​Бұл ҚҰПИЯны білмейінше арман-тілектеріңіз орындалмайды

0
13 231

Осы 7 ережеге қарап құрылған арман-тілек міндетті түрде орындалады дейді белгілі мотиватор.


​Бұл ҚҰПИЯны білмейінше арман-тілектеріңіз орындалмайды

2021 жылға жоспар құрып үлгердіңіз бе? Оны қағазға жазбас бұрын мына ережелерді біліп алғаныңыз жөн дейді Елена Блиновская.


Елена Блиновская халықаралық дәрежедегі тренинг, мотиватор, жеке тұлғаны қалыптастыру бағдарламаларының авторы. Оның есімі Ресейге ғана емес, көптеген елге «Армандар марафоны» деген жобасымен жақсы таныс.

Елена «Армандарыңызды орындайтын – өзіңіз. Тек дұрыс армандай білу керек» дейді. Ол үшін өзіндік ереже бойынша жұмыс жасау қажет екен.



1 ЕРЕЖЕ

Орын дайындаңыз. Мысалы, екіқабатсыз делік, босанатын уақыт жақындағанда балаңыздың жататын орнын, оған бөлме іздеп ойланасыз. Немесе келесі айдан бастап ініңіз, я болмаса қайныңыз сізбен бірге тұратын болды. Ең алдымен оған бөлме дайындайсыз. Сол сияқты жаңа тоңазытқыш сатып алардан бұрын қажетсіз заттарды шығарып, орын босатасыз.

Үйіңізге келер жаңа адамға ғана емес, жаңа заттарға да алдын ала орын дайындау – бірінші ереже. Ол үшін үйіңіздің барлық бөлмесін, балкон мен гаражды да мерзімі өткен, пайдаланылмайтын, жарамсыз, бұзылған, сынған, тозығы жеткен заттардан тазартыңыз. Бір сөзбен айтқанда бекерге орын алып тұрған заттарды шығарып тастаңыз. Айналаңызды қажетсіз заттардан тазалау өте маңызды. Сондықтан алғашқы қадамды тазалаудан бастау керек.

Бірінші ережені орындауға үш күн уақыт арнаңыз.



2 ЕРЕЖЕ

Ақ параққа 30-40 шақты мақсат, арман-тілектеріңізді жазыңыз. Есте ұстайтын нәрсе, арман-тілектеріңіз экологиялық таза болуы қажет. Яғни, ешкімге зияны тимейтініне назар аударыңыз. Ойдың, сөздің экологиялық таза болуы – екінші ереже.

Мысалы, «Сүйіктім ертерек ажырасып, біз бірге болайық» деп тілеуге болмайды. Бұл тілегіңіз сүйіктіңіздің әйелі мен балаларына зиянды. Сондықтан да мұндай тілектер экологиялық лас боп саналады.

Қағазға тізіп жазған арман-тілектеріңізді саралап, 2021 жылы орындалса екен дейтін негізгі он мақсатты қалдырыңыз.



3 ЕРЕЖЕ

Арман-тілектеріңіз тек өзіңіз туралы болуы керек. Мысалы, «Маған күйеуім көлік сыйласын», «Күйеуім арақ ішетінін доғарсын», «Ұлым жоғары балл жинап, грантпен оқуға түссін» т.б. деген тілектер болмайды. Дәл осы тілектерді өзіңізбен байланыстырып өзгертіңіз. Мәселен, «Менің қаржылық жағдайым жақсарсын», «Мен молшылықта өмір сүрейін», «Өмірім тыныштық пен сүйіспеншілікке толсын» т.б.

Сонымен, есте ұстаңыз: тілектің өзіңізге арналып жазылуы – үшінші ереже.



4 ЕРЕЖЕ

Арман-тілек шынайы әрі өзіңізге шақ болғаны дұрыс. Шынайылық – төртінші ереже. Яғни, жазған арманыңызға ең алдымен өзіңіз сенуіңіз керек. Нақты айтқанда, арман-тілек қиял-ғажайып ертегілерге ұқсап кетпегенін қадағалаңыз.

