Басқаның КЕРТАРТПА сөздері БАҚЫТТЫ өмір сүруге КЕСІРІН тигізеді

0
2 521

Ол үшін не істеу керек? Керек кеңесті төменнен оқи аласыз...


Басқаның КЕРТАРТПА сөздері БАҚЫТТЫ өмір сүруге КЕСІРІН тигізеді

2019 жыл да аяқталғалы тұр. Жыл басында ойлаған жоспарыңыздың бәрін орындап үлгердіңіз бе?

Өмір тәжірибесінде адамның алға қойған мақсаттарына жете алмауына көбінесе айналасындағылардың кертартпа, үрей туғызатын, уақытша сауық-сайранға қызықтыратын сөздері кедергі келтіреді екен.


МЫСАЛ: Егінші егістік жеріне бидай дәнін сеуіп шығады. Екі дән топырақпен жабылмай қалып кетеді. Күндіз күн жылуына маужырап рахат күй кешкен дәндер түнде жаурап бүрсеңдейді. Бұл екінші күні де, үшінші күні де қайталанады. Бір-біріне ұқсас күндерді өзгертуді ойлаған дәннің біреуі:

- Былай жата берсек, ешнәрсе өзгермейтін сияқты ғой. Менің алдымда үлкен жоспарларым, армандарым бар. Мысалы, алдымен мен өсуді қалаймын. Жоғарыға көтеріліп биік болуды көксеймін. Ұрпағымның көп болғанын армандаймын, көбейгім келеді. Сондай-ақ, адамдарға қажетті болсам деймін. Бұл менің басты міндетім. Ал сен ше? Сен нені армандайсың? - дейді қасындағысына қарап.

Екінші дән:

- Кім биік болғысы келмейді дейсің?! Мен де өсіп-өнгенді қалаймын. Бірақ не істеу керектігін білмеймін. Бәрібір менің қолымнан келмейді-ау?! - дейді.

- Атам биік болу үшін алдымен төмендеу керек деп айтатын. Не істеу керек екенін білмеген жағдайда, басқалардың істегенін қайталау керек сияқты. Топыраққа ену керек шығар? Тәуекел етіп көрейік! - деген бірінші дән орнынан тұрып топырақты түртіп көреді. Әрекет етіп топыраққа енудің жолын іздей бастайды.

- Не істеп жатырсың? Топырақтың асты қараңғы емес пе?! Ол жақта бізді жейтін құрттар, жәндіктер болса ше? - деп екінші дән қорқытады.

Бірақ бірінші дән досының айтқанына мән берместен әрекетін жалғастыра береді.

- Мейлі, биік боп өстің делік, қорықпайсың ба? Ұшып жүрген жәндіктер нәзік жапырақтарыңды тесіп тастаса қайтпексің? - деп болашақты болжап қорқытуға көшеді. Алайда қасындағы досының жартылай топыраққа кіріп үлгергенін көрген ол серігінің қорықпайтынын, оны қорқытып тоқтата алмайтынын түсінеді. Енді қызықтыруға кіріседі.

- Ертең де күн бар емес пе, үлгереміз ғой. Неге асығып жатырсың? Біраз күн шалқадан түсіп, күнге қыздырынып жатайық. Өмірдің қызығын көріп қалу керек. Әлі жассың ғой, терлеп-тепшуге асықпасай, - дейді керіліп.

Қорқытты, қызықтырды, бірақ досы бұны тыңдамады. Шындығында бұл жалқау дән еді, қасында өзі секілді серігі болғанын қалап, оны өзімен алып қалмақ болды. Бірақ, досы әрекетін тоқтатпай қимылдай берді.

Кешке досы топыраққа тереңдей еніп кетеді. Ал, екінші дән тағы бір апта топырақ үстінде жатады. Бір күні егіншінің тауықтары қорадан шығып кетеді де, оның біреуі келіп күнге қыздырынып жатқан дәнді жеп қояды. Ал, досы өзі армандағандай жайқала өсіп, мол дән салады.

Бидайды тауық жей ме, адам жей ме, екеуі де өз міндеттерін орындады. Тек, бірінші дән өсудің, көбеюдің және екінші досы көрмеген талай қызықты бастан өткеріп, ол бара алмаған жерлерде болды. Ол комбайнға мініп те, диірмен тастарының арасынан өтіп те көрді. Наубайхананың ыдыстарында да болды. Пешті де көріп, дәмді нанға айналды. Ал, бұл бидай дәнінің дамуының ең биік шыңы еді. Ол мақсатына жетті.


Бірінші дән секілді ең бірінші өз күшіне сеніп, алда қиындық тұрғанын білсе де, артта қызықтың бәрі қалып бара жатса да діттегеніне жету үшін әрекетін тоқтатпаған адам мақсатына жетпей қомайтыны анық. Олай болса, айналаңыздағы адамдардың кертартпа сөздерін тыңдамауды үйреніңіз.


ҚАЛАЙ?

