​Балаға ата-ана махаббатты жетіспесе не болады?

0
4 978

Бұны ата-ана да, бала да білуі керек.


​Балаға ата-ана махаббатты жетіспесе не болады?

фото: lennyletter.com

Қазақта "уызына жарымаған" деген сөз бар. Бұл бала туған сәтте алғашқы айларда ана сүтін тоя ембеген дегенді меңзейді. «Уызына жарымаған» бала физикалық тұрғыда әлжуаз, иммунитеті төмен, кейбірі аурушаң болады дейді медицина мамандары.

Ал психологтар ата-ананың уызды сүтін мейір-махаббатқа ұқсатады. Олар балалық шағында ата-анасынан жылулық пен махаббатты толық алмаған ұл-қыз есейгенде жаны жараланғыш, кінәмшіл, өкпешіл, айналасынан мейірім іздегіш, өзін-өзі бағалауы төмен, психологиялық тұрғыда әлсіз боп келеді дейді. Сізде де осындай психологиялық белгілер байқала ма? Не істеу керек?



1 ТЕХНИКА

Ата-анадан нені ала алмағаныңызды анықтау керек. Әркімде әрқалай. Біреу «Ол кезде мен бала болдым, ата-анам оқисың деп талап еткенде дипломды маман болар едім ғой» деп жоғары білім әпермегеніне ренжісе, біреу «үйдің ортаншысы болған соң менің бар-жоғым білінбейтін, елемейтін» деп көңіл бөлмегенін еске алады т.б.

Орындалуы: бір парақ қағазды үш бағанға бөліңіз. Бірінші бағанға: бала кезде ата-анаңыздан алғандарыңызды жазыңыз. Мысалы: көмек, қолдау, қамқорлық, сүйіспеншілік т.б.

Екінші бағанға ата-анаңыздың тарапынан тәрбиеде жіберген қателіктерін тізіп шығыңыз. Мысалы: ұрып жазалау, сабақтан нашар баға алғаныңыз үшін ойыннан немесе қыдырудан шектеу, қатаң бақылау, жұмысқа жегу т.б.

Екі бағандағы жазуларыңызды саралай отырып, бала кезде не нәрсеге зәру болғаныңызды, не жетіспеген анықтайсыз. Енді осы бос орынды толтыру үшін өзіңізге өзіңіз беріп үйренуіңіз қажет.

Мысалы, қауіпсіздік жетіспеді деп ойласаңыз, бұдан былай менсінбейтін, бағаңызды төмендететін, дөрекі қарым-қатынас жасайтын, қоқан-лоққы көрсететін адамдардан алыстайсыз. Жаныңыз жайлы, өзіңізді еркін сезінетін, қолдайтын ортамен ғана араласыңыз. Сіз осылай өзіңізді эмоциональды тұрғыда қорғай аласыз.

Бұл «қауіпсіздік», «қорғау» бос орындарын жақын адамдарыңыздан көмек сұрап үйрену арқылы да толтыруға болады. Мысалы, жұмыстан кеш қайтсаңыз, күйеуіңізге (немесе ініңізге) «Мені аялдамадан күтіп алшы, қараңғыдан қорқамын» деп айтыңыз. Үйде жалғыз қалғанда әпкеңізді, құрбыңызды шақырып алыңыз т.б.

Ал бала кезде үлкендердің назарына, көңіл бөлгеніне мұқтаж болсаңыз, дәл қазір оны да өзіңізге бере аласыз. Қалай?

Өзіңізді, эмоцияңызды, жан қалауын «тыңдап» үйреніңіз. Күні бойы бастан өткерген қуанышыңызды, мұңайған сәтті, жабырқатқан оқиғаны жазып жүру де – өзіңізге көңіл бөлуге жатады.

Бірінші техниканы бір ауыз сөзбен түсіндірсек, өзіңізге өзіңіз әлемдегі ең жақсы мама болыңыз. Осы техниканы көп қайталаған соң сіз бұдан былай ата-анаңыздан, аға-әпкелеріңізден ешнәрсе күтпей, өміріңізге жауапкершілік алған ересек адамға айналасыз.



2 ТЕХНИКА

Есте ұстаңыз, өткен шақты өзгерте алмайсыз. Сондықтан ата-анаңызға ренжігеннен пайда жоқ. Неғұрлым көп ренжитін болсаңыз, өміріңізде сүйіспеншілік соғұрлым аз болады.

Дегенмен, балалық шақты, я болмаса жасөспірім кезеңді, студенттік дәуренді еске алғанда, қордаланған реніш сыртқа сөзбен шығатыны белгілі. Өйткені ол толық жойылмаған. Жылдар бойы жиналған ренішті көңілден жуу үшін әке-шешеңізді ақтауыңыз керек. Өзгеге емес, өзіңізге ақтайсыз.

Бұл екінші терапиядан өту үшін екі рөлде боласыз. Біріншісі – айыптаушы, екіншісі – адвокат.

Бірінші айыптаушы ретінде шағым хат жазасыз. Сотқа арыз жазғандай ата-анаңызға деген реніш-өкпеңізді нақты, түсінікті жазып шығыңыз. Сосын шағым хатты дауыстап, асықпай оқып шығыңыз да, келесі параққа «ақтау хатын» жазыңыз. Түсінікті болу үшін бірер мысал келтірейік.


