«Өгей шешелерінің қыспағынан құтқарып, өзім асырап өсірген едім...»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Жасым елуге толып,ақыл-ойым кемелденген шақта көңілге түйгенім, қазақтың әр мақалы мен мәтелінің астарында үлкен философия, тәрбиелік мән бар екен. «Өзің тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас» деген мақалдың мағынасын мен енді түсіндім», - дейді Бибігүл есімді түркістандық оқырман.
Келін боп түскеннен көп қиыншылықты бастан өткерген кейіпкеріміз ERNUR.KZ тілшісіне туыстарына деген өкпе-ренішін жеткізіпті.
«Мен өзім өгей шешенің қолына келін болып түстім. Күйеуім үйдің үлкені, артында үйемелі-сүйемелі бес інісі бар. Енем марқұм бала үстінде қайтыс болған екен. Артында қалған ең кішкентай бала әлі мектепке де бармаған. Кейін әкелері үйленіп, ол әйел балалы болған соң бұларға ешкім назар аудармай кетіпті. Дұрысы, өгей шеше бірінші әйелден туған балаларына әкесін қарсы қойған.
Біз үйленген соң өгей ененің айтақтауымен қайынатамыз ауылдағы біреудің қорасы іспеттес ескі үйіне еншімізді беріп, бөлек шығарды. Үйдің ішін жинап, реттестіріп, түнеп шықтық. Ал ертеңіне таң атпай бес қайным «әкеміз қуып жіберді» деп біздің үйге келіп алды. Бесеуінің жәутеңдеген, шарасыз көздерін көріп сонда жылап жіберген едім. «Әкемді өлтірем» деп күйеуім ентелеп орнынан тұрып жатыр еді, «қойшы, Құдай жеткізсін, екеуміз жетілдіреміз» деп әрең тоқтаттым.
Несін айтайын, қолымыздан келгенше солардың жағдайын жасадық. Өзім бақуат жердің қызымын. Ағаларымның да, әпкелерімнің де тұрмысы жақсы болғандықтан бір қайнымды ағамның, екіншісін әпкемнің қолына бердім. Олар қайныларымды өз балаларынан кем көрмей, «сауап үшін» деп өсірді. Кейін оқытып, жұмысқа орналастырды. Үйленіп, үйлі болып кетулеріне де көмектесті. Қалған үшеуін итшелеп жүріп өзіміз жетілдірдік. Бүгінде бәрі үйлі-баранды болып кеткен.
Жастайынан шешесінен айырылып, өгей шешенің тоқпағын көріп өскен соң ба, күйеуім тым ызақор, ашуланшақ адам болды. Мінезі қиын адамның бір жерде тұрақтап жұмыс істеуі де оңай соқпайды екен. Қай жұмысқа кірсе де басшылармен басы піспей, айтысып-тартысып жүріп, ақырында қысқартуға ұшырап қалады. Бір-екі мәрте ағам «Пәлен жерде жақсы жұмыс бар, барып істесін» деп бір-екі жерді айтып еді, «Ой, ол қаланың арғы басында екен, екі-үш автобуспен қатынап жүре алмаймын», «Анау жұмыстың бастығы өзімнен кішкентай бала екен, жүрейін енді, соның айтқанын істеп» деп құркөкіректікке салып, істемей қойды.
Ер-азаматтың еті тірі болмаса қиын екен. Амал жоқ тізгінді қолға алып саудаға шықтым. Бар тапқанымды «оборотқа» салып, тиыннан теңге құрап бір бутикті жалға алып, ішін затқа толтырдым. Енді-енді ішегіміз майланып, ел қатарына қосыла бастаған тұста базар өртенді де, ішіндегі тауар түгелімен жанып кетті. Сөйтіп бір түнде тақыр кедейге айналып шыға келдік. Банктен алған несиені, күлге айналған тауарды уайымдап бір сәтте инсульт алып қалдым. Сол жағым жансызданып, алты ай емделіп, зорға жүріп-тұратын болдым.
Өзіміздің үш баламыз бар. Соларды аяқтандырғанша аман-есен жүре тұрсам деп тілеймін. Тұрақты жұмыс болмағасын, ай сайын белгілі бір мөлшерде үйге жалақы кірмеген соң қандай береге болсын? Ақшадан жиі тарығамыз, балаларымызды да ел қатарлы жылтыратып киіндіре алмай, қиналумен келеміз. Олар да жағдайды көріп отырған соң «мынаны әпер, анау керек» деп салмақ салмайды. Барға қанағат етуге үйреніп қалған.
Үлкен ұлым мемлекеттік грантпен оқуға түсті. Несібесі Қарағандыға шашылған екен. «Дәрігер болам» деген арманына жетті. Енді бірер күнде жолға шығады. Соған билет әперетін ақша таппай қиналып қалдым. Барғасын жүріп-тұруына да бірер мың керек. «Енді қайттім» деп түнімен ұйықтай алмай шықтым.
Жалпы, жасаған жақсылығымды бұлдағаным емес, бірақ туыстық ақымыз бар ғой деп кезінде өзім асырап, өсірген қайнымнан көмек сұрап, ұйіне барғанмын. Өзім таяққа сүйеніп қалғам, қасыма көмекші болсын деп кішкентай қызымды ертіп алғам. Қайныма бар жағдайымызды айтып, азын-аулақ ақша бере тұруын өтінгенім сол еді, келінім «бізде ондай ақша жоқ, күнде той, тапқанымызды соларға тасып әуреміз» деп жауап беріп қойды. Ал қайнымда үн жоқ. Салымыз суға кетіп, кері қайттық. Бірақ Құдай өлтірсін бе, «енді не істейміз» деп отырғанда үйге анам мен ағам келіп, «Жиеннің грантына сүйінші сұрап едіңдер, соны әкелдік» деп 50 мың теңге ұстатып кетті. Сонымен бұл жағдай ұмытылғандай болған.
Бірақ күні кеше ең кіші қайнымның әйелі телефон соғып «Жеңеше, сіз Пәленше ағай мен жеңгейдің үйіне ақша сұрап барған екенсіз ғой. Сол кезде абысын көршілеріне «Туған абысыным» деп айтуға ұялып, намыстанып қалыпты» деп ашық тұрған жарама тұзды себе салды. Не айтарымды білмедім. Қолымнан бар келгені жылау болды. Бірінен бірі өткен неткен қатыгез жандар еді. Біреуі солай-ақ дей қойсын, ал екіншісі оны неге маған жеткізіп, жүрегімді жаралап тұр? Мен осы жағдайды Құдайдан сұрап алыппын ба?
Естігенімді күйеуіме айтып едім, «Мен ертең-ақ Жарқынның үйіне барып мұны шешіп келем» деп ашуланды. Тағы да «қойшы, санасының жеткен жері сол болса қайтесің» деп әрең бастым. Бауырлардың арасында өкпе-реніш болмаса екен деп тілеймін. Ал олар жақсылықты неге тез ұмытады екен? Мен қайныларымды өгей шешенің қыспағынан құтқарып, қолымда барыммен бөлісіп, туған аналарындай болмасам да ұқсап бағып өсірген жоқпын ба? Ендеше, олар мені туысым деп атауға неге намыстанады?»