Осы уақытқа дейін қандай диеталарды «сынақтан өткіздіңіз»? Жарнамаланған дәрі-дәрмектің неше түрін қабылдадыңыз? Фитнес клубқа неше ай бардыңыз? Мейлі, санамай-ақ қояйық, тек айтыңызшы, көздеген мәреңізге жеттіңіз бе?
Осы уақытқа дейін қандай диеталарды «сынақтан өткіздіңіз»? Жарнамаланған дәрі-дәрмектің неше түрін қабылдадыңыз? Фитнес клубқа неше ай бардыңыз? Мейлі, санамай-ақ қояйық, тек айтыңызшы, көздеген мәреңізге жеттіңіз бе?
Бар-жоғы осы төрт-ақ сұрақты қойғанымда, көрші апай кәдімгідей ойланып қалды. Осылай сұрақ қоюыма мәжбүр етті, әйтпесе оның артық салмақпен қалай күресіп жатқанында шаруам қанша?! Өзі ғой... Демалыс күндері түскі және кешкі ас уақытында келеді де «Бір-екі қасық жесем, семіріп қалмайтын шығармын ә?!», «Түу, бүгін бекер нан жеппін», «Тәттіні көп жемесей, семіріп кетесің» деген секілді сөздерімен тәбетімді қашырады.
Менің сұрағымнан соң біраз үнсіз қалған көршім «Расында, 5-6 жылдан бері арықтау үшін қаншама уақытым мен қаражатымды жұмсаппын, нәтиже көңіл көншітерлік емес. Неге?» деді. «Адам тамақтану тәртібін, өмір сүру салтын өзгерткенімен, егер психологиялық көзқарасын өзгертпесе, арықтау процесі өте баяу жүреді. Психологияңызды өзгертіңіз!» дедім.
Әрине, көрші апай сияқты калориялы тамақтардан тыйылып, таңертең жүгіріп, жұмыстан соң фитнес клубта екі сағатын өткізетін қыз-келіншектердің талпынысына тәнтімін. Диета, дәрі-дәрмек, фитнес жаттығулары көмектеспейді деуден де аулақпын. Тек, нәтиже байқалмаса, мәселеге басқа қырынан қарау керектігін айтқым келеді. Мысалы, артық салмақпен физикалық түрде күресіп көрдіңіз, нәтиже болмады ма, онда бұл мәселенің шешімін психологиялық тұрғыда қарастырыңыз.
Семіздіктің, семірудің себебі көп. Физиологиялық себептері көп айтылып, жазылып жүр. Психологиялық себептерін анықтап көрейікші. Меніңше, семіруге алып баратын негізгі 4 психологиялық себеп бар. Бүгін 1-ші себебіне тоқталайын.
Семіздіктің психологиялық бірінші себебі – мида қажетсіз ақпараттардың шамадан тыс көбейіп кетуі. Анығырақ айтқанда, ағзадағы шлактар – керексіз ақпараттар. Арықтаудың бірінші сатысы - ағзаны шлактан тазарту екені бәріңізге белгілі. Ал, психологиялық түрде ағзаны шлактан тазарту үшін ашығу орталығына барудың, медицина маманына жүгінудің, күнде клизма жасаудың және арнайы диета ұстаудың қажеті жоқ.
Сізде қанша келі салмақ артық?
20 кг! Онда сіз 20 кг қажетсіз ақпаратты көтеріп жүрсіз. Ақпарат қайда сақталады? Мида! Кешіріңіз, ми «безразмерный» немесе «резиновый» емес. 8 мегабайттық, 32 мегабайттық флешкалар секілді мидың да белгілі мөлшері бар. Нейробиологтардың зерттеуінше, миға 1 терабайт пен 2,5 петабайт аралығында ғана ақпарат сыяды. Шамамен 1 терабайт=1024 гегабайт=1 миллион мегабайт, ал 1 петабайт=1000 терабайт. Егер, ақпарат 2,5 петабайттан асып кетсе не болады?
Ағза өте ақылды, ол артық қорды «қоймаға» жөнелтеді. Ми сіздің көзбен, құлақпен, сезіммен қабылдаған ақпараттарыңызға сараптама жасап, түкке де тұрғысыз, пайдасы жоқ деп «танығанын» ағзаның «қоқысханасына жібереді». Бұл «қоқысхана» қарында орналасқан. Ас қалдықтарының, шлактың қарында жиналатыны осыны дәлелдейді. Мейлі, бұл сөзіме сенбесеңіз, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадисіне сенетін шығарсыз: «Адам тәнінде қарыннан жаман ыдыс жоқ». Сондықтан да мен қарынды қоқысхана деп атап отырмын. Ал, Тибет ғалымдары оны – екінші ми деп атайды. Яғни, миыңыз қажет етпеген ақпараттар «екінші мида» сақталады екен. Ол ақпараттар шлак түрінде көрініс береді.
Сонымен, қажетсіз ақпараттар дегеніміз не?
1. Ол сіздің өміріңізге қатысы жоқ адамдардың – жұлдыздар, әншілер, әртістер, бірге оқыған сыныптасыңыздың, әріптесіңіздің, тамыр-танысыңыздың өміріндегі жағдайлар.
