Кез келген нәрсені ҮЙРЕНУ үшін ҚАНША сағат арнау КЕРЕК?

0
4 645

Психологтар «Талантсыз-ақ танылуға болады» дейді. Ол үшін өз салаңыздың білікті маманы болсаңыз жеткілікті екен. Ал, үздік болу үшін қанша уақыт керек?


Кез келген нәрсені ҮЙРЕНУ үшін ҚАНША сағат арнау КЕРЕК?

«Бір айда ағылшын тілінде сөйлей аласыз», «1 күндік мастер класта бес түрлі торт пісіруді үйренесің», «Суда жүзуді жылдам үйретеміз» деген секілді жарнамаларды сіз де көріп жүрген боларсыз. Расында, 1 айда шет тілін, 1 аптада домбыра тартуды, 10 күнде киім тігуді, 1 күнде торт пісіруді үйренуге бола ма?


Джош Кауфман «Алғашқы 20 сағат» деп аталатын кітабында «Кез келген нәрсені 20 сағатта үйренуге болады» деп жазады. Әрине, ынта болса не нәрсені де жылдам үйрене аласыз. Бірақ, хас шебер, білгір маман болу үшін осы үйренген нәрсеге 10 мың сағат арнап жаттығу қажет екен.


Белгілі швед психологы, профессор Андерс Эрикссон осылай дейді. Алайда осы орайда сіздің «Сонда ешқандай дарыным болмаса да 10 мың сағат жаттығу арқылы кез келген саланың білікті маманы бола аламын ба?» дейтініңіз анық-ақ. Андерске осындай сұрақтар жиі қойылғандықтан, ол математика ғылымдарының докторы Роберт Пулмен бірігіп ми нейрондарының тұлғалық дамуға қатысы жөнінде ғылыми кітап жазған. Ол зерттеу кітабында тума таланттар ғана емес, кез келген адам тұрақты түрде жаттығу арқылы тұлғалық дамудың жоғары деңгейіне жете алатындығын айтып, тәжірибелік дәлелдер келтірген.


ТАЛАНТ ҚАЖЕТ ПЕ?

Психолог Андерс Эрикссон екі әріптесімен бірге Берлиндегі музыкалық академияға келеді. «Ұялмаған әнші болар» демекші, танымал әнші болу үшін кейде білімнің де, таланттың та маңызы бола қоймас, ал музыкалық аспаптарда ойнау үшін қабілет керек. Техникалық шеберлікті меңгеру бір басқа да, аспаптың дыбыс бояуын түсіну бір басқа. Әсіресе, «музыка ханшайымы» саналатын скрипкада сызылта ойнау өте қиын. Заманауи әдістер арқылы ең биік тұлғалық дамуға қол жеткізуге болатынын дәлелдеу үшін психолог әдейі тек таланттылар жиналған «Скрипка» кафедрасының студенттерінен (бітіруші) түрлі сұрақтар қою арқылы сынақ алады. Нәтижесінде психолог студенттерді музыкалық білім деңгейі мен байқауларда алған жүлделі орындарына қарай үш топқа бөледі.

Бірінші топқа біліктілігі ең жоғары студенттерді топтайды, олар түрлі байқаулардың жеңімпаздары, арасында халықаралық конкурстарға қатысқандары да бар. Екінші топтағылар – тек студенттер арасындағы сайыстарға қатысумен шектелген, әйткенмен білімді студенттер. Үшінші топқа орта деңгейлі скрипкашы студенттерді жинайды.

Сосын үш топты қайтадан біріктіріп, әр студентке «Осы уақытқа дейін скрипкада ойнауға қанша уақыт жұмсалды?» деген сұрақ беріледі. Нақты есебін шығару үшін, әр жас, жыл, сағат, минут уақыттары көрсетілген парақша таратылады.

Психолог Андерс Эрикссон енді студенттерді скрипканы тартуға жұмсаған сағаттарына қарай үш топқа біріктіреді. Қызығы, 10 мың сағат және одан көп уақыт арнағандар – байқаулардың жеңімпаздары еді. Ал, 8 мың сағат арнағандар – алғашқы бөлген кездегі 2-топтағылар болса, ал 4 мың және одан аз сағат жұмсағандар – үшінші топтағы студенттер екенін анықтайды.

