Адамның жазу үлгісіне қарап қандай ПСИХОДИАГНОЗ қоюға болады?

0
10 410

23-қаңтар – бүкіләлемдік «почерк» күні. Осы атаулы күнге орай, назарыңызды қасыңыздағы адамдардың жазу үлгісіне аудартқымыз келеді.


Адамның жазу үлгісіне қарап қандай ПСИХОДИАГНОЗ қоюға болады?

Кез келген адамның жазу үлгісіне қарап оған мінездеме беруге болады дейді психологтар. Ал графология мамандары әріптердің қай бағытқа қарап қисайғанына көз тастап-ақ оның иесінің қисық, қыңыр мінезін аңғару қиын еместігін айтады.


Әрине, жазу үлгісі арқылы адам болмысына толық психодиагностика жасау қолжазбадағы 200-ге жуық графологиялық белгіге терең үңілуді, арнайы білімді қажет етеді. Ал біз кез келген адамға үйрену оңай негізгі бес белгіге ғана анықтама береміз. Бұл арқылы негізгі мінез ерекшеліктерін ғана біле аласыз.


Негізгі 5 элемент

  • Бағыты
  • Қозғалысы
  • Пішіні
  • Көлемі
  • Қысым, күш



ҚАЛАЙ ҚАРАЙ КӨЛБЕУ ҚИСАЙҒАН?

Қолжазбаға анализ жасауда графологтар ең бірінші әріптердің бағытына, яғни қалай қарай қисайғанына назар аударады. Адамның көңіл күйіне қарай әріптердің бағыты құбылып отыруы әбден мүмкін. Сондықтан бір бет мәтіндегі әріптердің көбісі қай бағытқа қисайғанына қараған жөн.


Оң жаққа көлбеу қисайған: Жазу ережесі бойынша әріптерді оң жаққа қарай шамамен 30-45 градуста көлбеу жазу керек. Бұл адамның қалыпты «сау» мінезін білдіреді. Тәртіпке бағынатын, келісімге келе алатын, көп ортасында ұстамды, ашық, ой-пікірін жағдайға байланысты өзгерте білетін адамдарға ортақ жазу стилі бұл. Бастауыш сыныпта мұғалімнің көркем жазуда үйрететіні де осы.


Оң жаққа қатты иілген әріптер: көнбіс, сөзге ергіш, айтқанға тез көнетіндердің жазу үлгісі.


Солға қарай иілген әріптер: көбіне солақай адамдар солға қисайтып жазады. Бұл қалыпты.


Солға қарай қатты қисайған әріптер – тұйықтық, өз сезімдерін сыртқа шығармау, оқшаулану, қырсықтық, кертартпа, кежірліктен хабар береді. Топ ортасында қырық кісі бір ойды қолдаса, жалғыз өзі бір жақ болып келіспейтіндер осы – әріптерін шалқайтып жазатындар.


Түзу, тік әріптер – сезімі мен ақылын тең ұстайтындардың жазбасындағы әріптер. Дана Абай атамыздың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» дегеніндей, бұл адамдар қиындықта еңсесі түсіп еңкейіп кетпейтінімен, қуанышта шалқақтамайтынымен ерекше.



ҚОЗҒАЛЫСЫ ҚАНДАЙ?

Парақ бетіндегі жазбаның бағытын анықтау үшін бір-екі сөйлем жеткіліксіз, бір-екі бет жазба қажет. Сондай-ақ жазба жолағы жоқ параққа жазылуы керек.


Мәтіндегі жазбаның соңы жоғары қарай бағыт алып аяқталса: бұл жазба иесі оптмистік көзқарастағы адам.


Мәтіннің соң жағы төмен қарай бағыт алып аяқталса: бұл пессимзмді білдіреді.


Түзу, бір қалыпты бағытта жазылып аяқталса: бұл салмақтылық, ұстамдылық белгісі.


Толқынды жазу: адамда қулықтың басымдығынан хабар береді. Арсыздық пен ұятсыздыққа да барудан тайсалмайтындардың жазбасында көп кездеседі.



КӨЛЕМІ

Өте майда: Өте ұстамды, эмоцияларын ноқталап ұстайтын адам. Өзіне сенімсіз, ішкі комплекстері бар.


Үлкен әріптер: қызыуқандылық, лидерлік, кеңпейілділік, ашықтық.



ӘРІПТЕР ПІШІНІ

Жазылған мәтіндегі «о», «с», «з», «е», «а», «ө» секілді құрсау, жартылай құрсау элементтері бар әріптерге, «д», «ң», «қ», «у» секілді «құйрықты» әріптерге назар аударсаңыз, олардың пішінін әркім әртүрлі жазатынын аңғаруға болады.


Дөп-дөңгелек: мейірімділік, жайлы мінез, түсінігі мол, жұмсақ.


Қырлы: интеллект, жаңаны үйренуге құмарлық, бәсекеге құмар, тәуелсіз, белсенді, қатал, қатаң, дау-жанжалға жақын адам.


Қолы дірілдеп отырып жазған сияқты ирек, вибрациялы сызықтар: эмоциональдық тұрақсыздық пен психикалық ауытқудан хабар береді. Бұл сонымен бірге бұндай жазба иесі спиртті ішімдікке жақын болуы да мүмкін.


Кей әріптері баспа әріптеріне ұқсас қолжазба: жаңа көзқарасқа, жаңашылдыққа ұмтылыстың, талаптанудың жоғары деңгейінің белгісі.

  • д, з, у, ц, щ, қ, ң әріптерінің «құйрығы» жай таяқша түрінде жазылса, оның иесі өтірікті, жағымпаздануды жақтырмайтын тік мінезді.
  • Жіңішке болса: өте сақ, мақсатшыл, отбасына, махаббатқа тұрақты.
  • Ұзын әрі кең: материалдық қажеттіліктерге және жан рахатын жоғары қоятын, жалғанды жалпағынан басып өмір сүргенді қалайтын адам.


ҚАНШАЛЫҚТЫ КҮШ ТҮСІРІЛГЕН?

Қысым сала, күш түсіре жазу – өмірілк қуатты аңғартады. Жұмысқа қабілеттілік, еңбексүйгіштік, табандылық, жігерлілік белгісі. Көппен тез тіл табыса алатын, жұмыстың кез келгенін білек түре кірісіп атқаратын адам.


Жеңіл: нәзік, сезімтал, ұяң, ұялшақ.


Орташа: ішкі әлеміне көбірек көңіл бөлетін, рухани құндылықтарға көп мән беретін адам.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ж. Нұрабайқызы,

«ERNUR.KZ»


Тағы да оқыңыз:


"БАСТАЙМЫН" деп әлі жүрсіз бе? Мына КЕДЕРГІДЕН өтсеңіз болды


ТУЫСТАРМЕН қарым-қатынасыңыз ҚИЫНДАП кетсе, жақсартудың ОҢАЙ жолы бар