1-мысал: Шағым хатта «Көбіне бала бағушыға, әжеме қалдырып кететін. Анамды күтіп отырып ұйықтап қалатынмын» деп жазылса, «Жалғыз анама баланың тамағын, киімін тауып беру оңай болмаған. Мен бұны өзім ана атанғанда түсіндім. Анам күні бойы жұмыс істеді. Бірақ ол мені жалғыз қалдырмады, әжем қарады. Қасымда әжем болғандықтан мен ештеңеден қорықпайтынмын» деп ақтайсыз.


2-мысал: «Мен нағашы атамның қолында өстім. Мектепті бітірген соң ғана анам мені өзімен алып кетті. Соншама жыл мені аналық мейірімнен айырғаны үшін анама реніштімін». Бұл шағым хат. Ал ақтау хат мынандай болады: «Анам екінші рет тұрмысқа шықты. Бақытты болуға лайықты, сондықтан оның таңдауын құптаймын. Өмірде небір сұмдық оқиғаларды оқып, естіп жүрмін. Анам да жамандықтан сақтау мақсатында өгей әкеден мені алшақ ұстаған ғой. Ес кірген соң анамның мені керексіз етпегенін, керісінше мені қорғағанын түсіндім»...

Осы тектес өзіңіздің шағым хатыңызды жазыңыз да, артынша ата-анаңызды ақтап алыңыз. Ақтау хаттары арқылы әке-шешеңіз қолынан келгенше жамандықтан қорғағанына, қарныңыздың тоқ, киіміңіздің бүтін болғанын қалағанына, қатарыңыздан қалдырмау үшін аянбай жұмыс істегеніне сенуіңіз керек. Сонда реніш мұзы ериді.

Реніш толық жойылғанша бұл техниканы күнара орындауға болады.



3 ТЕХНИКА

Бір күн балаға айналу. Әр адамның ішінде кішкентай бала өмір сүріп жатқанын мойындаймыз. Өйткені кейде өзіміз де баланың қылығын жасап, кішкентай бүлдіршінге айналып кеткенімізді аңғармай қаламыз. Болмашыға бұртиып, теріс қараймыз. Қырсығамыз т.б.

Өзіңізге сұрақ қойыңызшы: «Бала кезімде неге тоймай қалдым?» деп. Мүмкін үйдің тұңғышы болғандықтан қатарластырыңыз доп қуалап ойнап жүргенде сіз кішкентай ініңізге қарап отырған боларсыз. Немесе әжеңіз «Одан да кітап оқы» деп, үйге қуып келетін бе еді? Көп ауыратындықтан сізге балмұздақ жегізбеген шығар?! Ойланып көріңіз, еске түсіріңіз.

Жауабыңызды қағазға жазыңыз. Егер ойынға тоймаған болсаңыз, бір күнді арнап әбден ойнаңыз. Ауладағы әткеншекке отырып ырғалыңыз. Немесе достарыңызбен, я болмаса көршілеріңізбен футбол сайысын ұйымдастырыңыз. Үлкендерге арналған карусельге мініңіз. Тіпті Ташкенттегі «Диснейленд» саябағына барып қайтуға да болады. Балаларыңызды ертіп хайуанаттар бағын аралаңыз. Ал егер кішкентай кезіңізде балмұздаққа тоймаған болсаңыз, түрлі-түрлісін сатып алып, тойғанша жеңіз.

Мүмкін оқушы кезіңізде көрші баланың велосипедіне қатты қызыққан шығарсыз. Бүгінде саябақтарда жалға берілетін велосипед көп, аяғыңыз талғанша тебіңіз.

«Бір күн балаға айналу» техникасы да бала кезде жақын адамдарыңыздан жеткілікті түрде ала алмаған сүйіспеншілік орнын кез келген жаста толтыруға жәрдемдеседі.



4 ТЕХНИКА

Келесі техника – медитация. Кейбір ана табиғатынан суық болады. Ол перзенттерін жақсы көреді, бірақ махаббатын сыртқа шығара алмайды. Десек те, ол жақсы көргенімен ана махаббатының орны бос тұрады. Әрине бала тәрбиесінде қаталдықты ұстанатындар да бар. Егер анаңыз суық, қатал болса, мынадай медитацияны орындаңыз.

Көзіңізді жұмып, анаңызды көз алдыңызға келтіріңіз. Қазір анаңыздың жасы 65-те шығар, ал сіз оның жас кезін, ал өзіңіздің бала кезіңізді елестетіңіз.

Анаңыздың сізді құшақтап, шашыңыздан сипағанын ойлаңыз. Анаңыздың тағы не істегенін қалайсыз? Мүмкін тәтті пирог пісіріп бергенін, саябаққа ертіп барғанын қалайтын шығарсыз?

Сол қалауыңызды дәл қазір ойша орындаңыз. Мысалы, анаңыздың арқаңыздан қағып жатып ұйықтатқаны ұнай ма? Елестете отырып, «Мен махаббатты қабылдауға өзіме рұқсат берем», «Мені сүюге рұқсат берем» деп дауыстап айтыңыз.

Терапиялық бұл медитацияны ата-анаңызға реніш жойылғанша аптасына бір рет және жаныңыз жабырқағанда кез келген уақытта орындауға болады.


Төрт техниканың терапиялық әсері зор. Орындалуы қарапайым болғанымен, бала кезде қалып қойған жан жарақатын емдейді, реніштерді жояды және өзіңізге деген сүйіспеншілік молаяды, өміріңізде көп өзгеріс болады. Олай болса, оп-оңай төрт техниканы бүгін-ақ орындап шығыңыз.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

ҚАРЫЗ сұрағанға «ЖОҚ» деп айтудың СЫПАЙЫ ҒАНА 6 жолы

ЕРКЕКТІҢ назарын аудартатын 3 ӘДІС