Мысалы, «Брэд Питке тұрмысқа шыққым келеді». 2 ереже бойынша бұның ешкімге зияны жоқ, оның қазір басы бос. Алайда сіз Брэд Питпен бірге тұра аласыз ба? Тіліңіз, дініңіз бен өмірлік салттарыңыздың бәрі-бәрі бөлек адаммен жарасым табатыныңызға сенімдісіз бе? Жалпы Брэд Пит сізге қажет пе? Жақсылап ойланыңыз. Тілектеріңіз шынайы болсын және ең бірінші ол тілегіңіз сізге жайлы болуы қажет.



5 ЕРЕЖЕ


Келесі ереже – тілектердің орындалуына рұқсат беру. Ол үшін тілегіңізді қоршаған қорқыныш қорғанынан шығаруыңыз керек.

Түсінікті болу үшін мынандай мысал келтірейік. Мысалы әкеңіз үнемі «Нұр-Сұлтан қаласында тұруды армандадым» деп айтады делік. Бірақ ол астанаға жай қыдырып та бармаған. Ол ауылындағы малдарын сеніп ешкімге тапсырып кете алмады. Немесе бұрын-соңды болмаған ортада өзін ыңғайсыз сезінемін деп ойлады. Үшінші себеп: «Пойызда ақшамды біреу ұрлап алса ше?», «Самолет апатқа ұшыраса не болады?» деп қорықты. Байқасаңыз, мысал ретінде келтірілген үш себеп те қорқынышқа кеп тіреледі.

Есте ұстаңыз, қорқынышпен қапталған арман-тілек орындалмайды. Қорқыныштардан азат етіп, арман-тілекті босатып жіберіңіз. Міне, бұл – арман-тілектің орындалуына рұқсат беруді білдіреді.

Қорқыныштарыңызды анықтау үшін арман-тілегіңіздің әрқайсысына үш қорқынышыңызды жазыңыз және сол қорқыныштарыңызды жойыңыз.



6 ЕРЕЖЕ

Арман-тілектің орындалып қойғанын сезіну. Ол үшін арманыңыздың орындалғанын ойша елестетесіз.

Мысалы, сіз 2021 жылы Египетке саяхаттауды армандадыңыз делік. Египетте жүргеніңізді жан-тәніңізбен сезініп елестетуіңіз қажет. Египеттегі ыстық ауа райын, айналаңыздағы пирамидалар мен ыстық құмды сезініңіз. Бойына қаншама ғасырдың тарихын тұндырған пирамидаларды ұстаған кездегі сезіміңіз қандай?

Я болмаса Турцияға саяхаттау. Теңіздің жағасы, бір-бірін қуалаған толқындарды, теңіздің иісін сезініңіз. Қуаныш, таңданыс т.б. сезімдерін сезініп, арманыңызды көз алдыңызға келтіру арқылы сіз оны қуаттандырасыз, қозғалысқа түсіресіз, тартасыз.

Сезіну, визуализация жасау қиындық тудырса, алдымен әр тілегіңіздің қасына эмоцияңызды сөзбен сипаттап жазыңыз.



7 ЕРЕЖЕ

Арман-тілектеріңіздің әрқайсысына орындалу мерзімін жазып қойыңыз. Қай айдың, қай күні орындалуы қажет мерзімін міндетті түрде жазуыңыз керек.

Мысал: Тұрмысқа шығу (немесе үйлену), 2021 жыл, 15 наурыз.


Арман-тілек орындалуы үшін осы жеті ережеге сай болуы керек. Ал сіз 2021 жылға өзіңізге не тіледіңіз?

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


2021 жыл СІЗ үшін қандай болады? (тест)

2021 жылы СІЗДІ не КҮТІП ТҰР?