"Жездеміздің намысы жоқ екен": баспана дауына қалған әйел жағдайын жайып салды

0
461

"Үйді қайынапам атына аударып беруді сұрап отыр. Жалғызбасты ана болып, қиналып отырса, қолымыздан келген көмекті жасар едік. Қыз өз үйінен кеткен соң, барған елінің қамын жасамай ма, төркініне алақан жаймай? "


көрнекілік үшін сурет: images.squarespace-cdn.com

"Өзіміз ауылда, қара шаңырақта тұрып жатырмыз. Қалада екі бөлмелі үйіміз бар. Біраз жыл бұрын қайынатам балалары үшін сатып алған екен. Күйеуім, қайынәпкелерім, қайынсіңлім мен қайным бәрі сол үйде тұрып оқыған. Енді барлығы да оқуын аяқтап, жан-жаққа кеткен. Қайынәпкелерім, жалғыз қайынсіңлім тұрмыста. Жалғыз қайным әскерде. Сондықтан, ол үй босқа тұрғанша отбасымызға аз да болса кіріс кіргізіп тұрсын деп студенттерге жалдамалы пәтер ретінде беріп жүргенбіз..."

ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Айкөркем даудың басы осы баспана екенін айтты.


"Қазіргі кезде бір мәселе туындап тұр. Пәтерді жалға алып тұрған студенттер жазда ауылдарына қайтты. Сондықтан, уақытша тұра тұрайын деп үлкен қайынбикем сол жерге бала-шағасымен барып тұрған болатын. Енді сол үйді өз атына аударып беруімізді сұрап отыр. Жалғызбасты ана болып, қиналып отырса, қолымыздан келген көмекті жасар едік. Бірақ, ол кісінің жолдасы бар ғой. Отбасының асыраушысы, мәселесін шешуші тірегі – күйеуі бар. Осылай сұратуға ол да ұялмайды екен. Намыс деген қайда қалды сонда?

Қанша рет қомақты қаражат керек боп қиналған сәтімізде күйеуім "Қаладағы үйді сатайық" деген. Енем екеуміз қарсы болып, сатқызбай алып қалғанбыз. «Аш қалсақ та ол үйді алып қалайық өзімізге, кейін балаларымыз өссе, бір баспана керек қой бәрібір» деген едік. Әйтеуір, әупірімдеп, мәселелерді басқаша шешіп, жақсы болып кеттік.

Әпкеме ренжідім, ал жездемізге ашуым келді. Дап-дайын дүниеге ие болып қала салмақ болған арам пиғылынан жиіркендім. Олай айтуға да арсыздықтың қандай шегі керек екенін түсінбеймін. Мен ол үйді бергім келмейді. Себебі болашағымызға керек үй.

Мен өз ойымды ашық айттым. Ол үйде мүмкін қайынәпкемнің де үлесі бар шығар, өйткені, марқұм қайынатамыз сатып алған. Маған да осыны көлденең тартып, «Сенің ешқандай үлесің жоқ бұл үйде. Таласуға ешқандай құқығың жоқ» деп ұрыс шығарып кетті өткенде. Енем де қызының сөзін сөйлеп отыр.

Қыз өз үйінен кеткен соң, барған елінің қамын жасамай ма, төркініне алақан жаймай? Мен де жетіскеннен күйеуіммен жағаласып жұмыс істеп, балаларымды титтейінен балабақшаға беріп жүрген жоқпын. Соларға бірдеңе болсыншы, қарындары тоқ болып, болашақтары жақсы болсыншы, жақсы өмір сүрейікші деп тырбанып жүрмін ғой. Неге олар да мен секілді өз күндерін өздері көруге тырыспайды? Қазіргі кезде көп қой үй алу үшін ашылып жатқан бағдарламалар. Солардың бірімен тым құрыса ипотекаға да алуға болады , дайын үйге жармаспай.

Сол жағынан қайынәпкем екеуміздің арамызда талай конфликт болды. Тіпті ол мені ұруға дейін барды. Соның әсерінен күйеуім екеуміздің де арамыз алшақтап барады. Басында барлығы түсінер, қалпына түсер деп ойлап едім, бірақ бұл мәселе ушығып барады. Әбден көңілім қалып барады.

Жолдасым «Үйді соларға бере салайықшы, аш құлақтан тыныш құлақ» деп отыр. Жеме-жемге келгенде ол да бергісі келмейді. Бірақ сол жуастығын басынып, көнбістігін пайдаланып қайынәпкем мен жездем де ерегесіп отыр.

«Берсең де, бермесең де сенен сұрамаймын. Кеше ғана келіп алып, маған билігіңді жүргізе алмайсың. Қаласам ол үйді тартып аламын» деп қорқытады. Не істесем болады? Қандай ақыл-кеңес бересіздер?"