Әрине, құлақты жауып тыңдамай қоюға болмас. Дұрысы, бір құлағыңыздан кіргізіп, екінші құлақтан шығарып жіберіңіз. Алайда бұндай өнер кез келгеннің қолынан келе қоймас. Сондықтан сіз мынандай майда қадамдарды жасаудан бастаңыз.

1-ҚАДАМ: Сізге де, досыңыз бен аға-әпкеңізге де бір өмір берілген. Әркім өзіне берілген өмірде өз қалауын жасап жатыр. Мысалы, досыңыз түнгі клубтарға барғанды ұнатады, таңға дейін думандатып қыдырғанды қалайды. Ал, сіз у-шу ортаны ұнатпайсыз. Олай болса, неге ұнамайтынды істеп, қаламаған жерге баруыңыз керек?

Ұнмаай ма, бармаңыз! «Ешқайда шықпайсың, қыдырмайсың, өмірің қызықсыз сенің, жүр бізбен» дегенге еріп кетпей, бас тартыңыз. Мақсатыңа жетудің алғашқы қадамы – қаламайтын нәрселер мен ұнамайтын адамдардан бас тартудан басталады.

Зиянды әдеттерге үйір дос-құрбыңыздан құтыла алмай жүрсеңіз, олардың қалауынан бас тартсаңыз жетеді. Бірте-бірте олар да сізден бас тартады.

Бұндай бас тартулар сіздің өзіңізге ұнайтын істі табуға, өзіңізге не қажет екенін ұғуға және өзіңізді-өзіңіз «іздеп табуға» көмектеседі.


2-ҚАДАМ: Өз қалауыңызды орындап үйрене бастағанда алдымен қабілет-қарымыңыз бен біліміңізге деген сенімділіктің пайда болғанын аңғарасыз. Содан соң біртіндеп, сымбат-сұлулығыңызға, сіз де басқалар сияқты ең жақсыға лайықты екеніңізге сеніп, еңсеңіз тіктеледі. Өйткені, енді сіз бұрынғыдай қобалжып, қымтырылмайсыз. Шешім қабылдау сәттерінде бұрын қалауы бөлек дос-құрбының көзқарасы қызықтыратын болса, енді өз көзқарасыңызға қарай әрекет етесіз.

Бұрын шашыңызды қидырып болған соң «Пәленше не дейді екен?» деп, құрбыңыз көргенше уайымдап жүретін едіңіз, ал көйлек сатып аларда «Пәленшеге ұнамаса ше?» деп көп ойланатынсыз. Шаш үлгісін өзгерту де, жаңа бір бұйым сатып алу да бұрын қандай қиын болса, өзіңізге ұнайтынды орындауды үйренген соң бәрі де оп-оңай бола бастайды.


3-ҚАДАМ: Енді сіз не өспейтін, не өшпейтін жұмысыңыздан, сөзінде байламы жоқ сүйгеніңізден де кетуден қорықпайсыз. Аяғыңызға, дамуға, өзгеруге тұсау болған қорқыныштарыңыз түкке тұрғысыз екеніне көзіңіз жетіп, «Неге бұны бұрын ойламағанмын?» деп, әрекетке көшесіз.

Осылай сіз өміріңізге өзгеріс, жаңалық енгізесіз. Осындай өзгерістер мақсатыңызға барар жолды анықтайды, жақындатады, жеткізеді.


ӨЙТКЕНІ...

Өйткені, сіз бұрынғыдан өзгергенсіз. Өйткені, сіздің өзіндік көзқарасыңыз, ой-пікіріңіз бар. Сіз өз ой-пікіріңізді жақтап, дұрыстығын дәлелдей аласыз. Өйткені, сіз өзіңізге, бағыт-бағдарыңызға, жүріп келе жатқан жолыңызға сенімдісіз. Өйткені, сіз мәселеден де, қиындықтан да қорықпайсыз. Өйткені, қиындық пен мәселе адамның ойында, басында ғана қиын екенін, ал оған жақындағанда оны барлық адамның жеңе алатынын білесіз. Өйткені, сіз де өзіңізді жеңімпаздардан, жетістікке жеткен жандардан кем санамайсыз. Өйткені, өзіңізге сенімдісіз. Өйткені, сенген адамға өмірдің өзі көмектесетініне сенесіз...


Бұны ары қарай жалғастыра беруге болады. Бірақ, бәрібір «сенімділік» сөзіне айналып келе беретініңіз анық. Демек, өзгелердің кертартпа сөзіне, жағымсыз пәкірлеріне, тұлғаңызды төмендетпек болған таяз ойларына сенімділік ғана қарсы тұра алады. Сенімділік күші артса, құлағыңыз айналаңыздағылардың кертартпа сөздеріне автоматты түрде жабылып, өсуге итермелейтін сын пікірі мен қамшы сөздеріне өздігінен «ашылатын» болады. Әрине, ол үшін үш қадамнан өтуіңіз қажет-ақ.


Өзгеруге, өзгеріс енгізуге ешқашан кеш емес!

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Жиен ел болады жайлы болса, желке ас болады, майлы болса...


АБЫСЫНның татулығы ЕНЕге де байланысты екен