«Пәленше қалай өмір сүріп жатыр екен?», «Оның қазіргі жағдайы қандай?», «Түгенше неліктен ажырасыпты?» деген сияқты қызығушылықтан туындаған сұрақтар миыңызда пайдасы жоқ ақпараттарды көбейтеді. Қайтесіз оны? Егер, біреудің өмірінен үлгі немесе сабақ алып, пайдаңызға жарата білсеңіз мейлі. Онда бұны – ағзаның асты қорытып, құрамындағы дәрумен, минералды заттарды қуат ретінде жұмсап, ал керексізін сыртқа шығаруына теңеуге болады. Ал, басқаның өмірін, бақытсыздығы мен сәтсіздігін өзгеге айтып әңгіме ету, қайта-қайта ойлау, ұмытпау – жеген асты сыртқа шығармай ағзада сақтаумен бірдей. Сыртқа дер кезінде шықпаған ас қалдығы май қабатына айналады, қажетсіз ақпараттар да дәл солай, қарында орналасқан «екінші миыңызда» өзінің қорын түзеді.
2. Қажетсіз, зиянды ақпараттардың екінші түрі – өкпе, реніш, кек. Адам кез келгеннің сөзіне, іс-әрекетіне ренжи қоймайды, ренжісе де екі-үш күннен соң немесе үш-төрт айдан кейін ұмытып кетеді. Ал, ең жақын адамдарыңның көңілге тиер сөзін, опасыздығын жылдар бойы ұмытпайды. Ренжиді, кек сақтайды. Ал, ренішті ұзақ уақыт ұмытпау тек өзіңізге зиян. Әлемге әйгілі 30-дан астам психологиялық кітаптың авторы Луиза Хэй «Барлық ауру – өкпе, реніштен туындайды» дейді. Семіздік те – дерт. Сондықтан да мен ағзадағы қажетсіз ақпараттардың бұл түрін токсиндерге ұқсатамын.
Медицина мамандары ағзадағы токсиндер ішек қабырғалары арқылы қанға өтсе, ол барлық ағзаны улайтынын айтады. Сондықтан да Алла Елшісі (с.ғ.с.) «Мұсылман өзінің мұсылман бауырымен үш күннен артық біржола қатынасын үзіп, кезіккен кездерінде бір-біріне теріс қарап өтулері халал емес. Жақсысы бірінші болып сәлем бергені, кешіргені» деген (Китабул бир уәс силати уәл әдаб, 2560-хадис). Ал, медицина мамандары «Желінген ас үш күн ішінде сыртқа шықпаса, бұл ағзада зат алмасудың бұзылғанының белгісі» дейді.
Ашығу арқылы арықтау оңай ма, әлде...
Олай болса, ең бірінші өзгенің өміріне қызығып, аңдып өмір сүруді доғарыңыз. Ол уақытты өзіңізді рухани дамытуға, кәсібіңізді ілгерілетуге, бала тәрбиесіне арнаңыз. Сондай-ақ, біреудің тауқыметке толы тағдырын талқылауды (өсек-аяң айту) тоқтатыңыз. Алтын уақытыңызды өз мәселелеріңізді шешуге жұмсаңыз.
«Негативті» жаңалықтарды көрмеңіз, тыңдамаңыз және үнемі өмірге өкпе айтып, тағдырына налып, өзгелерді жамандап, заманға шағымданып жүретіндермен байланысты үзіңіз. Ондай адамның сөзін тыңдауды – өзгенің қоқысын үйіңізге кіргізу дер едім. Үй деп отырғаным – әркімнің жан-дүниесі ғой. Ал, әркім қоқысын сіздің үйіңізге әкеліп тастай берсе, не болады? Қоқысханаға айналады! Міне, ағзаңыздағы қоқысхана осылай көлемін ұлғайта береді.
Сондықтан да біреу ренжітсе, түсіністік танытып, кешіріңіз де өкпені ұмытыңыз. Кек сақтамаңыз. Дәл қазір ескі реніштерді ұмытыңызшы. Өміріңізден кеткен (дос, құрбы, бұрынғы күйеу, жүрекке жара салған махаббат және т.б.) адамдарды ойыңыздан азат етіп, қажетсіз ақпараттарды босатыңызшы, артық салмағыңыздың қалай кеміп жатқанын көресіз.
Міне, диетасыз-ақ арықтаудың оңай жолы. Ойыңызды «токсиндерден» тазалаңыз, ағзаңыз да шлактан тазарып, зат алмасу белсенділігі артып, арықтау процесі жылдамдайды.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) мынау хадисін бірнеше рет қайталап оқыңызшы: «Кімде-кім ауыз бекіте тұра өтірік айтуын қоймаса, әрі ғайбаттауын доғармаса, оның ішіп-жеуден тыйылғаны Алла Тағалаға қажет емес». Бұл хадисте де ең алдымен психологияңды өзгерт, нәпсіңді тәрбиеле деп тұрған жоқ па? Ендеше, артық салмақпен күресуді психологияңызды өзгертуден бастаңыз!
Жазира СМАҒҰЛОВА