Ата-енемен БІРГЕ ТҰРУДЫҢ 6 артықшылығы бар

0
628

Қымбатты оқырман, ата-енемен бірге тұрудың тағы қандай плюсін қосар едіңіз?


Ата-енемен БІРГЕ ТҰРУДЫҢ 6 артықшылығы бар

Көрнекілік сурет: www.m24.ru

Қазіргі қоғамда жас келіндердің бөлек тұруға көбірек ұмтылатындығы байқалады. Тіпті қарашаңырақта қалмау үшін үйдің кенжесі мен жалғыз ұлдан бойын аулақ ұстайтын бойжеткендер көбейді. Неліктен?

Мүмкін, бұл олардың аналарының бұрынғы тәжірибесінен туындаған сақтандыруы шығар. Немесе қазіргі жастар үлкендердің дербес шешім қабылдауына, жеке кеңістігіне кедергі болады деп ойлайтын болар. Сондай-ақ, ата-енемен бірге тұрғанда келінге үй шаруасы көбірек жүктеліп, мансап жолы ақсап қалады деген түсінік те бар.

Әрине, түрлі-түрлі адам, әр алуан мінез бар. Дегенмен, ата-енемен бірге тұрудың өзіндік артықшылықтары да көп. Біз келіншектер арасында сауалнама жүргізіп, олардың тәжірибелеріне сүйене отырып, ата-енемен бірге тұрудың 6 негізгі плюсын анықтадық.



1. Сенімді бала күтуші

Көркем, 37 жаста: Егер ерлі-зайыптылар екеуі де жұмыс істейтін болса, ата-ененің қолдауы – баға жетпес көмек. Бала күтушіні оңай табуға болады, бірақ бөтен адамға балаларыңды күні бойы сеніп тапсыру қиын. Баланың қауіпсіздігі мен күтімі үшін ата-әжесінің қарауында болғаны анағұрлым сенімді.

Мысалы, мен жұмыста ешнәрсеге алаңдамай жүремін, себебі енем немересінің тамағын уақытылы беріп, серуенге шығарып, жақсы көңіл бөледі. Той-томалақта да еркін отырам. Демалыс күндері асықпай дүкен аралап, моншаға да барам. Ал бала күтушіге сеніп тапсырған танысым уайымдап, үнемі қоңырау шалып, бақылаумен жүреді.



2. Ыңғайлы тасымалдау қызметі

Дария, 31 жаста: Көптеген ата-әжелер немерелерін балабақшаға немесе мектепке апарып, алып қайтуға көмектеседі. Бұл әсіресе жұмыс кестесі тығыз ата-аналар үшін үлкен жеңілдік. Таңертең асықпай жұмысқа бару – ата-енемен бірге тұрғанда мүмкін болатын артықшылықтардың бірі.

Мысалы, менің қайынатам ерте тұрып, немерелерін балабақшаға, мектепке өзі апарады. Ары қарай жұмысына кетеді. Кешке енем алып қайтады. Енем де жұмыста, бірақ ол түске дейін ғана сабақ береді.

Балабақшаның да тасымалдау қызметі бар, бірақ атам "Барлық баланы жинаймын дегенше, терлейді. Газельде сығылысады, құлап қалады" деп ешкімге сенбейді.

Ата-енеме сенгендіктен мен жұмысқа толық көңіл бөлем, кептелісте жүйкемді тоздырмай, асықпай үйге қайтам.



3. Үйдегі логопед

Балжан, 44 жаста: Бүгінде балалардың кеш сөйлеуі жиі кездесетін мәселе. Ал менің бес балам да қатарластарымен салыстырғанда ерте сөйлеген. Өйткені енем үнемі немерелерімен сөйлесіп, "мынау қасық, бұнымен былай тамақ жейді", "мынау қалам" деп үйретіп отыратын. Киімін ауыстырса да "Бұл шұлық. Басқасын киесің. Әкел. Шеш. Өзің ки" деп, бала түсінбесе де сөйлей беретін. "Түсінбесе де сөйлесе беру керек. Баланың солай тілі шығады" деп отырушы еді.

Ерінбей "Бұл не?", "Мынау қандай түс?" деп отыратын енемнің жүйкесі мықты болған екен. Немерелері дұрыс жауап бермесе, қайталап үйрететін.

