Бұл ҮШЕУІН жасай берсеңіз, ЕШҚАШАН ӨЗГЕРМЕЙСІЗ

0
8 925

Аурудан қорғайтын үш қуатты сақтай біліңіз.


Бұл ҮШЕУІН жасай берсеңіз, ЕШҚАШАН ӨЗГЕРМЕЙСІЗ

Індет қашан жойылатыны белгісіз. Сондықтан халық көп нәрсені үнемдеп жұмсағаны дұрыс-ақ. Әсіресе бойдағы күш-қуатты босқа шығындамай, сақтай білген дұрыс дейді психологтар.


Мынау үшеуіне қуат пен уақыт бөлу пайдасыз. Өйткені сіз ешқашан оларды өзгерте алмайсыз.



1) ӨТКЕНГЕ ӨКІНУ


Өткен шақтағы істі, қайран жастық шақты, өмірден кеткен жақын-туысты да қайтара алмайсыз. Еске алыңыз, бірақ, өкінбеңіз. Өкінгеннен пайда жоқ, зияны бар. Жүйкеңіз тозады, ойыңыз шаршайды, жүрегіңіз ауырады.

Кешегі күн өтті, алдыңғы күн кетті, бүгін күн енді жетті. Кешегі емес, бүгінгі көңіл күйіңіз маңызды. Дәл қазір ауру жұқтырмау, амандық маңызды. Ол үшін бойыңыз да, ойыңыз да қуатты болғаны жөн-ақ.



2) КӨЗБЕН КӨРМЕГЕНГЕ СЕНУ


Қазір әлеуметтік желілерде қайғыртатын, қорқытатын небір ақпараттар тарап жатыр. Өкінішке орай, оның көпшілігі жалған ақпарат. Әрқайсысына сеніп үрку, уайымға салыну физикалық тұрғыда да, психологиялық жағынан да әлсіретеді. Әлсіз денеге ауру үйір. Бөденедей нәрсені бөренедей етіп көрсететіндерге сене бермеңіз.



3) ТЫҢДАМАЙТЫНҒА АҚЫЛ АЙТУ


Қазақта «Тыңдаушысы жоқ сөз – жетім» деген нақыл бар. Ойланып көріңізші, сіздің қай сөзіңіз жетім қалып жатыр? «Көпшілік ортада бетперде киіп жүр!», «Той-томалақ, гәп, отырыс жаса ма!», «Барма!», «Ауру белгісі байқалса дереу дәрігерге тексеріл» деген сөздеріңізді кім тыңдап, қайсысы тыңдаған сыңай танытып жүргенін саралап шығыңыз. Саралау арқылы қуатыңызды үнемдей аласыз. Айтқан ақылыңыздан қорытынды шығармайтындарға сөзіңізді, уақытыңызды зая етпеңіз!


МЫСАЛ:

Ауған халқында «Торғайдың үш өсиеті» деп аталатын мысал бар. Онда былай делінеді:

Бір торғай жем іздеп жүріп құсшының құрған торына түседі. Қолымен қыса ұстаған құсшыдан құтылудың амалын іздеген торғай:

- Мені жібер. Кішкентай ғанамын, жегеніңмен бәрібір қарның тоймайды. Одан да мен саған өмірлік азық болар үш ақыл айтайын, - дейді. Құсшы:

- Мейлі, айт. Тыңдайын, - дейді.

- Бірінші ақылымды алақаныңды ашып тұрғанда айтамын. Екіншісін ағаштың бұтағында отырып, ал үшінші ақылымды ұшып бара жатып айтамын, - дейді. Құсшы келіседі. Ол алақанын ашқанда:

- Өткен іске ешқашан өкінбе, босқа әуре боласың, - дейді де торғай ұшып кетеді. Ағаштың бұтағына қонып:

- Енді екінші ақылымды тыңда. Өз көзіңмен көрмеген нәрсеге ешқашан сенуші болма! - дейді.

- Үшінші ақылыңды айт енді, - дейді құсшы. Торғай:

- Ей, құсшы, менің жемсауымда сенің алақаныңдай гауһар тас бар, сойғаныңда әп-сәтте байып шыға келер едің, - дейді. Құсшы отыра қалып:

- Қап, байлықтан айырылып қалдым-ау, - деп санын соғып, өзін-өзі кінәлап өкінеді. Тоқтамай өзін-өзі жазғырып ұзақ жылайды. Осы кезде торғай:

- Өткенге өкінбе дедім, ал сен жарты сағат өкініп жыладың. Көзбен көрмегенге сенбе дедім, сен менің өтірік сөзімді сараламай-ақ сене салдың. Сенің алақаныңдай тас менің ішіме қалай сыяды? Тыңдамайтын адамға айтқан сөз бен кеткен уақыт зая, - деп ұшып кетеді.


Адам бойында аурудан қорғайтын үш қуат бар. Олар – ақыл қуаты, жүрек қуаты және тіл қуаты. Індет жайлап тұрған шақта осы үш қуатты сақтай білу маңызды!

(Суретер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Індетті қайтаруға ұсынылған ДҰҒА

ПНЕВМОНИЯны АФФИРМАЦИЯмен ЕМдеуге бола ма?