Бес-ақ минут...
фото: eatthis.com
2021 жылдың аяқталуына аз уақыт қалды. Иә, он-ақ күн! Жыл басында құрған жоспарларыңыздың, арман-тілектеріңіздің қанша пайызы орындалды?
Егер жоспарларыңыз жүзеге аспаса, мақсатыңызға жетпек түгілі оған жақындай да алмасаңыз, бүгіннен бастап ұйқыға жатарда мынандай психологиялық техниканы жасауды әдетке айналдырыңыз. Тіпті көрінетін жерге әлемге есімі белгілі Т. Эдисонның «Түпсанаңызға сұраныс жібермей ұйқыға жатпаңыз» деген сөзін жазып, іліп қоюға да болады.
Ғалымдар адамның түпсанасы үздіксіз жұмыс істейтінін анықтаған. Әсіресе, тән демалып жатқанда оның жұмысы белсене түседі екен. Мысалы, душ қабылдап жатқанда, автобуста отырғанда небір ойлар, идеялар келеді. Міне, бұл адамның тәні босаңсығанда ми жұмысы артатынына дәлел. Ғылыми зерттеулермен миыңызға салмақ салмайық. Одан да түпсанаға сұраныс жіберу туралы егжей-тегжейлі айтып түсіндіріп көрейік.
Сонымен, түпсанаға сұрауды қалай жібереді? Арман-тілекке сұраныс жіберу бар-жоғы үш-ақ қадамнан тұрады және небәрі 5 минутыңыз кетеді.
1 ҚАДАМ
Барлық жұмысты бітіріп, жуынып ұйқыға жатуға дайындалыңыз. Бөлменің жарығын сөндірмес бұрын, 1 минуттай уақыт көзіңізді жұмыңыз. Арманыңыз туралы ойлаңыз. Сізде арман көп шығар, бірақ біреуін ғана ойлап, ойыңызды сөзбен айтыңыз. Мәселен, жүкті болғыңыз келеді делік. «Балалы болғым келеді» деп тілегіңізді іштей үш рет айтыңыз және дауыстап үш рет қайталаңыз.
Екінші мысал: 10 кг салмақ тастап, арықтауды қалайсыз.
«Сұлу да сымбатты болғым келеді» деп айтыңыз. Сосын көзіңізді ашып, жарықты сөндіріңіз.
1-қадамда ойды сөзбен, сондай-ақ шын ниетпен айту маңызды.
2 ҚАДАМ
Басыңызды жастыққа қойып, көзіңізді жұмыңыз. Терең-терең тыныс алып, бүкіл денеңізді босаңсытыңыз. Екі минут арманыңыз орындалып қойғанын ойлаңыз. Яғни, екіқабат боп жүргеніңізді немесе жүктілік тестінен екі сызықты көргеніңізді елестетіңіз. Бұл жерде тілегіңіздің орындалғанын ойша нақты детальдармен «көре білу» керек.
Екінші мысал: Ойша таразы үстіне тұрыңыз, өзіңіз қалаған салмақты көріңіз. Немесе сыймай қалған көйлегіңізді ойша киіңіз.
2-қадамда визуализация өте маңызды.
3 ҚАДАМ
Ендігі екі минутты эмоцияға арнайсыз. Тілегіңіз шынымен орындалса, қандай күйде болар едіңіз? Бұл күйді ойша елестету немесе ауызша айту қажет емес. Дәл қазір сол эмоцияға еніңіз. Қуаныштан көзіңізге жас келе ме, әлде жай ғана «Ризамын, шүкір» деп жымиясыз ба? Арманыңыз дәл қазір орындалғандай қуаныңыз.
Міне, осы эмоциямен ұйықтаңыз. Небәрі 5-ақ минут күнде осы техниканы жасасаңыз жетеді, қалғанын түпсанаңыз орындайды.
Жалпы, бұл техника өмір сүруге құлшынысыңызды арттырып, мотивация береді. Эмоциональдық күйді жақсартады. Қуатыңыз молаяды. Бұндай өзгерістерді бір айдың ішінде байқасыз. Бәрінен де арман-тілектің орындалуын жылдамдатады. Ендеше, осы техниканы орындамай ұйқыға жатпаңыз.
Табиғат ҚАЛЫБЕК,
Тағы да оқыңыз:
2022 жылы сізді НЕ күтіп тұр? (тест)
2022 жылға ЕҢ ҚАЖЕТ БОЛАТЫН 4 сабақ