«Ұлым ағамды «ПАПА» деп атайды»: ажырасқан келіншек баласының тәрбиесіне алаңдап жүр

0
5 437

​Балаға мұны қанша жаста түсіндіру керек?


«Ұлым ағамды «ПАПА» деп атайды»: ажырасқан келіншек баласының тәрбиесіне алаңдап жүр

Фото: pbs.twimg.com

«Ұлыма ес кіріп есейген сайын уайымым да қалыңдап жатыр» дейді баласы үшін уайымдаған Гүлзат есімді келіншек.

Айтуынша, бастапқыда ағасы да жиенінің «папа» деп атағанына мәз болған екен. Ал енді ол да ыңғайсызданып жүрген ұқсайды.



Ажырасқан әйелдердің көп жіберетін қателігі туралы Гүлзат ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Мектеп бітірген соң әкем менің дәрігер болғанымды қалады. Таңдауымыз Қарағандыдағы мединститут болды. Жалғыз қызын алысқа жіберу олар үшін қиын болды. Бастапқыда мен де қиналдым. Әке-шешемді, ауылымды сағынып жылайтынмын. Бірақ сол сағынышты күндер маған сабақ болмады ғой, төртінші курста қарағандылық жігітке тұрмысқа шықтым.

Бір-бірімізді сүйдік. Үйлендік. Жұбайлық, отбасылық өмір басталған соң ғана мен әке-шешемнен алыста жүргеніме өкіндім.

Оңтүстік өңірдің салт-санасын кішкентайымнан бойыма сіңіріп өскен маған заңы да, дәстүрі де басқаша отбасыға сіңісу де қиын болды.

Қайынатам да, енем де ішімдікке жақындау. Өлесі мас боп ішпейді, бірақ күнде кешкі аста дастарханда коньяк тұрады. Олар тамақасты деп 20-50 грамм тартып жібереді. Одан бөлек, маған ұнамсыз көрінген тағы бір жайт, енем үйде төстартқышсыз жүре береді. Әрине үстінде көйлегі бар, бірақ бәрібір кәмелеттік жастан асып кеткен үш ұлының көзінше олай жүру ұят қой. Тіпті киімін де ұлдарының көзінше ауыстырудан ұялмайды.

Бұл олар үшін үйреншікті жағдай. Айта берсем, мұндай ерсі қылық пен мен қабылдай алмаған көрініс көп. Мүмкін бұл маған жай сылтау болған шығар. Менен де ағаттық кеткен болар. Білмеймін, әйтеуір үйренісе алмадым.

Үйдің бүкіл шаруасы менің мойнымда. Енем тамақ істеуге де көмектеспейді. Ал қайынатам түскі аста міндетті түрде бірінші және екінші тамақты талап етеді. Әскери қызметте ұзақ жыл істеп, зейнетке ерте шыққан атам күні бойы үйде. Дөрекілеу кісі. Асүйдегі тірлігіме араласады, тамақ піскенше бірнеше рет келіп, дәмін татып көріп «Тұзы кемдеу», «Тағы бір сағат қайнат» деген сияқты сөздерімен жүйкеме тиеді.

Тұрмысқа шыққалы екі жылға жуықтаса да олар мені төркініме жібермеді. Мен кетсем барлық шаруа қараң қалатынын біледі.

Бір күні енем мен күйеуім қарсы болса да төркініме барып келетінімді айттым. «Сағындым, шаршадым, демалғым келеді» деп, кетіп қалдым. Бір жасар ұлымды құшақтап кетіп бара жатқан менен «Жолға ақшаң бар ма?», «Қашан келесің?» деп сұраған ешкім болмады.

Шынымды айтсам, бастапқыда мен бір айдай немесе екі апта ғана болам да, сосын кері қайтам деп ойлағанмын. Бірақ сол келгеннен Түркістан облысындағы Жетісай ауданындағы ата-анамның үйінде қалып қойдым.

