«Жігітім мәдениетті түрде тонап кетті»: алматылық бойжеткен алаяққа алданып жүкті боп қалған

0
2 672

«Іштегі баланы қайтерімді білмеймін»


«Жігітім мәдениетті түрде тонап кетті»: алматылық бойжеткен алаяққа алданып жүкті боп қалған
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Алматы деген адамзатқа арман қала. Адамдар осы қалаға келсе ісі оңалып, өз бақытына жолығып кетердей еліреді. Мен де бұл қалаға солай келгем. Тәуір қызметке тұрамын, үй аламын деп армандағам. Бірақ өз ақымақтығымның кесірінен арман-мақсатымның күл талқаны шықты», - дейді Әлсина есімді оқырманымыз.


Ол сүйіктісіне оңбай алданып, қарызға белшеден баттым деген ол жігітімен бірге тұрған кездегі оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Атыраудан Алматыға оқуға түсуге келдім. Қыздар педагогикалық институтында білім алу арманым болатын. Ниетіме жетіп, төрт жылда қолыма дипломымды алдым. Жанымдағы группалас қыздардың көбі елдеріне кетіп жатқанда, үш қыз осында қаламыз деп шештік. Сөйтіп бірігіп бір бөлмелі пәтер жалдап, қаладан жұмыс іздеуге кірістік. Бағымызға орай бәрімізге жұмыс табыла кетті. Арманым Алматының тұрғыны боп қалу еді, жұмыстың табыла кеткеніне шын қуандым.


Құдайға шүкір табысым да жаман емес. Жанымдағы қыздар артық қылықтары жоқ, өте тәрбиелі отбасынан шыққан қыздар, бір-бірімізге апалы-сіңлілердей болдық. Бойжеткен қыздар болған соң құрбыларымның араласатын жігіттері болды. Бірақ ешқайсымыз жігіттерімізді үйге кіргізген емеспіз. Жігіттерге кездесуге шығамыз, кейде бірге қыдырамыз, бірақ одан артыққа барған емеспіз. Үш қыздың ішінде менің жігітке аса жұғымым жоқ болатын. Студент кезде де жарытып жігітпен жүрдім деп айта алмаймын. Дос қыздарым мені түрлі жігіттермен таныстыруға тырысып жүретін, бірақ ешқайсысын ұнатпадым.


Бірде жұмыстан үйге қайтып бара жатып таксиге отырған едім. Жол-жөнекей таксист жігітпен танысып, жақсы тіл табысып кеттік. Үйленбеген, бойдақ екен. Менен екі жас үлкен боп шықты. Мекен-жайымды түскен кезімде, жұмыс орнымды көлігіне мінерде біліп алған, күнде күтіп алып, шығарып салып жүрді. Аз ғана уақыттың ішінде оған қалай бауыр басып қалғанымды да білмеймін.


Сол жігітпен кездесіп жүрген уақытта бірге тұратын екі қыздың бірі тұрмысқа шығатын болды. Бәріміз оны ұзатып, тойына барып, мәз-мейрам болдық. Екі айдан соң екінші құрбым туған қаласына көшетін болды. Анасының денсаулығы жарамай қалыпты. Сөйтіп жалдамалы пәтерде бір өзім қалдым.


Осы сәтті пайдаланып, жүріп жүрген жігітім бірге тұруға ұсыныс жасады. «Мен сені сүйемін, өзіңді кездестіргелі өмірлік жарым сен екенін нақты түсіндім. Бірге тұрайық, жас емеспіз, жағдай тура келгенде үйленеміз» деп тәтті сөздеріне қалай көнгенімді білмеймін, көп ұзамай азаматтық некедегі күйеуіме айналып шыға келді.


Жігітті ессіз сүйіп қалғанымды кейін ұқтым. Ғашықтықтан оның оғаш қылықтарын мүлдем байқамаппын. «Көлігім бұзылып, жұмысым өнбеді» деп жылайды да отырады. Ақырында пәтердің ақысын да мен төлеймін, күнделікті тамақты да мен аламын. Күнде «такси боламын» деп кетіп қалады, бірақ әкелген бір наны жоқ, түнде келеді. Уақыт өте келе мен жігітімнің өтірікші, жалқау екеніне көзім жете бастады. Бірақ өзіме ойыма сенгім келмеді. «Алаяқ болса осы уақытқа дейін менен кетіп қалар еді, асып-тасып жатқан байлығым жоқ қой» деп өзімді іштей жұбатып қоятынмын.


Ол бірде Өскеменде тұратын анасы ауырып қалғанын айтты. «Әлсина, ақшаң болса қараса тұршы, Өскеменнен келген соң бәрін қайтарып беремін, досым қарыз еді, екі аптада тауып берем деп тұр» деп менен әжептеуір ақша алып кетті. Анасына жаным ашып мен қолымдағы барымды бердім. Ақшаны алған соң ол біраз уақыт хабарсыз жоғалып кетті. Телефонына хабарласамын, үнемі сөндірулі. Әбден ашуым келді. Бірақ екі апта өткеннен кейін қайтып келді. Ол келе салысымен маған хабарласудың ыңғайы келмегенін, анасы сауығып қалғанын айтып сендірді. Қолында ауылдың айран-сүті, қаймағы, құрты болғасын оның сөзіне имандай сендім.


Ерлан екеуміз тағы да бір айдай бірге тұрдық. Күнде аһ ұрып жатып қалады. Мазасы жоқ, бұрынғыдай күлмейді, әзілдеспейді. Бір күні шыдамай жағдайын сұрадым.

«Әлсина, мына жүріспен қашан үйленіп, қашан той жасайтынымды білмеймін. Әке-шешемнің жасы келген, бір зейнетақыға қарап отыр. Бауырлардан да қайран жоқ, өздерінен артылмайды. Ал менің тірліктен жолым болмай жүр, көлігім бір күн жүрсе, екі күн тоқтап қалады. Мүмкіндігім болғанда сатып жіберіп, үстіне ақша қосып жаңартар едім» деп жыларман болды. Аңқау сорлымын ғой, оның жылай сөйлегеніне шын сеніп, ертеңіне банктен несие әпердім. Ол сол күні діттеп жүрген көлігін алып, «Жаным, рахмет, енді осы көлікпен Өскеменге жолға шығамыз, ата-анаммен таныстырамын, сенің еліңе құда түсіп барады» деп лепіртіп қойды.


Бірақ сол күні кешкісін жұмысқа кеттім деп шықты да, сол бойы үйге келген жоқ. Алғашқыда бірдеңеге ұрынып қалды ма деп уайымдағам, қазір оның нағыз алаяқ, альфонс екенін ұқтым. Жігімнің мені тақырға отырғызып кеткені былай тұрсын, одан жүкті екенімді білдім. Елге қарайтын бетім жоқ, күйіп-пісіп отырмын. Жас қыз, мектепті енді бітірген бойжеткен болсам мейлі, ақыл-есім толыққан адам болсам да айдаладағы танымайтын біреуге оңбай алданып қалғанымды қарашы. Болған жағдайды Ақтөбедегі әпкеме айтып бердім. Кеше Алматыға келіп, полицияға әлгі жігіттің үстінен арыз түсірейік деп отыр...»