АШУДЫ жылдам БАСУДЫҢ 6 әдісі

0
5 417

Тұтанып келе жатқанды ашу өртін сөндіріп үлгеріңіз


АШУДЫ жылдам БАСУДЫҢ  6 әдісі

Фото: images.synchronize.ru

«Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос» деген ата-баба өсиеті бар. Ал психолог мамандар «Ашулы кезде шешім қабылдама» деп ескертеді. Десе де, ашуға беріліп, ата-ананың, дос-жаранның, жар мен баланың көңіліне кірбің салып алатындар көп.

Ашу басылған соң барлық адам айтқан сөзіне, сол сәтте қабылдаған шешіміне өкінеді. Бұл жүз пайыз рас.



НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Әрине ашуланбайтын адам жоқ, бірақ оны ноқталай білу керек-ақ. Бірер минут қана ғой, одан соң буырқанған ашу басылады. Осы сәтте эмоцияңызды басқарып үлгерсеңіз болғаны. Бұл орайда психологтар мынандай қарапайым тәсілдерді ұсынады.


1. Терең тыныс алу

Бұл ең жылдам әсер ететін әдіс. Бірнеше рет терең-терең тыныс алыңыз. Назарыңызды ауа жұтқаныңызға емес, оны сыртқа шығарғаныңызға аударыңыз. Ауаны мұрынмен жұтып, ауызбен шығаруға тырысыңыз.

Лажы болса, тысқа немесе балконға шығып, салқын таза ауамен тыныстаған дұрыс. Сондай-ақ терең тыныстап жатқанда, жаныңызда ешкім болмағаны жақсы. Ашу басылғанша терең тыныстауды тоқтатпаңыз.


2. Қимыл-қозғалыс

Ашуыңыз келгенде бір орында отырмаңыз. Орныңыздан түрегеп бөлмеде ары-бері жүріңіз. Немесе аулаға шығып, бір айналып шығыңыз, турникке тартыныңыз. Отын жарып, су тасысаңыз да болады. «Ашулы қатын қазан қайнатар» деп бекерге айтылмаған.

Тым болмағанда жұдырығыңызды түйіп, қайта жазып, саусақтарыңызды қимылдатыңыз. Іштегі қуат қимыл-қозғалыс арқылы шығуы керек.


3. Бетті жуу

Егер жұмыс орнында, отырыста біреу ашуыңызды келтірсе, бетіңізді салқын сумен шайыңыз. Немесе жай ғана қолыңызды құбырдан аққан суға тосып тұрсаңыз да болады. Ал үйде жуынатын бөлмеге кіріп кетіп, ашу басылғанша салқын душтың астында тұрған дұрыс.

Су жағымсыз энергияны жуып қана қоймайды, ол дене қызуын да басады, ашудан көтерілген қысымды кемітеді.


4. Құшақтау

Балаңызды, бөпеңізді немесе құрбы мен досты құшақтаңыз. Егер ашулы кезде жаныңызда ешкім болмаса жастықты құшақтаңыз. Далада жүрсеңіз, ауладағы ағашты құшақтау да эмоцияны басады.

Сонымен қатар, қасыңыздағы адамға басыңыздан сипауға өтініш жасаңыз. Бұл да ашуды басып, тыныштандырады. Сондай-ақ үстіңізді қолыңызбен қағып шығыңыз. Иә, үстіңіз шаң болғанда қағасыз ғой, дәл солай.


5. Визуализациялау

Терең тыныс алып, көзіңізді жұмыңыз. Аспаннан алтын түстес салқын сәуле үстіңізден құйылып жатқанын елестетіңіз. Шипалы сәуле басыңыздан бастап аяғыңызға дейін құйылып, жағымсыз эмоцияның бәрін жуып жерге сіңіп кетті деп ойлаңыз.

Немесе жазда барған тау бөктерін есіңізге алыңыз. Таудағы сарқырама астында тұрып шомылып жатырмын деп ойлаңыз. Бұндай визуализациялау да ашуды жылдам баса алады.


6. Ұшақ пен қайық

Бір жапырақ қағазға ашуыңызды екі-үш сөйлеммен жазыңыз. Яғни не үшін, кімге немесе неге ашуланғаныңызды жазыңыз да, парақтан ұшақ жасап терезеден ұшырып жіберіңіз. Немесе ашуыңыздың себебі жазылған парақтан қайық жасап, табаққа су құйып, соған салып қойыңыз.

Егер ашуыңызды жазуға шамаңыз келмесе, қағазды шимайлаңыз, кез келген суретті салыңыз.


Дайындаған: Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Зиянды әдеттен ҚАЛАЙ құтылуға болады?


Осы үш нәрсе ақшаңызды көбейтеді