АТА-АНАның бала тәрбиесінде жіберетін 4 ҚАТЕЛІГІ

0
3 505

Бұны ата-аналар білуі керек.


АТА-АНАның бала тәрбиесінде жіберетін 4 ҚАТЕЛІГІ

Фото: i.pinimg.com

Адам тәрбиелеу – үлкен еңбек. Бірақ психологтар балаға мектепке баратын жастан бастап дұрыс тәлім-тәрбие берілсе, 9-11 сыныпта оның мінез-құлқы қиындық тудырмайды дейді. Ары қарай баланың тәрбиесіне ортасы мен қоғамның әсері әлсіздеу болады екен. Сондықтан да тәрбиенің іргетасы жақсы болсын, сонда есейгенде перзентіңіздің өміріне аса алаңдамайсыз.

Әрине, ол үшін психологтар зерттеген мынадай қателіктерді жіберіп алмаңыз.



1. ҮНЕМІ ҰРСУ

Екі адам ұрсып қалса, сөз арасында бір-бірінің кемшіліктерін айтады. Дәл солай ата-ана да баласына ұрысқанда оның әлсіз тұстарын сөзіне қоспай қоймайды. Бұл автоматты түрде жүзеге асады. Сондықтан үнемі ұрсып тәрбиелеу дұрыс емес. Мүмкін ата-ана баланың кемшілігін айту арқылы жігерлендірем деп ойлайтын шығар, бірақ психологтар бұның балаға керісінше әсер ететінін айтады.

МЫСАЛ: Әкесі ұлын батылдыққа үйретпек боп, жаздыгүні терең өзенге «секір» дейді. Бала ешқашан биіктен секіріп көрмеген, қорқады.

«Секір, қорқақ болма!» деп айқайлады әкесі. Небәрі 9-10 жастағы бала судан да, әкесінен де қорқып тұр. Әкесі жақындап кеп, «Еркексің ғой, қорықпа, секір» деп суға итермекші болады. Бала артқа шегіншектеп, көпірден мықтап ұстап, қозғалмай тұрып алады. Сонда әкесі «Ой, мамасының баласы! Сенен нағыз еркек шықпайды» деп, қолын бір сілтеп кері бұрылады.

Бұл жерде әкесі баласының бойында өмірдегі түрлі қиындықтардан қорықпайтын, тәуекелге бара алатын мінезді қалыптастырғысы келді. Батыл болса деп армандайды. Алайда енді оның баласы судан да, әкесінен де екі есе қорқатын болады. Сондай-ақ әкесі ұлының бойында сәтсіздіктердің фундаментін қалағанын аңғармады. Неге?

Өйткені отбасында әкесі ұрысқан сайын «Сенен нағыз еркек шықпайды», «Мамасының баласы», «қорқақ» деген сөздерді бала есіне алады, бұл керісінше оның бойындағы батылдығын біртіндеп жояды.

Сондықтан да, үнемі ұрсып тәрбиелейтін ата-аналардың балалары жігерсіз, көнбіс, барлық нәрсеге мойынсұнғыш, қорқақ боп өседі екен.

Әрине, бұл балаға ұрыспаңыз деген сөз емес. Тек ұрысу кезінде автоматты түрде іске қосылатын кемшіліктерін бетіне басу мен айтудан аулақ болыңыз.



2. ҚАТАҢ БАҚЫЛАУ

Мектепке шығарып саларда «Жолдан абайлап өт» десе, жарты сағаттан соң «Мектебіңе жеттің бе?» деп сұрайтын ана көп. Олар баласының мектептен шығатын уақытында «Автобусқа міндің бе? Үйге тіке қайт», ал үйіне жетті-ау деген уақытта қайтадан қоңырау шалып «Тамақты ысытып іш, күйіп қалма» дейді. Арада бір сағат уақыт өткенде «Сабағыңды оқы» деп тапсырма береді...

Жұмыста отырып, мектеп жасындағы баласының әр қадамын аңдып, не істеу керектігін айтып отыруға психолог мамандар қарсы.

Дұрыс-ақ, баланы қадағалап, оған алаңдау керек. Бірақ күнде бір нәрсені қайталап айта беру – баланың өз бетінше жұмыс істеу қабілетінен айырады. Қатаң бақылау арқылы ата-ана баласын ұқыптылыққа, пысықтыққа тәрбиелеп жатырмын деп ойлайтын шығар. Ал психологтар тым шектен шыққан қадағалау баланы епсіз, аңқау да аңғал ететінін ескертеді.



3. ҚОРҒАШТАЙ БЕРУ

«Торғай да балапанын қорғайды» дегенді тым қатты ұстанатын ата-аналар болады. Қорғаудың да жөні бар. Барлық нәрседен, барлық адамнан қорғап, кішкентай балалардың арасына түсіп жүретіндер кездеседі.

МЫСАЛ: Күні бойы үйінде отыратын Мария 12 жасар баласы далаға ойнауға шықса, қайта-қайта терезеден қараумен болады. Жаңбыр жауып кетсе, жүгіріп барып ертіп келеді. Ал егер аулада көршінің баласымен допқа таласып қалса, тағы да араша түседі. Ыстықтан да, суықтан да, адамдардан да қорғаштап өсіреді.

Бала есейеді. Мария оған өзі жұмыс іздейді. Бастығы ұрысса немесе жұмыстан шығарып жіберсе, ол кезде де анасы арызданып шапқылап жүреді.

Жамандықтан қорғау – ата-ана міндеті. Бірақ қорғаштай бермеңіз, керісінше қорғануды, өзін-өзі қорғауды үйретіңіз.

Жаңбырдың астында қалса, су болар, бір апта тұмауратар, есесіне ол күн бұлттанған күні қолшатырды алып жүретін болады. Немесе интернеттен ауа райын алдын ала көріп білуге әдеттенеді.

Достарымен допқа таласып төбелесіп қалар, ештеңе етпейді. Есесіне ол бокс үйірмесіне барады немесе ерегісіп қалған балалармен татуласуды, ымыраға келуді, тіл табысуды үйренеді.



4. АЙТҚАНЫН ЕКІ ЕТПЕЙ ОРЫНДАУ

Қай ата-ана болса да балаларының өзінен жақсы жағдайда өмір сүргенін қалайды. Ал белгілі психотерапевт, «Сен бізбен біргесің» атты кітаптың авторы Марианна Франке-Грикш бұл баланың айтқанын орындай беруге әкеп соғатынын түсіндіреді. «Кішкентай кезде еркелетіңіз, бірақ үнемі сұрағанын алдына тоса берудің зардабы көп. Бұдан қырсық, ашушаң, жауапкершілігі жоқ, әрнәрсеге бір соқтығып жүретін ұл-қыз өседі» дейді ол.

Психотерпаевт «Тәрбиедегі ең басты ұстаным – балаға шыншыл болу. Айтқанын орындауға шамаңыз жетпесе, жасырмай жоқты «жоқ» деп айту керек» дейді.

Әрине, балаға ұрсу керек, бақылаңыз, қорғаңыз, еркелетіңіз. Бірақ бәрі де шектен шықпағаны жөн. Бастысы, ата-ана мен бала арасында түсіністікке толы қарым-қатынас болса, перзентті тәрбиелеу әлдеқайда жеңіл болады.

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ЖАЛҚАУЛЫҚпен күреспейді, оны ЕМДЕЙДІ

КАРМАны тазалаудың ең оңай 4 ТӘСІЛІ