Ол балаларға суретті кітаптар әкеліп, әрбір көрініс бойынша әңгіме құрастыратын. Қазір көрші ата-аналар балаларын логопедке апарып, арнайы ақылы сабақтарға жазып жүр. Соларды көргенде "Енем жалықпайтын, үйдегі тегін логопедіміз болған екен ғой" деп, енпмді еске алам.



4. Жеке психолог

Айсара, 46 жаста: Ата-ене – өмірлік тәжірибесі мол, ақыл-кеңесі құнды жандар. Күйеуіммен ұрсып қалсам немесе қандай да бір мәселеде кеңес қажет болса, әлі де енемнен ақыл сұраймын. Қайынатам күйеуіме қызметте өсу үшін дұрыс бағыт-бағдар берсе, енем маған отбасы мен тұрмыс туралы кеңестер айтады.

Мен келін боп түскенде жұмыртқа қуырудан басқа тамақ істей алмайтын, ақшаны есепсіз жұмсайтын, орысша сөйлей алмайтын жалқаулау қыз едім. Енем бәрін үйретті, тәрбиеледі.

Әлі есімде, алғашқы жылдары мен жұмысқа кетіп бара жатқанда, енем терезеден қарап тұратын еді. Кешке келгенде "Басыңды көтеріп жүрсейші. Қатты асықсаң да қадамың майда болсын", "Екі-үш кг салмақ қосқансың ба деймін. Нан жеме. Семіру оңай, арықтау қиын" деп, салмақ тастауымды қадағалайтын.

Жұмыстан шығып қалғанда күйзеліске түскенмін. Сонда енем "Бұл жаңа мүмкіндік шығар. Өзіңді басқа қырыңнан сынап көрерсің мүмкін" деп, менің онлайн сабақтар курсын ашуға итермелеген еді. Оның қолдауының арқасында мен көп жылдық тәжірибемді курсқа айналдырып, қазір танымал, табысты, замануи ұстазға айналдым.

Сонымен қатар, салыстырмалы түрде айтқанда, ата-анасымен бірге тұратын еркектер жаман әдеттерден, ұрыс-керістен және достарымен жиі қыдырудан бойын аулақ ұстап, отбасына жауапкершілікпен қарайды екен.



5. Пайызсыз банк

Мадина, 27 жаста: Ата-енемен бірге тұру – қаржылық тұрғыдан да үлкен жәрдем. Үйдің шығындары ортақ болғандықтан, жас отбасыға үнемдеуге мүмкіндік туады. Ай сайынғы коммуналдық шығындар мен азық-түлік атамның мойнында. Ал енем балабақшаның ақшасын төлейді. Соның арқасында күйеуім екеуміз ақшамызды жинап, жаңа көлік сатып алдық.

Былтыр қаладан пәтер алуды жоспарлаған едік. Ата-енем бастапқы жарнаны өз мойнына алып, үлкен көмек көрсетті. Ипотекаға екі бөлмелі пәтер рәсімдеп, жалға беріп қойдық. Балалар студент атанғанғанша ипотека қарызынан құтылып қаламыз.

Сондай-ақ кейде күтпеген шығындар болғанда ата-енеден пайызсыз қарыз алу банктен несие алғаннан әлдеқайда тиімді.



6. Үй шаруасындағы көмек

Жанна, 25 жаста: Күнделікті үй шаруасы кейде әйелді шаршатады. Әсіресе, күні бойы жұмыста болатын әйел киімін ауыстырмай тамақ қамына кіріседі. Үйде тамақ пісіруден бөлек шаруа көп. Ата-енемен бірге тұрғанда бұл жүк азаяды.

Мысалы мен тек сенбі, жексенбі күндері ас әзірлеймін. Қалған күндері енем тамақ пісіріп, дайындап қояды. Мен ыдыс жуып, едендерді сүртем, қоқыс төгем т.б.

Қонақ келгенде де енем отырмайды, асүйде көмектесіп жүреді. Пияз турап, тіпті қамыр илеп қояды. Көмегі көп.


Сауалнамаға жауап берген келіншектер ата-енемен бірге тұрудың өзіндік қиындықтары да болатынын жасырмады. Әйткенмен плюс жағы, пайдасы көп дейді.

Иә, бастысы – сыйластық пен өзара түсіністік. Егер отбасы мүшелері бір-бірінің жеке кеңістігін құрметтесе, ата-енемен бірге тұру жас отбасы үшін үлкен артықшылықтарға ие.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Трансформация: Не? Қалай?

Сені артқа тартатын 7 жау