Ағаштар сияқты «жапырақтарыңызды» тастайтын уақыт келді

0
6 206

Күз мезгілі жапырақ түсін ғана емес, адамның көңіл күйін де өзгертеді. Неге?


Ағаштар сияқты «жапырақтарыңызды» тастайтын уақыт келді

Неліктен күзде адамға мұң, тұнжырау, торығу, жабырқау, түнеру, түңілу, сағыныш, шаршау сезімдері жақын? Бұл жөнінде психологтар не дейді? Күзгі көңілсіздіктен құтылу үшін не істеу керек? Көңіл күйдегі мұндай өзгеріске мән бермеу несімен қауіпті?

Күзде неге көңілсіз адам көп?

Алдымен, күзде неге көңілсіз адамның көбейетінін анықтап алайық. Күз мезгілі басталысымен, айналамда көңілсіздер саны артады. Бір ақын жігіт айтпақшы:

«Сыртқа шықсам сарғайған күзді көрем,

Жүдеу жүзді сонан соң қызды көрем».

Мұңлы, тұнжыраған адамдар. Күз мезгілінде бәрі болмаса да, адамның көбісі осындай бір күйге түседі. Неге? Нақты білерім, бұл ұлтқа, тұратын жерге байланысты емес. Өйткені, қазақ, орыс, шетел ақындарының – бәрінің күз тақырыбындағы өлеңдерінің ішінен көңілдісін, жұлқынып билейтінін таба алмайсыз. Мейлі, «Кәрі адам күрсінгіш, күңіренгіш келеді. Сондықтан оның күз туралы ғана емес, барлық өлеңі сондай» дейтін боларсыз. Бірақ жас ақындардың да күз туралы өлеңінің барлығы дерлік мұңға толы. Келісесіз бе? Әлде, көңілді күз туралы ақын өлеңін атай аласыз ба?

Бұл адам – табиғаттың ажырамас бір бөлшегі екендігін, көңіл күйінің табиғат мезгілдерімен тығыз байланысты екенін аңғартса керек. Анығырақ айтқанда, елемеймін дегенмен, отбасындағы «атмосфера» ондағы адамдардың көңіл күйіне әсер етпей қоймайтыны секілді, табиғаттағы құбылыстар, ауа райының өзгеруі (ыстықтың салқынға алмасуы) адамның тәніне ғана емес, жанына да әсер етеді деген дұрыс шығар. Ал, арнайы мамандар күздегі мұңды немен байланыстырады?

Пихологтардың пікірінше бұл сары түспен байланысты


фото: kartinkijane.ru

Психологтар күздегі көңілсіздікті ауа райымен емес, сары түспен байланыстырады. Адам психологиясының нендей жағдайда екенін білу үшін, психолог мамандары 7 түстің бірін таңдауды ұсынады. Өзін-өзі іздеп таппай жүрген, өміріне өзгеріс енгізуді қалаған адам сары түсті таңдайды дейді. Жалпы, психологияда сары түс – ескерту, қауіп белгісін білдіреді екен.

Күзде барлық ағаш жапырақтары, өсімдіктер сарыға боялып, жерді алтын түс жабады. Көктем мен жаз айларындағы қызылды-жасылды, түрлі түсті гүлдер, өсімдіктер біркелкі түске – сарыға айналғанда, адам өз бағытын жоғалтып алғандай күй кешетін көрінеді. Мән-мағына жоғалғандай сезінеді.

Мысалы, табиғаттағы жасыл түс – қысы-жазы бір түстегі шыршаға ұзақ көз алмай қарай аласыз. Сол сияқты көк түске – аспанға да, аққан суға да қарап отыра берерсіз. Ал, табиғаттың сары түсі – күнге ұзақ қарай аласыз ба? Ал, үш ай бойы айналаңыз сарыға боялып жатса, әрине бұл психикалық «жарылысты» туғызуы әбден мүмкін.

Сары түстің жағымсыз әсерін дана ата-бабамыз әу баста, психология мамандығы жоқ кезде-ақ білген. Мысалы, қазақта «сары уайым» деген сөз тіркесі бар. Неге ол уайым көк немесе қызыл емес? Сары!

Медицинада да сары түске байланысты жағымды жайт жоқ сияқты. Көздің, терінің, тырнақтың сарғаюы – кеселдің белгісі боп саналады.

Дегенмен, күзгі күйзелістің басқа да себебі көп болар. Бұл туралы білетініңіз болса, «коментарий» жазып, ойыңызбен бөлісіңіз. Меніңше, күзгі күйзеліске көбіне жаны жараланғыш, нәзік, сезімтал адамдар түседі.

Күзгі көңілсіздіктен құтылу үшін не істеу керек?

Егер, күзгі күйзеліске түсіп жүрсеңіз, онда оған немқұрайлы қарауға болмайды. Не істеу керек? Табиғатқа қарап, ағаштардан үлгі алу керек!

Қалай? Айналаңызға қараңызшы, ағаштарда не өзгеріс орын алып жатыр?

Күз келісімен ағаштар қысқы суыққа дайындықты бастайды. Фотосинтез, газ алмасу, буландыру, қор жинау, тыныс алу қызметтерін атқаратын жапырақ құрамындағы қоректік заттарды бұтақтары мен тамырының бойына сіңіреді. Анығырақ айтқанда, қоректік заттар жапырақтардан бұтаққа, діңі мен тамырына баяу жылжиды да, қатты суыққа төтеп бере алатындай қор жинайды.

Қоректік, пайдалы заттарынан айырылған жапырақ сары түске өзгереді. Енді оның ағашқа түк пайдасы жоқ.

Санасы болмаса да қажетсізден «ажырап», одан өзін азат ете білетін ағаштар қандай ақылды десеңізші!

Жүйкеге түскен ауыр ой салмағынан, иықты басқан зіл батпаннан, мұңнан ажырау үшін, сіз де қажетсізді – «жапырақтарыңызды» тастаңыз. Өміріңізге ревизия жасап, пайдасы жоқ ойлардан, реніш, өкпе, кінәлау сезімдерінен, жаман әдеттерден арылыңыз.

Дәл солай үйіңізді де қажетсіздерден – ескірген, бұзылған, жарамсыз заттардан тазалаңыз. Ағзаңызды да. Пайдасыз ас-суды ішуден тыйылыңыз. Көңіліңізге қаяу салып жүрген, жаныңызды жаралайтын адамдарды өміріңізден босатыңыз. Иә-иә, дәл күздегі ағаш секілді.

Егер, бұл қолыңыздан келмесе, онда арнайы мамандардың көмегіне, ақылман апаңыздың, әпкеңіздің кеңесіне жүгініп, оларға мұңыңызды түгел айтыңыз, сырласыңыз.

Күзгі күйзеліспен күреспесе не болады?

Күзде кейбір ағаштардың кей бұтақтарында жапырақтар қалып қояды. Егер ағашта жапырақ қалып қойса не болады? Қар жауғанда ол қардың ағашта жиналуын, қар салмағын арттырып, ағаш сынып кетуі мүмкін.

Ал, сізге күз қалай әсер етіп жатыр?

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