​Баланы "ходунокқа" отырғызған дұрыс па? (дәрігер жауабы)

0
6 797

Педиатр кеңес береді.


​Баланы

фото: media-cldnry.s-nbcnews.com

Жас ананың білмейтіні көп. Әсіресе, тұңғышы кішкентай аналарды айналасындағы адамдардың «мынау дұрыс», «мынауың дұрыс емес» деген ақыл-кеңестері шатастырады. Көп арасында талас туғызып жүрген сауалын редакциямызға хатпен жолдаған жас ана бар. Ол былай дейді:


Оқырман сұрағы:

Бір баланың анасымын. Қазір аяғым екіншіме ауыр. Қалада пәтер жалдап тұрамыз. Күйеуім күні бойы жұмыста. Үй тірлігімен айналысқанда, тамақ пісіргенде баламды ходунокқа отырғызып қоям. Әйтпесе, еңбектеп жүріп қолына түскеннің бәрін аузына сала береді. Бірде кілем бетіндегі шаштарымды аузына салып, онысы тамағына тұрып қалып әбден абыржытқаны бар. Құсып, лоқсып, біраз әбігерге салды.

«Жедел-жәрдем» шақырдым. Сол кезде фельдшер «Ходунокқа отырғызып қоймайсыз ба? Ердің құны емес қой, 15-20 мың теңге тұрар көп болса...» деп ұрысып еді. Кешке үйге келген күйеуім де мені кінәлады. Содан бері ходунокқа отырғызып қоямын. Бірақ ол әлі бір жасқа толмаған. Шынымды айтсам, ходунокта кейде көп отырса, сколиоз боп, омыртқасы қисайма ма екен деп те қорқам. Кейде қолынан ұстап қаз-қаз бастырғым келеді. Бірақ балам аяғының саусақ ұштарын ғана басып, табанын еденге тигізбейді. Дірілдеп кетеді, аяғын басуға қорқады-ау?!

Үйге келгендердің көбісі «Ходунокқа отырғызба», «Қимылдамаған соң болбыр боп қапты ғой. Ходунокқа отырғызғаннан...» дейді.

Сұрайын дегенім, жалпы, баланы неше айлығынан бастап ходунокқа отырғызу керек? Жұрт айтқандай, ходунок баланың ертерек жүруіне кедергі бола ма?

Ақмоншақ, Алматы облысы, Іле ауданы.



Маман кеңесі:

Оқырман сұрағына жалпы тәжірибелік дәрігер, «ARDA» (@arda.school_) бала массажын оқыту орталығының негізін қалаушы педиатр-массажист Әбжан Әзиза Әбдірасілқызы (@dariger_aziza) жауап береді.

- Жас аналар «Ходунокқа отырғыза берейін бе?» деген сұрақты маған жиі қояды. Мен «жоқ» деп айтамын. Өз балаларымды да ходунокқа отырғызбағанмын.

Әрине, бала үйдің әр жеріне өзі жете алуы үшін және қауіпті жерлерге барып қалмауы үшін ходунокқа 8-9 айлығынан бастап отырғызуға болады. Бірақ егер бала өзі отыра алатын болса, үстел, диван, орындық сияқты заттардан ұстап жағалап жүре алатын болса ғана отырғызу керек.

Анасының қолы шамалы болса да босау, басқа шаруаларын еркін жасай беру үшін ходунокқа отырғызған пайдалы екенін ешкім жоққа шығара алмас. Алайда оның зияны да бар екенін есте ұстаған абзал.

Бүкіл әлемнің ортопед мамандары ғылыми зерттеулер жүргізе келе «ходуноктың пайдасынан зияны көп» деген тұжырымға келген. Енді сол зиянын айтайын:

- қорғану, сақтану түйсігінің дамуы тежеледі. Нақтырақ айтсам, бала енді тәй-тәй баса бастағанда оның өзін қорғау, құлап бара жатса қолмен тіреу сияқты түйсігі дамиды. Ал ходунок бұны тежейді.

- баланың қозғалысы шектеледі. Ал баланың қозғалысы еркін болып, аунап, отырып, еңбектеп түрлі әрекеттер жасап, қалыптарын өзгертіп отыруы керек;

- беліне күш түседі;

- ходунокқа отырған балада аяқ ұшымен жүру әдетке айналады. Табанын нық басып, сенімді жүруіне бөгет болады;

- еңбектеуді білмейтін бала болса, еңбектеп үйренуге деген әрекеті, ынтасы кемиді. Бала ағзасының өздігінен талпынуына кедергі келтіреді;

- аяқ бұлшық етінің тонусы жоғары болса, одан әрі жоғарылауына себеп болады;

- ходунок баланы жан-жағынан тіреп тұратындықтан, тепе-теңдікті сақтау қабілеті кеш дамиды. Тіпті тепе-теңдігін ұстай алмай қалған бала журуден де қорқатын болады;

- бала кеудесін көтере алмайтын кезде отырғызса, омыртқасына зиян тиюі мүмкін;

- балалардың бұлшық еттері әлсіз болғандықтан барлық күш аяққа түсіп, аяқтың қисаюы болады.

- аяқтағы тобықтың өзгеруіне әсер етеді. Аяқты әлсіз бұлшық еттерімен итере-итере баланың тобықтары өзгеріске ұшырауы мумкін.

- ходунок баланың табиғи түрде барлық ағзасының үйлесімді дамуына кедергі келтіреді;


Жас ана, есте ұстаңыз: Жатқан баланың орнынан тұрып жүруі біртіндеп қалыптасатын процесс. Бұған оның барлық мүшесі қатысып, дайындалады. Бұл үлкен трансформацияға ми, вестибулярлық аппараттан бастап сүйектер мен бұлшықеттерге дейін қатысуы қажет. Сондай-ақ бұл табиғи, еркін және бірте-бірте өткені дұрыс. Ал ходунок бұл процесті тежеп, баланың физиологиялық және эмоционалдық жағынан дамуына кедергі болады.

Сондықтан да пайдасынан гөрі зияны көп ходунокқа баланы отырғызбаған дұрыс дер едім. Ал егер отырғызуға мәжбүр боп жатсаңыз, күніне 2-3 рет 15 минуттан артық отырғызбаған дұрыс.



Дайындаған: Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Жас отбасы осы 6 КЕЗЕҢНЕН ӨТКЕН СОҢ ғана бір-бірін «қабылдайды»

Сепарациялану бала үшін НЕГЕ маңызды?