​«Жолда ойым бұзылды»: Түркістандық ана келінін өзі алып қашқан

0
4 466

"Балама оған келіншек әкелгенімізді айтпадық..."


​«Жолда ойым бұзылды»: Түркістандық ана келінін өзі алып қашқан

Кейде бақытты отбасын құру үшін кішкене батылдық жетіспей жататыны бар. ТҮркістан облысының тұрғыны, бүгінде 81 жасқа толып отырған әулеттің анасы бір келінін өзі алып қашып келген. Бұлай жасауға не себеп болғанын көпбалалы ана ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген болатын.

- Екі жасты қосудың, оларды бақытты шаңырақ етудің ешбір сөкеттігі жоқ. Кейде бірін бірі ұнатып жүрсе де сонысын білдіре алмайтындар болады. Көпті көрген болсаң сырттай қарап отырып екеуінен нағыз берекелі, сүттей ұйыған отбасы шығатынына көзің жетеді. Мен де сол байқадым, - дейді бүгінде 5 келін түсіріп, үлкен әулеттің қазынасы болып отырған Әпиға әжей.


Әжейдің айтуынша, үшінші баласы жас кезінде ұяңдау болыпты. Жасы келгенше жүріп, өзінен кейін інілері үйленуге даяр болғанда да ол қыз біткенге сөз айта алмаған көрінеді.

- Жолдастарына айттым, олардан қайран болмады. Жеңгелері де қарық қылмады. Бұрындары қайындарымызға қыз тауып беріп, сөйлестіріп, қосылуларына мұрындық боп жүруші едік. Кейінгі келіндер ондайға епсіз бе, қайдам.

Сөйтіп жүргенде әкем қайтыс болып төркініме жиі бардық. Жаназасы, жетісі, қырық күндік асы, арасында өзіміз барып құран бағыштап қайтамыз. Сондай кездері көлігімен әлгі бойдақ балам алып жүрді. Төркінімде көршінің қызы көзіме түсті. Әп-әдемі, ол да ұяң қыз екен. Ауылдағы немере келінмен құрбы көрінеді, шаруаға көмектесіп жүрді. Байқаймын, балам оған қарағыштай береді. Ол да көзінің қиығымен сүзіп өтіп кетіп жатыр баламды.

Қайтар жолда балама сол қызды айтып едім, келер жолы ауылға бармай қойды. Көршінің қызын айтсам, қызарып шыға келеді. Басқаларға өйтпейтін. «Қызара бермей ап келмейсің бе енді?» десем әңгімеден қашады. Одан кейінгі екі ұлым да «апа, қашан әкелейік?» деп жалмаңдап тұр. Қашанғы шыдайын?

Келер жолы ауылға барғанда әлгі қызды шақырып алдым да, «балама тұрмысқа шығасың ба?» деп төте сұрақ қойдым. Қараторылау қыз еді, бет-жүзі күреңітіп кетті. «Жоқ» демеген соң түсінікті болды, оның үстіне үйдегі келін де маған қарап алыстан бас изеп, қыздың көңілі барын байқатты.

Сол барғанымда балалар жұмыста болып, бойдақ балам әрдеңені сылтауратып ауылдағы бір жолдасының көлігін жалдап берген. Үйдегі немерем екеуміз ғана едік. Ағамның келініне «көршінің қызын дайындай бер, баламды жіберем бір күні» дедім. Ол да «ертең жол жүруі керек еді, ала кетсеңізші, барғанша сөйлесіп барасыз» деп сол күні көлігімізге салып жіберді қызды.

Орта жолға келгенде ойым бұзылды. «Неге мына қызды үйге апара салмаймын? Ана балаға сенсем тағы бес жыл жүрер» дедім де айлаға көштім. Жолдан дүкенге кіріп ауыр заттар алдым да, есіктің алдына қойып шопыр баланы шақырдым. Ол жаныма келгенде білдірмей ана қызды алып қашатынымызды, өтірік брдеңе ойлап табуды бұйырдым. «Ой, апам-ай! Ойлап таппайтыныңыз жоқ» деген ол айтқаныма көніп, қызды түсіріп кететін жерден емес, басқа жақпен айналып жүрді.

«Көлігім бұзылып келе жатыр. Апа, ауылдас қызыңызды сосын жеткізіп тастасам бола ма, алдымен үйге соғу керек боп тұр» деп ол да тауып кетті.

Не керек, төтесінен апарып көлікті қақпадан бір-ақ кіргіздік. Шопыр бала көлікті күзетіп тұрғанда мен тапырақтап үйге кіріп орамалды алып, қолдағы келінге ескерттім. Сөйттім де, көлікте отырған қызды орамал жауып түсіріп алдық, - деп күле еске алды әжей өз оқиғасын.


Басында түсінбей қалса да қыз болашақ енесіне аса қарсылық та көрсетпепті.

- Көзі бақырайып, қорқып кетті. Сосын менің сөзіме еріп кете барды. Келінді түсіріп алдық та, баламды шақырдық. Оған бірден айтпадық. Келген соң үйде отырған болашақ келіншегін көргенде шошып кетті. Әп-сәтте ауылдастар жиналып, тойға дайындықты бастап жібердік. «Апа, сіздікі дұрыс па? Апа, бұныңыз не?» деп ыржалақтай берді. Өзінің қуанып тұрғанын сезіп тұрмын.

Міне, осылай үшінші келінімді өзім алып қашып әкелгенмін, - деген әжей әңгімесін де көңілді аяқтады.


Қазір сол ұлы мен келіні бес перзент сүйіп, бір рет те сөзге келмей ауылының өнегелі отбасыларының бірі болып отыр екен.

«Расын айтайын, басқа келіндерім мен ұлдарым ара-тұра жанжалдасып қалады. Ал ол екеуі үйленгендеріне 24 жыл болды, бір рет те кесе сылдыратқан емес. Қашан көрсең екеуі жымияды да жүреді. Ол екеуі үшін мүлде уайымдамағанмын. Әр балаңның отбасы сондай болса, қанекей, шіркін?!», - дейді өзі алып қашып әкелген келініне көңілі толған ана.

(суреттердің мақалаға қатысы жоқ, көрнекілік үшін интернеттен алынды)


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Тіс көрсем біреу қайтыс болады»: Ақтаулық бойжеткен өзінің түсінен қорқатынын айтты


«Қазір базарда жүрмес едім»: Шымкенттік келіншек ағасына жол бергеніне өкінеді