Белгілі психолог ата-анасы осы техниканы орындаса, перзенті жоғары балл жинайды дейді.
Фото: egemen.kz
Мамыр-маусым айлары ата-аналар мен мұғалімдер үшін де, бітіруші түлек үшін де уайымға толы уақыт. Бұл кезең ата-ананың ұл-қызы студент атанатын, ал оқушы өмірдің жаңа белесіне қадам басатын маңызды сәт.
Біліміне сенімді оқушының өзі де сенімсіздікпен бетпе-бет келіп түрлі ойлармен арпалысып жатады. Баланың қорқынышын сейілту үшін және ата-ананың уайымын азайту мақсатында «Ақ жаулық» деп аталатын техниканы орындауға кеңес береміз.
ҚАЛАЙ ОРЫНДАЛАДЫ?
Бұл техниканың авторы – белгілі психолог Құралай Қалиева. Психологиялық техника ойша орындалады.
Балаңыз ҰБТ тапсыру үшін үйден шығып бара жатқанда ойша оның мойнына ақ жаулық салыңыз. Сосын батаңызды беріп, ақ тілегіңізді айтыңыз. Тілекті әркім өз қалауынша айтуына болады.
Психологтың айтуынша, ойша салынған «ақ жаулық» баланы жаманшылықтан қорғап, аман-есен, жақсы нәтижемен оралуына тілеулес болады екен.
Сонымен қатар, «Ақ жаулық» техникасын ұл-қызыңыз басқа қалаға қыдырып немесе іс-сапармен кеткенде, я болмаса әскерге шығарып саларда да орындауға болады. Сондай-ақ техниканы ойша орындаумен бірге «Бір Алланың панасына тапсырдым» деп айтуды ұмытпаңыз.
Байқасаңыз, бұл қыз ұзатылып бара жатқанда мойнына анасының ақ жаулық салатын дәстүріне ұқсайды. Айырмашылығы – орамалды ойша саласыз.
Жалпы, қазақ халқында ежелден ақ орамалды, жаулықты қадір тұтқан. Тіпті ақ жаулық жауласуды, қантөгісті де тоқтата білген.
Мысал: Ертеде жайлауда отырған бір елдің азаматтары жаңа қонысқа мал айдап кетеді. Бас көтерер азамат болмаған ауылға тұтқиылдан жау шапқанда, сол ауылдың бәйбішесі басындағы ақ орамалды шешіп, сойылға байлап, жауға қарсы шығып, оларды тоқтатқан. Ақ орамалдың арқасында бір ауыл аман қалған. Ауылды аман алып қалған ақ орамал содан бері «жаулық» алатын кеткен деседі.
Әйелдің басына орамал салып жүруі келін боп түскен жұртының амандығын тілеуі делінетіні де жаулықтың қасиетін білдірсе керек. Ақ орамалдың қадір-қасиеті жөнінде бұндай аңыз-әңгіме көп.
Олай болса, перзентіңізге ақ тілеуіңізді ойша ақ жаулық арқылы иығына жабу техникасын орындаудың пайдасы болмаса зияны жоқ.
Ж. Смағұлова,
Тағы да оқыңыз:
ДЕМАЛЫС КҮНІ демалатын адамдар ТАБЫСТЫ БОЛАДЫ
НЕЛІКТЕН ренішті ҰМЫТЫП КЕТУ керек