​«Тоқал болам деп ойлаған емеспін»: шымкенттік әйел басынан өткен жағдайды баяндап берді

0
1 245

«Қыз өсіріп отырмын, бірінші әйелдің наласы соған тиіп кетпесе екен...»


​«Тоқал болам деп ойлаған емеспін»: шымкенттік әйел басынан өткен жағдайды баяндап берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Анау бай екен, анау кедей екен», «мынау ұрпақсыз», «пәленге тоқал екен» деп біреудің сыртынан сөз айтпау керек. Себебі тағдыр деген нәрсе бар, ол сондай адам болайын деп болмайды, тағдырына жазылғанын көріп, көндігіп өмір сүріп жатыр. Сондықтан қай уақытта болса да басқаны сөгуге, тағдыры үшін «соттауға» дайын тұрмасақ екен. Бұл менің өз өзімді алдын ала ақтап отырғаным емес. Тек кім-кімде болсын еріккеннен жаман жолға түспейтінін ұқтырғым келеді», - дейді Ақмарал есімді әйел.


Шымкенттік оқырман өз тағдырынан сыр шертіп, ондай жолды таңдауына себеп болған оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Осыдан бес жыл бұрын екі баламен жесір қалдым. Жолдасым жол апатынан қайтыс болды. Жолдасым қайтыс болғанға дейін не кием, не ішем деп уайымдамай, аяқты алшаң басып жүрген бақытты әйел едім. Себебі күйеуім менің жұмыс істегенімді қаламады. «Балаларды үйірмелеріне апар, сабағына қара» деп бар жағдайымды жасауға тырысты. Жолдасым онсыз да балажан еді, тұңғышын еркелеткенде өліп-тірілетін, ал қызымызды тіпті жақсы көрді. Он жыл отбасы болып өмір сүрдік. Аз ғана ғұмырында бізді бақытты қылу үшін барын салды. Күйеуіме сол үшін шексіз ризамын.


Қазір ол кісі жоқ, өмірден өтіп кеткен. Жол апаты жалмап әкетті. Бір сәтте өмірімнің астаң-кестеңі шығып, дүние төңкеріліп сала берді. Күйеуім барда ішіп-жем, балалардың киімі, керек-жараққа аса бас ауыртпаппын. Қазаның арты тарқап, қырқын өткізген соң, еріксіз жұмысқа шығуға тура келді. Балалардың мектебі мен балабақшасына қаражат керек, оның үстіне екі-үш айдан соң жолдасымның жүз күндігі де келе жатыр. Қарайласа қалатын не күйеуімнің, не өзімнің ата-анам жоқ, ерте қайтыс болып кеткен. Сол себепті білекті сыбанып, белді буып, екі баламды асырау үшін жұмысқа шықтым.


Таныстарым арқылы сұрау салып көргенмен ыңғайлы жұмыс табыла қоймады. Сосын ұлымның мектебіне барып, еден жуушы болып орналастым. Оныма балам намыстанып, «көзіме көрінуші болма» деп жылады. Өмірімде еден жуып ақша табам деп ойламағам, өзімнің де ішім құса боп, біраз уақытқа дейін депрессияда жүргенімді жасырмаймын. Маңдайыма жазылған тағдыр сол болар, енді өмір бойы еден жуып күнелтемін деп түсіндім. Келе-келе оған да бойым үйреніп, қалыпты жұмысқа айналып кетті.


Арада бір жылдай уақыт өткенде базарда киім-кешек сататын жолдас келіншектен онша-мұнша киім алып, мектептің мұғалімдеріне сата бастадым. Құрдас келіншектен қарызға әкеліп, тарқатып тастаймын. Айлық уақытында жинап алып, үстіндегі пайдасын көрем. Ол да болса әжептеуір көмек болып қалды. Саудадан тапқан ақшамды тірнектеп жинап күйеуімнің жылдық асын өткізіп алдым.


Сөйтіп жүргенде базардағы бір азаматтың көзі түсті. Құрдас келіншекке әр келген сайын көзін тігіп, қадала қарап қалатын. Кейін мені сыртымнан сұрастырыпты. Құрдас келіншек те жағдайымды түгелімен баяндап берсе керек, қыр-соңымнан қалмай қойды. Танысу шайына шақырып, өзі туралы түгел баяндап берді. Сауда арқылы жағайын дұрыстап алған екен. Базарда киім-кешек сататын екі нүктесі, мата сататын тағы бір дүкені, аяқ киім сататын үш дүкені бар екен.


«Ақмарал, мен отбасылы адаммын. Үш балам бар. Бірақ өзіңді көріп, жесірліктің қамытын кигеніңді есітіп, өзіңе қорған болсам деп ойладым. Құдай миыма сондай сигнал жіберді. Әйтпесе тоқал іздеп, желік қусам ақша да, қыз-қырқын да табылады. Бірақ мен сауап үшін осындай тірлікке кіріспекшімін. Менің екінші әйелім бол, балаларыңа да жағдай жасап бере алам» деп ашық әңгімеге тарып, бәрін түсіндірді.


«Жолдасымның топырағы кеппей жатып ондай тірлікке бара алмаймын» деп ол кісіден қанша қашқақтасам да сезім өз ырқына бағындырды. Сонымен көп ұзамай оның көңілдесіне айналдым. Коммуналдық төлемдеріңе, балалардың киім-кешегіне деп ақша беретін, азық-түлікті көлігімен әкеліп тастайтын. Үнемі ер адамның қамқорлығына үйреніп қалған маған, шын мәнінде қасыма ер-азамат керек екенін ұқтырды.


Қазір мен мектептегі еден жуушылық жұмысымды тастағанмын. Саудаға біржола ауыстым. Қазір Сәбит бір дүкенін маған беріп қойған. Екеуміз бірге Түркиядан зат әкеліп, соны айналдырып жатырмын. Табыс көбейген сайын базарда отырғың да келмей қалады екен. Қазір дүкенге сатушы алып қойғам. Екі-үш күнде бір барып, тексеріп, есебін алып қайтам.


Былтыр одан бір ұл таптым. Ол соған шексіз бақытты. Күніне бір мәрте келіп, бізге керек-жарағымызды әкеліп, ұлын иіскеп кетеді. Алғашқыда оның әйелі мен туралы есітіп, ажырасуға арыз беріп, шу шығарған. Бірақ кейін артынан көніпті. Қазір Сәбит екі үйдің ортасында жүреді. Балаларымды алалаған емес. Қамқорлығын көрсетіп, керек жерде тәрбиелеп, ақылын айтып отырады.


Ара-қатынасымыз жайлы о баста ашып айттым. «Тартып алатын ойым жоқ, маған келіп кеткеніңнің өзі болады» деп. Сонымен қазір тоқалмын ба, әлде көңілдеспін бе кім екенімді өзім де ұқпаймын. Бірақ осылай өмірім өтіп жатыр. Өзім де қыз өсіріп отырмын, қызымның тағдырынан да қорқамын. Негізі әйел адамның өмірі қиын екен. Мен де тоқал болам-ау деп ешқашан ойламаған едім, бірақ тағдыр өз дегенін істейді екен».