«Екі күнге келіп еді, екі айдан бері төрімді берер емес»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Анамнан ерте айырылып, әженің тәрбиесін көріп өскен қыз болғасын ба, «кісінің көңіліне қарап сөйлеу – сүннет, кісінің айыбын көпшілікке жария ету дұрыс емес» дегенді титтейімізден құлағымызға құйып өстік. Бірақ бүгін бір адамның айыбын ашқым келіп отыр», - деді ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Рауан есімді келіншек.
Қызылордада туып, Түркістанға келін болған оқырманымыз көпшіліктен ақыл-кеңес сұрап отыр.
«Ақ көңілдігімнен өмір бақи соққы жеп келемін. Адамдардан жамандық көрмей, ылғи жақсы қасиет іздеп тұрамын. Кісіні қиянатқа қимайтын адаммы. Сонымнан қазір оңбай таяқ жеп отырмын.
Шымкенттегі мемлекеттік университетте экология мамандығы бойынша білім алдым. Біздің группада Тараздан келіп бір қыз оқыды. Екеумізге жатақханадан орын берген. Бір нанды тең бөліп жеп, бір үйдің қызындай тату-тәтті өмір сүрдік. «Мен де мамамнан ерте айырылғанмын, қазір арқа сүйейтін ешкімім жоқ» деп жылағанда қоса егіліп, демалыста Қызылордаға, үйіме ертіп барып, өзімше қамқор боп жүргем ғой.
Кейін ол Мақсат екеуміздің махаббатымыздың куәсі болды. Түркістанға келін боп түскенімде тойымда қыз жолдас болды. Бірақ Мақсат оны жақтыра бермейтін. «Сол подружкаң біртүрлі ше, мүмкін болса енді араласпай-ақ қойшы» деп талай мәрте айтты. Бірақ ол менің араласпаймын дегеніме қарайтын адам емес, баса-көктеп кіріп келіп, әңгімесін айтып, жейтінін жеп кете беретін.
Университетті бітірген соң ол қыз Таразына қайтты. Бірақ бір жылдан кейін Шымкентке келін боп түсті де, менімен қайта хабарласа бастады. «Күйеулерімізді таныстырып, жақын араласайық» деп қоймайтын. Оған біздің жігіт ыңғай білдірмеді. Сөйтіп-сөйтіп арамыз суып, сирек көрісетін жағдайға жеттік.
Өткенде ғой, осыдан екі ай алдын, қас қарайып қалған апақ-сапақта группаласым үйге сап ете қалды. Күйеуім екеуміз тамақ ішіп отырғанбыз. Күтпеген жерден топ ете қалғанын Мақсат жақтырмады. «Сен шақырдың ба, келетінін білетін бе едің» деп сыбырлап сұрап жүр. Көрмегеніме төрт-бес ай болған ғой, өзім де аң-таңмын.
«Рауан, баратын жерім жоқ, білесің ғой бұл жақта туысым да, танысым да жоқ екенін. Күйеуіммен қырылып қалдық. Киімдерімді жинадым да, шығып кеттім. Ашуы басылғанда өзі іздеп, әкетер. Оған дейін сендердің үйлеріңде тұра тұрсам бола ма» деп қиылды. Мақсат қарсы болған. «Қала тұрсын, күйеуі келіп қалар, екі кеште қайда қуып шығамыз» деп жеке шығарып алып өтіндім.
Содан бері, міне, екі ай өтті, екі-үш күнге деген құрбым менің үйімнің қожайыны боп алды. «Кетсей, күйеуің неге іздемейді» деп ашық айттым. Бірақ солай айтқаным үшін Мақсат мені жақтырмай, қырын қарап жүр.
Соңғы уақытта екеуінің арасында бір жақындық бар сияқты. Мақсат жұмыстан келгенде қылмыңдап, менен бұрын алдынан шығып күтіп алады. «Шаршадың ба, жұмысың қалай өтті» деп қасында ыздиып отырғанын көргенде ашудан жарылып кете жаздаймын. «Мен де жұмыс іздеп, таппай, жаңа келдім, әбден шаршадым» деп көзін төңкеріп, Мақсаттың алдында бейшара боп шыға келеді. «Жұмыс іздеген жоқ, күнімен үйде ұйықтады» десем, бәлеге қалам. «Не болды, құрбыңнан кең үйді қызғанып» деп Мақсат маған ала көзімен қарайды.
«Рауан, бүгін пирог пісірші» деп тапсырма беретінін қайтесің. «Самса жегім келіп тұр» десе күйеуім көлігімен зытып шығып, әкеп береді. «Мақсат, сенің есің дұрыс па, не болды» деп сұрасам, «ұят қой, сәл күн шыдайық, бетіне қарсы келме» деп сытылып кетеді.
Бір күні құрбымның телефонынан күйеуінің нөмірін тауып алып, хабарластым. «Әйелің біздің үйде, екі айдан бері іздеуге жарамадың ғой» деп ренішімді айттым. Сөйтсем ол байғұста кінә жоқ екен. «Ол өзі ұрыс шығарып, ажырасам деп кетіп қалды. Талай мәрте хабарластым, «енді мені іздеме, мен жаңа өмір бастадым, өзімді сүйетін, сыйлайтын адамды кездестірдім» деп нөмірімді блоктап тастады. Менде де намыс бар» деп барлық құпияны жайып салды.
Мынаны естіген соң қақпанға оңбай түскенімді түсіндім. Мақсатты оңаша шығарып алып, болған жағдайды түсіндірсем, «мен оны баяғыдан білем, күйеуі бұны адам ғұрлы көрмей, ұрып-соғады екен, кетпегенде қайтсін» деп тұр ғой. Ашудан қалшылдап, сол жерде ұрыс шығардым. Айтпаған сөзім жоқ, екі айдан бері ішіме сақтап жүрген өкпе-реніштің бәрін ақтарып салдым. Сөйтсем құрбым деп жүргенім «Сен бес жылдан бері Мақсатқа бала сыйлай алмай жүріп, осылай әңгіме айта алам деп тұрсың ба? Аузыңмен құс ұстай алсаң да, тумаған қатынның мәртебесі төмен» деп әңгіме айтты. Ал Мақсатымда үн жоқ...
Үйден кетіп қалам ба, не істеймін? Балалы бола алмай жүргеніміз бір уайым еді, енді мынау қосылып, күйдіріп отыр. Полиция шақырып, үстінен арыз жазып жіберейін десем, күйеуімнен біржола айырылып қалатын сияқтымын. Шет-жағасын ата-енеме айтсам, «өзіңнен бәленің бәрі, құрбыңның қандай адам екенін білмедің бе, үйіңе кіргізіп нең бар» деп өзіме ұрысып тастады. Мұндайда не істеген дұрыс, ақыл қосыңыздаршы маған».