"​Жолдасымды өз достары "КҮШІК КҮЙЕУ" деп кемсітетін": түркістандық келіншек замандастарына ренішін айтты

0
968

Ата-бабамыз мұндай күйеу балаларды «Күш күйеу» деп мәртебесін жоғарылатқан екен...


Сурет drive2.ru сайтынан алынды

"Ата-анама Құдай бірыңғай қыз беріпті. Мен - алты қыздың екіншісімін. Үш жыл бұрын тұрмысқа шықтым. Аллаға шүкір, отбасылық өмірде тату-тәттіміз. Тек көңіліме қаяу түсіретін бір нәрсе бар. Күйеуімді дос-жарандары «күшік күйеу» деп қағытады. Әзіл-қалжыңмен айтқан болып күліп жатқанын бір отырыста естіп қалдым. Өз көңіліме тигені бір бөлек, күйеуімнің қалай қабылдағанын ойлап екі есе жаман болдым" дейді басындағы жайын ERNUR.KZ тілшісімен бөліскісі келген түркістандық келіншек.


"Күйеуім төркініме барып ата-анама көмектеседі, соны айтқандары-ау деймін. Ата-анамның ұл перзенті болмағандықтан, үйдегі құрылыс, жөндеу жұмыстары, егіс жинау сияқты шаруаларды әкем жалғыз өзі істеуге мәжбүр. Бұрындағы аға-інілері, олардың балалары келіп жәрдем қылатын. Қазір бәрі отбасылы, жұмысбасты, әркімнің өз шаруасы бар. Сондайда жалғыз өзі екенін ескеріп күйеуім көмекке барады. Ал әпке-жездем Шымкентте тұрады, олар жиі келе алмайды.

Әке-шешемнің ауырлау жұмыстарын істеп беріп жатқанына ата-енем ештеңе демейді. «Үйде де істеп жүрген жұмысы ғой, үлгерсе, бара берсін» дейді. Бір ауылда тұратын болғасын бәрін көріп-біліп, түсініп отыр ғой. Тек соны достары шын түсінбей ме, әлде қағытпа қылатын себеп керек бола ма, әйтеуір тілдеріне тиек ете береді.

Негізі, біле білген адамға күйеуімнің бұл ісі мүлде күшік күйеулік емес. Керісінше, ата-бабамызда мұндай күйеу балаларды «Күш күйеу» деп мәртебесін жоғарылатқан екен. Оны көбісі біле бермейтін сияқты.

Қазақ халқы тарихта өзгелерге адамгершілік пен ізгілік танытудың ақылға сыйымды, көкейге қонымды сан түрлі айла-тəсілдерін тапқан. Сондай тамаша тəсілдердің бірі – «күш күйеу» екен" деген Гүлжайнаның бұл әңгімесі көпшілік біле бермейтін тың ақпарат болды.

«Күш күйеу» деп қыз перзенттері болғанмен, түрлі шаруашылық жұмысына қарасып-қайырылысар ер-азаматы жоқ қарт кісілерге қарайласқан күйеубаланы айтқан. Бұрындары тіпті «күш күйеуді» қайыната-қайыненелері өз үйіне кіргізіп алған немесе жақын жерден өз алдына отау көтеріп беріп, жанында ұстаған. Бұл туралы «Тал бесіктен жер бесікке дейін» кітабында былай жазылыпты.

«Жоғарыдағыдай жағдайлар кездессе, қолы қысқа, əл-ауқаты төмен, үйленіп бас құрауға шама-шарқы келмейтін, кісілігі жоғары, адал, арлы азаматтарды өз үйіне күш күйеу етіп, қалыңмал төлетпей-ақ кіргізіп алады немесе жігіттің ата-анасы қызы бар үйдің қолына кіргізіп береді.

Бұл салт адамдарды селбестікке, ізгілікке, береке-бірлікке баулиды. Өзара көмектесіп, қарасып-қайырылысып, адамдық өмірді мəн-мағыналы өткізуге дағдыландырады. Бірінде жоғын екіншісі толықтап, басқа түскен қиындықты тең көтеріп, қайғы-қуанышта бір жағаданбас, бір жеңнен қол шығаруға баулиды.»

Қазір біз сондай жағдайдағы ер-азаматтарды күшік күйеу деп, іске алғысыз, нашар санап, намысын таптайтын сөздер айтамыз ғой. Негізінде күшік күйеу болу да соншалықты жаман іс емес екен.

Ал менің жолдасым төркініме барып тұрып жатқан жоқ қой. Өз әке-шешесімен бірге, туып-өскен үйінде тұрады. Өз алдына жұмысы, отбасын асырауға жетерлік табысы бар. Тек қайынжұртына уақыт тауып, ауырлау деген шаруаларға көмектесіп жүреді. Оны неге сонша келемеж қылады, түсінбеймін. Өз ата-анаңа жасаған жақсылықты жарыңның ата-анасына жасауға аянып қалу керек пе сонда? Мұнысы қайта риза болып, арқасынан қағуға тұрарлық іс емес пе? Сіз қалай ойлайсыз?"