​«Ұлым өзіне қол жұмсады»: баласын құтқарып қалған ана себебін жайып салды

0
1 479

«Бәрі сол ақшадан...»


​«Ұлым өзіне қол жұмсады»: баласын құтқарып қалған ана себебін жайып салды
иллюстрациялық фото ашық дереккөзден алынды


«Қазіргі жастарға қатты сөйлеуге болмайды екен. Сөз көтере алмайды. Қит етсе «өзіме қол жұмсаймын», «кетем де қалам» деп қорқытады. Бұрын мен мұндай сөзге мән бермеуші едім. Жан бере салу оңай ма, оттамасыншы дейтінмін. Бірақ өз балам өзіне қол жұмсамақ болғанда мына дүние төңкеріліп түскендей болды ғой», - дейді Гүлдариға есімді төлебилік ана.


Ұлы өзіне қол жұмсамақ болған Гүлдариға ханымның ERNUR.KZ тілшісіне мән-жайды айтып берді.


«Былтыр дәл осындай уақыт еді. Нұр-Сұлтанда тұратын қызымыз ұлды болып, әкесі, кенже балам, үшеуіміз жолға шығайын деп жатқанбыз. Үйге Алматыда тұратын үлкен інімнің баласы достарымен бірге кіріп келді. Алдыңғы жылы әскерден келген, тұрақты жұмысы жоқ, әрдеңенің басын бір шалып жүр деп еститінмін.

«Жұмыс бабымен Шымкентке келіп едік, сіздерге соға кетейін дедік, әпше» деді. Кешке пойызға шығамыз деп отырсам да дереу шыж-быж жасап, дастарханымды жайып, інімді достарымен қонақ еттім.


«Әпке, керемет бір фирмада істеп жатырмын. Мұнда бәрі заңды, салығын төлеп жатыр. Үй керектерге үй, көлігі жоқтарға көлік алуға болады. Бастапқы жарнасын құйып, кезегіңіздің келгенін күтесіз. Ал егер артыңыздан бес адам әкелсеңіз, онда құйған ақшаңыздың үстіне ай сайын үстеме ақы қосылып, көбейіп отырады. Мен соған достарым арқылы тіркелдім, енді артымнан адам іздеп жатырмын. Сіздер кіріп, ескі көліктеріңізді жаңартып алсаңыздаршы» деді.


Өмірімде мұндай бәлеге жоламаған адаммын. Бұл жолы да жақтырмадым.

«Апыр-ай, қайда жатқан батпан құйрық ол? Жұртты жарылқағаннан оларға не пайда? Қой, айналайын, «тек жүрсең, тоқ жүресің» деген бар. Осы күніме, осы көлігімізге ризамын. Мұндайды жастар жақсы түсінетін шығар достарыңа айтып, соларды кіргізе бер» дедім.


Шай ішіп болған соң інім, екі досы, үлкен балам бізді вокзалға әкеп, астанаға шығарып салды. Ақымақ басым, сол кезде ініме «Басымды бәлеге шатпай, тыныш жүр, осы тойғаныңмен қайт» деп қаттырақ айтпаппын. Біз кеткен соң үлкен ұлымды айналдырыпты ғой.

Балам негізі өте жуас, аңғалдау. «Үйіміз ескі, жаңа үй тұрғызып, жағдайымды жасап алғанша үйленбеймін» деп жүретін. Нағашысының «батып қаласың» дегені құлағына майдай жаққан болуы керек. Інім де қарап қалмай, басын әбден айналдырған. «Менің банкте танысым бар, тауар алды деп несие шығарып береді, ал оны артынан ақшаға айналдырып береді. Сол ақшаны ал да, әлгі фирмаға құй. Үйдегілерге жаңа көлік алғанда бір-ақ айтасың» депті.


Біз жоқта екеуі білгенін істеген ғой. Менің құжатымды пайдаланып, атымнан бір миллион теңге несие алыпты. Сол ақшаны мұртын бұзбай әлгі фирмаға құйып жіберген. Олар «тіркеле сала ақша құйған салымшы» деп қолына алтын комплект ұстатыпты. Балам байғұс соған мәз болып жүре берген ғой. Мұның бәрі біз Нұр-Сұлтанда жүрген он күн ішінде болған.


Үйге келіп, көңіл жайланып, жұмысыма кіріскенім сол-тұғын. Айдың соңында сіңлім той істемек болып, соған бауырлар жүз мыңнан жинайтын боп келіскенбіз. Үйдегілерге «Гүлнардың тойанасын беріп қоя салайық, кіріп кетпесін. Айлықтарыңды беріңдер» дедім. Баламның басы салбырап қалды. «Мен бере алмаймын, айлығыма кредит төлеп жатырмын» деп... Содан үйде айқай-шу. Әкесінің қан қысымы көтеріліп, «Ұрам, өлтірем» деп баласын сабап, мен араға түсіп, азан-қазан болдық.

Өзіміз ішер асқа, киер киімге жарымай жүргенде дап-дардай баланың айдаладағы біреуге бір миллионды ұстата салғаны оңай дейсің бе? Күйзеліске түсіп, бүк түсіп жатып қалдым. «Мен саған осындай болсын деп тәрбие бердім бе? Тауықтың миындай ми жоқ екен өзіңде. Өлгенің артық!» деп ашумен небір сөздерді айтқам ғой.


Ертеңіне балам ұшты-күйлі жоқ. Кеш батты, жұмыстан келетін уақыты болды. Хат-хабар жоқ. Кәдімгідей уайымдай бастадық. Бір уақта бірінші енді барған кенжетайым «Абзал ағам бағана келіп қойған, киімін шешпестен қора жаққа кіріп кетті. Мал қарап жүрген шығар» десін. Жүрегім зу ете қалды. Дереу әкесі екеуміз жалаңаяқ қораға қарай жүгірдік. Асыққанда аяғың да кері кете ме, тиіп тұрған жерге жете алмай, буынымнан күшім кетіп қалса бола ма?


Балам байғұс басына түскен сынақты көтере алмай, өзіне қол жұмсамақ болыпты. Қораның қақ ортасындағы бөренеге жіп байлап, енді асылған екен. Әкесі құтқарып үлгерді. Ақшасы құрысын, атпалдай азаматтан айырылып қала жаздадық қой. Өзімнің де дымым қалмады. Жүрегім парша-парша болып тілінген шығар.


Баламызға жақсы сөзімізді айтып, айналып-толғанып жүріп әрең қалыпқа келтірдік. Ай сайын ішпей-жемей 128 мың теңге төлеп отырмыз. Інімнің баласы да әке-шешесін дәл осылай күйдіріп, бір жарым миллионға «отырғызыпты». Ақша салған фирма ұшты-күйлі жоқ болған. Талай адамды зар қақсатып кеткен. Қазір үстінен іс қозғалып жатыр екен. Күні кеше біз де арыз жазып келдік.


Айтайын дегенім, қазір «кемпір берсең, қыз аласың» деген секілді, тез арада байытып жіберем деген жарнамадан көз сүрінеді. Күніне бір таныстың хабарласып, желілік бизнеске шақыратыны да рас. Ондайлардың біріне де сенбеген жөн. Оңай олжа орға жығатынын ұмытпайық.


Ал енді, болар іс болып қойса, баланың өмірін ақшадан артық қойған дұрыс екен. Әйтпесе соңы орны толмас өкінішке ұрындыруы мүмкін. Сақ болғайсыздар!»