АДАМды қанша уақытта толық ТАНУға болады?

0
5 719

Адамды тану үшін сізге қанша уақыт қажет?


АДАМды қанша уақытта толық ТАНУға болады?

Фото: i.pinimg.com

Адамды бір көріп-ақ қандай екенін айтып беремін дейтіндер бар. Алғашқы кездесуден соң-ақ мінездеме беріп, бүкіл болмысын болжап тастайтындар да кездеседі. Ал психологтар адамды тану үшін тіпті 6-7 айдың да аз болатынын айтады.


Даналарымыздың «Біреуді қатты мақтама, жаман қылығын көргенде жамандауың қиын. Біреуді асырып жамандама, шарапатын көргенде мақтауда қиналасың» деген сөзі де адамды тану үшін көп уақыт қажет екенін меңзейді.



НЕГЕ АЗ УАҚЫТТА АДАМДЫ ТАНУ МҮМКІН ЕМЕС?

Өйткені эмоциясыз адам жоқ. Ал эмоция жағдайларға байланысты күніне мың құбылады. Біреу туралы пікір қалыптастырарда оның сол кездегі эмоциясына ғана емес, жағдайға да назар аударған жөн.

Осы орайда бір мысалды тақырыпқа тұздық етейік.

Фото: i.pinimg.com

МЫСАЛ: Бір қарияның төрт ұлы бар екен. Ұлдарын кішкентай кезінен бастап ақымақтықтан, аңғалдықтан ғана емес, адам тануда қателесуден де сақтандырып тәрбиелейді. Алайда терт ұлы ержетіп үйленгенде де, бала-шағалы болғанда да көп қателік жібереді. Олар өмір бойы әкелерінің нені ұқтырмақ болғанын түсінбеген екен.

Қойдың жасындай қысқа емірі қалған қарт әке ұзақ жыл бойы ұлдарына негізгі айтпақ болған ақылын ұқтыра алмағанына күрсінеді. Ұлдарының санасына «қондырмақ» болған өмір сабағын қалай қысқа әрі ұғынықты етіп түсіндіріп үйретудің жолын іздестіріп көп ойланады.

Көп ойланып тапқан бір амалды қолданып көрмек боп төрт ұлын шақырады. Елден жырақта орналасқан тамаша бір алып ағаштың бар екенін айтады. Ол алып ағашты әбден әсірелеп бейнелейді. Ондағы ойы ұлдарын сол ағашты көруге қызықтыру болатын. Бірақ ол кәдімгі ағаштардың бірі еді.

Алдымен алып ағашты көруге ынтыққан ұлдарының үлкенін жібереді. Үлкен ұлы оны тамашалап келген соң арасына уақыт салып, келесі баласын жолға шығарып салады. Осылай төрт ұлын да алып ағашты көруге жібереді.

Қарт әке о дүниеге аттанар сәті жақындағанын сезеді де бір күні төрт ұлын алдына шақырып, алып ағаш туралы сұрайды.

Үлкен ұлы әлгі ағашты көріксіз, жапырақсыз, қатқан бұтақтары жан-жаққа тарамдалған, бейне бір өлі ағаштай сипаттапты. Осы кезде әңгімеге араласқан екінші ұлы: «Жоқ. Мен ағамның бұл сөзімен келіспеймін. Мүмкін ағам жолдан адасып басқа ағашты көріп қайтқан шығар. Менің көргенім жасыл желек жамылған әдемі ағаш. Өзге ағаштардан айырмашылығы жоқ сияқты, бірақ ағам айтқандай өлі емес, тірі, жап-жасыл боп жайқалып өсіп тұр», - дейді.

Екі ағасының сөзін бөлген үшінші ұл: «Тек жап-жасыл деу қате, өйткені жасыл жапырақтарынан алқызыл әдемі гүлдері көп қой. Ағаштың сол гүлдерінің аңқыған керемет жұпар иісі мен алыстап кеткенше мұрнымнан кетпеді», - дейді.

Таң-тамаша боп тыңдап отырған кенже ұл: «Сендер сонда қалайша ондағы самсап тұрған, уылжыған тәтті жемістерді көрмедіңдер? Мен тіпті, ол ағаштың жемісін теріп жедім ғой. ӘЛде біз төрт түрлі ағашты көрдік пе?», - дейді әкесіне бұрылып.

Ұлдарын мұқият тыңдап отырған қарт: «Төртеуіңнің көргендерің бір ағаш, тек әрқайсысың жылдың әр мезгілінде бардыңдар. Ал ағаш жылына төрт рет түлейді. Ағаш қана емес, тіршіліктің әрбірі осылай ауа райына байланысты өзгеріп отырады. Сол секілді адамды да бір сипатына қарап не бір жағдайда көрсеткен мінезіне қарап бағамдап, түсінік қалыптастыруға асықпау керек. Біреу туралы және әлдеңе жөнінде пікір түюге, шешім шығаруға асықпаңдар» деген екен.


НАҚТЫ ҚАНША УАҚЫТ КЕРЕК?


Фото: content.thriveglobal.com

Адам жерде жүреді, ауамен тыныс алады, су ішеді, отпен үйін жылытып, күнделікті шайын қайнатып, тамағын пісіруде пайдаланады. Табиғаттың осы төрт стихиясы, яғни – жер, ауа, су, от, әр адамның бойында бар. Сондықтан да адам мінез-құлқында осы төртеуі алмасып кеп отырады. Демек адамды бір жағдайдағы эмоциясына қарап тану мүмкін емес. Екі-үш рет кездескеннен соң ол туралы болжам жасау да шатастырады.


МЫСАЛ: Дүкеннен қалбырдағы кофе ұнтағын сатып алдыңыз делік. Оның дәмі жақсы немесе жаман екенін ішіп көрмей айту – тек болжам ғана. Сатушының мақтағанымен, құрбыңыз жамандағанымен сіз кофені ішіп көргенде ғана оның қандай екенін нақты айта аласыз. Ал оның дәмін білу үшін кофе ұнтағын (жер элементі) суға саласыз (су стихиясы). Содан кейін отқа қойып қайнатасыз (от элементі). Дайын болған кофенің иісі (ауа стихиясы) тәбетіңізді ашып, ішесіз.

Адамды да осы мысалдағы кофеге ұқсатуға болады. Адам табиғатына сай от та, су мен ауа және жер де бола алады. Осы төрт түрлі эмоциялық күйін көргенде ғана оның қандай адам екенін білуге болады. Әрине ол үшін онымен бірге бір жыл тұрып көру керек.

Бір жылдың ішінде адам түрлі жағдайларды басынан өткізеді. Әр жағдайдағы эмоциясының жиынтығын саралағанда ғана оның жақсы немесе жаман екенін нақты айтуға болады. Ал оған дейінгінің бәрі тек болжау.


Болжам жасау мен нақты айту – екеуі екі бөлек. Олай болса, толық танымайтын адам туралы болжам жасаудан аулақ болыңыз дейді психологтар.


Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ӨМІР СҮРГІҢІЗ КЕЛМЕЙ жүр ме? Көр қазушылар "көмектесе" алады


БАСТАҒАН істі АЯҚТАУҒА көмектесетін ӘДІС