​Физикалық және психикалық шаршауды басудың СУПЕР ӘДІСІ

0
3 876

Нәтижесі бір күнде байқалады.


​Физикалық және психикалық шаршауды басудың СУПЕР ӘДІСІ

фото: machinatorium.files.wordpress.com

Жұмыстан, мәселелерден, адамдардың сөзінен, өзінен шаршайтын кез болады. Психологтар бұндайда ең бірінші ойды тыныштандыру керек дейді. Ой тынышталса физикалық та, психикалық та шаршау жылдам қалпына келеді екен.

Сан-саққа жүгірген жүйрік ойды тыныштандыру үшін мынандай медитациялық жаттығуды жасауға болады. Ол үшін сізге 3 ментальды бөлме қажет.


Ментальды бөлме деген не?

Ментальды бөлме – бұл сіздің ойша жасап алатын орныңыз. Мүмкін ол қаланың шетінде у-шудан алыс жерде орналасқан шағын бір бөлмелі үй болар. Немесе тұрып жатқан үйіңіздің оңаша бөлмесі шығар. Я болмаса табиғаты тамаша таудағы бір үңгір. Өзіңіз көрген (суреттен, интернеттен, кинодан т.б.) өмірде бар орын болса да болады.

Қиялыңызға ерік беріп, жаныңыз қалайтын, өзіңізге ұнайтын жерден бір бөлме «тауып алыңыз». Сосын сондай тамаша тағы да екі бөлме керек.

Бастысы, оны ойыңызда анық суреттеп, нақты көре алуыңыз қажет. Ол бөлменің бірі тауда, бірі қалада орналасса да болады. Сіз оларға ойша бір секундта бара аласыз. Осы тұста ұғынықты әрі сіздің қиялыңызға көмек болу үшін үш бөлмені мысалға келтірейік.



Бірінші бөлме

Кішкентай үйдің бір бөлмесі. Үлкен екі терезесі бар. Бір терезеден қарасаңыз, жасыл желекке оранған биік таулар көрінеді. Екінші терезеден ұшы қиыры жоқ теңізді көресіз.

Оң жақтағы терезені ашсаңыз жылы желмен бірге түрлі гүлдердің, сізге ұнайтын шөптердің жұпар иісі бөлме ішін толтырады, құстардың сайрағаны естіледі. Ал сол жақтағы терезені ашсаңыз, теңіз толқындарының дыбысы естіліп, жаурататын салқын ауа денеңізді рахатқа бөлейді. Немесе екінші терезеден сарқыраманы көресіз.

Жалпы, бұл бөлмеге кіргенде сіз күйбең тірлікті, мәселелерді ұмытып, тәніңіз бен ойыңыз босаңсуы керек. Бүкіл денеңіз балқып, ерекше күй кешуіңіз қажет. Өйткені бұл демалыс бөлмесі.

Бөлме орнына әдемі бауды немесе теңіз жағалауын, аралды елестетсеңіз де болады.


Екінші бөлме

Қуат, мотивация беретін заттармен, бұйымдармен сәнделген бөлме. Бір қабырға түгелдей экран. Сіз ол экраннан бұрынғы естеліктерді, адамдарды көре аласыз. Кімді немесе нені қалайсыз, сол мезетте оны үлкен экраннан көресіз.

Бұл бөлмеге кіргенде сіз ерекше қуаттанасыз. Санаңыз, бойыңыз бен ойыңыз сергектенеді.

Бөлмені өзіңізге ұнайтын түстермен, әуенмен, дыбыстармен, жиһаздармен толықтырыңыз.



Үшінші бөлме

Бұл бөлмеге кіргенде сіз бақытты екеніңізді мойындайсыз, түсінесіз. Яғни, «Бақыттымын, қазіргі өмірім тамаша екен ғой» деген ой келетіндей бөлме болуы керек.

Мысалы, апа-аталарымыз «Біздің заманымызда смартфон болмады, алыстағы ағайынның амандығын білу үшін хат жазатынбыз. Кірді қолмен жуатынбыз. Сәбидің жөргегін қайта-қайта жуып, үттіктейтінбіз. Ал қазір бәрі жеңіл, оңай. Бақыттысыңдар!» деп жиі айтады емес пе? Мүмкін 20 жыл бұрынғы замандағы бөлме болсын. Немесе есіңізге түскенде езуіңізге күлкі жиырылатын, еріксіз күлімсірететін жастық шақтағы фотоларыңызға толы бөлме деп ойлаңыз. Бөлмеге сізге бақыт сыйлайтын өткен шақ, осы және келер шақтың бір затын қойыңыз. Сол заттарды көргенде өміріңізге алғыс айтып, үміт оты жанып, «Бақыттымын, рахмет!» деуіңіз керек.

Осы мысалға қарай отырып, ментальды бөлмелерді өз ойыңызбен, қалауыңызша безендіріп, жасап алыңыз. Шаршағанда сол ментальды үш бөлме сізге сая болады. Тіпті жаныңыздағы адамдардан шаршағанда ойша сол бөлмелерге «қашып кетуіңізге» де болады.



Медитациялық жаттығу

Сонымен, үш бөлме дайын. Көзіңізді жұмып, үш бөлмеге ойша 10 минут саяхат жасауды бастаңыз. Алдымен демалыс бөлмесіне кіріп, 5 минуттай сонда болыңыз. Одан шығып, екінші бөлмеге кіріп, шамамен 2-3 минут кідіріңіз. Сосын үшінші бөлмені 2 минуттай аралап, «бақыттымын, өміріме ризамын!» деп, көзіңізді ашыңыз. Терең-терең тыныс алып, жаттығуды аяқтаңыз. Бөлмелерге 10 минуттан көбірек уақыт саяхаттауға да болады.

Бұл медитациялық жаттығуды шаршағанда жасаңыз. Немесе күніне бір рет таңертең, не ұйқыға жатарда орындаған дұрыс.

Алғашқыда жаттығудың пайдасы аңғарылмас. Ал ойша ментальды бөлмелерге саяхатты көбірек жасап, визуализацияңыз әбден шыныққан соң, жаттығуды күнде орындайтын боласыз.

Жаттығу жан мен тәнді қуаттандырып қана қоймайды, сонымен бірге қорқыныштарды жойып, стресті қуады. Тіпті тұрмыстық мәселелердің шешімін оңай табуға, денсаулықты нығайтуға көмектеседі.


Дайындаған: Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Ішетін әкенің балалары қандай болады?

Ажырасқан ата-аналар НЕНІ білуі керек?