А. Эрикссон кейін пианино класының студенттеріне де осындай зерттеу жұмысын жүргізеді. Нәтиже скрипкашы студенттердікімен сәйкес болады. Жаттығуға көп уақыт арнамай шебер болу мүмкін емес екеніне көзі жеткен психолог «10 мың сағат жаттыққанда кәсіби деңгейге жетуге болады» деген тоқтамға келеді.

Американдық оқымысты, жазушы, музыкант, психолог әрі невролог, бірнеше кітаптың авторы Даниель Левитин де өзінің бір кітабында «Қай салада да шеберліктің шыңына жету үшін 10 000 сағат жаттығу қажет» деп жазған.

Екі психологтың пікірімен журналист Малкольм Гладуэллдің де мысалдары сәйкес келеді. Оның «Генийлер және аутсайдерлер» деп аталатын кітабында «10 000 сағат ережесі» деген қызықты әдісті кездестіруге болады. Ол бірнеше белгілі жазушы, композитор, спорт шебері, тіпті белгілі қылмыскерлердің өмірбаянын мысалға келтіре отырып жазған аталмыш кітабында «Адам гений боп тумайды, гений боп қалыптасады» дейді.


Демек, ұлы жетістікке жету үшін талантты болу міндетті емес. Бұл сөзді орыстың ұлы композиторы Петр Чайковский де растайды. Одан бір шәкірті: «Ұлы деген кім?» деп сұрағанда, П. Чайковский «бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек» деп жауап берген екен.


Олай болса, есте ұстаңыз: Адамды адам еткен еңбек тұлғалық дамудың жоғары деңгейіне де жеткізе алады. Белгілі психологтар айтқандай, ол үшін 10 мың сағат шынығуға, жаттығуға арнасаңыз болғаны. Сонда қанша күн?


КҮНІНЕ ҚАНША САҒАТ АРНАҒАН ДҰРЫС?

Бір күнде 24 сағат болса, ал бір айда 720 сағат бар. Сонда бір жыл=8640 сағат. Күні-түні ұйықтамай тек жаттығып, шынығуға уақытыңызды арнаған күнде де сізге бір жыл жетпейді. Сондықтан, 2-3 жылда ұлылыққа жетем деп өзіңізді қинаудың қажеті жоқ. Егер, жас болсаңыз, Моцарт ұқсап жаттығуға әр күні 3 сағатыңызды арнасаңыз болады. Музыка жазуды 10 жасынан бастаған Моцарт әр күні 3 сағат уақытын музыкаға бөлген. Оның ең үздік музыкалық шығармасы 21 жасында жазылған.


Сіз де өз салаңыздағы ізденіске, әрекетке әр күні 3 сағат уақыт жұмсайтын болсаңыз, 10 жылда ұлы жетістікке жете аласыз. Ал, күніне 6 сағат арнасаңыз, 5 жылда-ақ ұлы даламыздың белгілі ұлы атанасыз.


НЕ ҮШІН?

Профессор Андерс Эрикссон, математика ғылымдарының докторы Роберт Пул және басқа да көптеген психолог мамандар не үшін уақытын ғылыми зерттеу жұмыстарына, тәжірибелік сынақтарға арнады? Аудармашылар кім үшін олардың кітаптарын аударды? Өзіне сенімсіз адамдардың «Пәленшеде талант бар ғой, ал маған ондай болу қайдан?» деген көзқарасын өзгерту үшін! Сіздің де үлкен жетістіктерге жете алатыныңызды, талантсыз да таудай биіктерді бағындыруға болатынын ұқтыру үшін!

Әрине, көптің бірі боласыз ба, әлде өз салаңыздың жарқыраған жұлдызы боласыз ба, таңдау өзіңізде.

Сонымен, кім болуды, нені үйренуді таңдадыңыз?

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


АРМАН орындалу үшін ҮШ СҰРАҚТЫҢ жауабын білуіңіз қажет


«Жақсы әйел» болуға тырыса бермеңіз! НЕГЕ?