Даңғарадай қара шаңырақта әке-шешем және жалғыз ағам тұрады. Олар үшін ұлым екеуміз салмақ болмадық. Өйткені ата-анам да, ағам да қызметте.

Таңнан кешке дейін үйде ұлым екеуміз ғана қаламыз. Қажетті заттың бәрі бар. Бәрі жақсы көреді. «Демалып ал», «Шаршаған шығарсың», «Қандай көйлек керек, жүр дүкенге» деп бәрі бәйек болған, мейірімге толы үйден кім кеткісі келеді дерсіз.

Арада екі апта өтті. Әке-шешем «Жеке өміріңе араласпаймыз. Өзің шеш. Күйеуіңе қайтып барам десең де, осында қалам десең де өзің біл. Қандай шешім қабылдасаң да біз тек қолдаймыз» деді. Ал мен ата-анамның қасынан ұзағым келмеді. Оның үстіне күйеуім де хабарласпады, іздемеді.

Ағам үйленуге асықпады. Әке-шешем менің баламды немересіндей көрді. Оның әрбір тәтті қылығы, бал тілі оларды қуантты.

Ұлымды аудандағы балабақша бердік. Ол күнде бір сөз үйреніп келіп былдырлайды. Бір күні ешкім үйретпесе де ағамды «папа» деп атады. Ол жұмыстан келгенде алдынан «папа» деп жүгіріп шығады. Бұған ағам мәз болады.

Уақыт өте келе ағам да менің ұлыма бауыр басып қалды ма, «Менің балам қайда?» деп іздейді, еркелетеді. Тіпті қасына алып жатады.

Ұлымды мектепке де ағам ертіп барды. Ол демалыс күндері көлігіне салып алып жүреді.

Бірде дастархан басында әкем ағама «Жасың 40-қа келді, үйлен» деді. Ұлым «Мамам бар ғой. Папам неге үйленуі керек?» демесі бар ма?!

Бірінші рет осы кезде ыңғайсызданып қалдық. Не деп жауап берерімізді білмедік. Өйткені кішкентайынан «папа» деп өскен баланың психологиясына жарақат салып аламыз ба деп қорықтық.

Содан бері арада тағы да жылдар сырғыды. Төртінші сыныпта оқитын ұлым бір күні мектептен жылап келді. Бір сыпытасы оған «Сенің әкең жоқ» депті. Бұл кезде де оған қалай түсіндірерімізді білмей қиналдық. Мен «Бұл менің ағам, сені әкең емес. Сенің папаң Қарағандыда тұрады» деп айтып едім, түсінбеді. Ал жақында әкемнің ең кішкентай інісі бала-шағасымен үйге қыдырып келді. Кенже қызы Айдананы жазғы демалыста біздің үйге тастап кетті. Ол баламнан бір жас кішкентай.

Кеші асты ішіп отырғанбыз. Балам «Мен үлкен болғанда Айданаға үйленем» деді. Ағам «Ол сенің қарындасың болады. Туысқандар үйленбейді» деп еді, балам «Менің мамам да сенің қарындасың ғой. Бірақ үйленгенсіңдер, тіпті балаларың да бар» деді. Әкем жөткерінді, ал шешем терең күрсінді. Мен тағы да оған әкесінің басқа адам екенін айтып әурелендім. Бірақ содан бері ұлым менімен сөйлеспей қойды.

Балама шындық айтқаныммен ол түсінер емес. Анам «Ертең ес кіргенде өзі-ақ түсініп алады. Қазір айтқанмен пайда жоқ» дейді. Ол кезде, жасөспірім шақта оған шындық қалай тиеді деп уайымдап жүрмін...»


Гүлзатқа Сіз не деп кеңес берер едіңіз, қадірлі оқырман?!


Ұқсас оқиғалар:


«Ақылсыз әйел жігіттің соры екен»: шымкенттік азамат келіншегі туралы айтып берді


«Анамды күйеу баласы өлтірді»: алматылық келіншек қайғысымен бөлісті