеңше, кімге күніңіз түсіп еді, біреу бірдеңе деді ме?» деп сұрасам, қайным бір ай бұрын күйеуімнен екі миллион теңге қарыз сұрап келген екен. «Той істеймін, жәрдемдесіңіз» деп. «Інім, менде де артық-ауыс ақша жоқ. Беташарыңның өзіне миллионнан артық жұмсап қойдық. Үлкен той істеп шығынға батқанша кішігірім құдалық той жасайық, бірақ қазір емес, күзге қарай» деп шығарып салған екен. Онысынан мүлдем хабарым жоқ.


«Бәленің бәрі қатыннан ғой, сенің тырықтығың ұстап қалған шығар. Онсыз да көп шашылдық деп қайнымның құлағына сыбырлап қойған шығарсың. Әйтпесе бүкіл әлемге көмегі тиіп жүрген қайным туған інісіне келгенде тарынып қалмайтын шығар» деп намысыма тиетін бірталай сөз айтты.


Осы кезде шыдай алмадым. Жақсылықты түсінбеген абысыныма мен де ішімдегі бар өкпе-ренішімді айтып салдым. «Сауаптың түбі – тесік» деген рас екен-ау. Ағайын осы, бар болсаң көре алмайды. Сіздер жақсылықты түсінбеген екенсіздер. Көргенсіздік дейді мұны. Атам марқұм «Көргенсізбен көрші болма» деуші еді. Сіздердің сұраншақтықтарыңыздан мен де шаршадым. Шаша беретін дүниеміз жоқ, қайныңыз дұрыс айтқан» деп шап еттім. Менікі де артық болды-ау...


Онсыз да келінінен айырылып, көкірегі қарс айырылып тұрған адам жарылып кетті, «Сен кімді көргенсіз деп тұрсың?» деп бетіме шапалақпен тартып жіберсе бола ма? Ондайды күтпегем, ызам келіп, жылап жібердім. «Біз сендерге қайыршы емеспіз, берген дүниелеріңнің бәрін қайтарып берем» деп үйден шығып кетті.


Қайдағы бір той үшін, кеткен келін үшін біз кінәлі болдық та қалдық. Артып қойған міндеті бардай, енді бізді бүкіл ауылға жамандап жүр екен. Абысынымның мына қылығын қанша жерден түсінгім келсе де, түсіне алмадым. Масылдықтың шегінен шыққан екен.


Жалпы, әр адам көрпесіне қарап көсілуі тиіс. Шамаң жетпей ме, тыраштанып, жұртқа жақсы көрінем деп қарызға батып той істеудің керегі бар ма? Екі ортада мен кінәлі болып шыға салғаныма ішім ашиды. Ал абысынымның мына әрекетіне қандай баға бересіздер? Осы жағдайда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?»