ҚОРҚЫНЫШТЫ жеңген адам ІНДЕТТІ де жеңеді

0
4 842

Әлеуметтік желілерде көңіл айтуды доғару керек.


ҚОРҚЫНЫШТЫ жеңген адам ІНДЕТТІ де жеңеді

Соңғы айда аурудан қайтыс болғандар көп. Әлеуметтік желілерде «Бақұл бол», «Жаны жәнната болсын», «Жақсы адам еді» деген тақырыппен жақын-туысын жоқтаған жазбалар көбейіп кетті.


«Көңіл айтулар» оқыған адамның көңіліне әсер етпей қоймасы анық. Әсіресе ауырып жатқан, ата-анасы, бауыры төсек тартып жатқандарда қорқыныш тудырады. Ал қорқыныш аурудан да жаман.


МЫСАЛ: Қорқыныштың қалай әсер ететінін зерттемек болған мамандар екі қораға екі қойды қамайды. Жемі, суы мен шөбі уақытылы беріледі. Айырмашылық - бірінші қорадағы қойдың қасына торға салынған қасқыр қойылады. Қасқыр торда, ол шыға алмайды.

Бірер айдан кейін бірінші қорадағы қой өліп қалады. Ал екінші қорадағы қой күннен-күнге семіреді. Неге? Бірінші қорадағы қой қорқыныштан өлді.

Үрей, қобалжу, өлім туралы ойлай беру – аурудан да қауіпті.



ҚОРЫҚПАҢЫЗ

Өмір мен өлімді беретін – Алла. Әр адамның өлшеулі өмірі бар, ешкім сол мерзімнен артық та, кем де өмір сүре алмайды. Алланың әмірінсіз ешкімді ауру да, басқа да арғы дүниеге алып кете алмайтынына сеніңіз. Ауру Алладан күшті емес!

Құран Кәрімде былай делінген:

Ағраф сүресі, 34-аят: «Әрбір үмбеттің белгілі мерзімі бар. Олардың мерзімі келгенде оны бір сағат кешіктіре де, ілгерілете де алмайды»

Уақиға сүресі, 60-аят: «Біз араларыңда өлімді белгіледік. Сондықтан ешкім де бізден оза алмайды»

Лұқман сүресі, 34-аят: «Ешбір жан ертең не болатынын білмейді, ешбір жан қай жерде өлетінін білмейді. Шындығында, Алла – бәрін білуші һәм хабардар»

Мунафиқун сүресі, 11-аят: «Қашан біреудің ажалы келсе, Алла оны әсте кешіктірмейді».


Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Демек жұқпалы вирустан қайтыс болып жатқандардың бұл пәнидегі өлшеулі мерзімінің біткені деп қабылдаңыз.

Дұрысы, карантиндік шектеулердің қатарына әлеуметтік желіні де қосыңыз да, телефоныңызға үңіле бермеңіз. Ал таныс адамыңыздың өлшеулі ғұмыры аяқталса, оны жалпақ жұртқа жария етпей, артында қалған туған-туысқандарына қоңырау шалу арқылы көңіл айтумен шектеліңіз.



ҚОРҚЫТПАҢЫЗ

Әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан қаралы хабарлармен емес, аурудың алдын алатын пайдалы ақпараттармен бөлісіңіз.

Ауырып әрең демалып жатқандардың видеосын, танысыңыздың немесе әріптесіңіздің қайтыс болғанын жақын адамдарыңызға «Сақтан», «Бетперде тағып жүр», «Ауруға немқұрайлы қарама, емдел» деген мақсатта таратқыңыз келетін шығар. Бірақ, сіздің дұрыс мақсатта таратқан видеожазбаларыңызды әр адам түрліше қабылдайтынын есте ұстаңыз.

Әркімнің қабылдау деңгейі ғана емес, ағзасы да түрліше. Сондықтан өзгеге көмектескен ем барлық адамға да жәрдемдеседі деп, әлеуметтік желіде тарап жатқан ас содасы қосылған су буымен тыныстау, басқа халық емдерін де тарата бермеңіз.


МЫСАЛ: Бір шымшық суықтан қатты ауырып, әлсіздіктен ұша алмай жерге топ етіп құлайды. Өтіп бара жатқан сиырдың бірі шымшықтың үстіне жас тезегін тастап кетеді. Бұны сырттай бақылап отырған басқа шымшықтар «өлді» деп жоқтай бастайды. Ал ыстық тезек астында жатқан ауру шымшық терлеп, денесі балбырап ұйықтап қалады.

Ұйқыдан тұрғанда ауруынан құлан таза айыққанын байқап, қата бастаған тезек астынан шығуға әрекеттенеді. Ағаш бұтақтарында отырған шымшықтар қалай көмектесерін білмей әлек болады. Бір уақытта өтіп бара жатқан мысық тезектің қимылдап жатқанын көріп, тырналауға кіріседі. Бұны көрген шымшықтар «көмектесіп жатыр» деп қуанысады. Бірақ мысық тезек астындағы шымшықты жеп қойыпты.



ДАУРЫҚПАҢЫЗ

Қазір әркім өзіне жәрдемдескен еммен бөлісіп, келіп жатқан ақпараттармен бөлісіп жатыр. Бірақ оның бәрін орындап, басқаға көмектескен дәрінің бәрін іше беруге де, ауыра қалған жағдайда уайымға салынуға да болмайды. Даурықпаңыз!


1) Ең бірінші терлеудің амалын жасаңыз. Тер шықпай дерт шықпайды.

Құран Кәрімде жаңбыр туралы бірнеше аят бар, оның бәрінде де «жаңбыр арқылы тірілттік» делінеді. Мысалы, Зухруф сүресінің 11-аятында: «Ол аспаннан өлшеммен жаңбыр жаудырды. Онымен өлілерді тірілттік» делінсе, Фатыр сүресінің 9-аятында: «Алла желді жөнелтіп, бұлттарды қозғайды. Ол бұлтты өлі жерге айдаймыз. Бұлттан жаңбыр жауып, сол жаңбырмен жансыз жерді қайта тірілтеміз. Өлілердің тірілуі де дәл сол секілді» делінген. Ал ғалымдар адам ғаламшардың кішкентай көшірмесі дейді. Демек жаңбыр адамның денесінен шығатын тер емес пе? Терлеу арқылы ғана дертті ағзадан шығара аласыз.


2) Ауырдым деп төсекке таңылып жата бермеңіз.

«Тіршілік басы – қозғалыс» деген Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыз. Демек ауруды қуу үшін қозғалыңыз, дене жаттығуларын жасаңыз, денеңізді уқалап массаждаңыз. Қимылдау арқылы қанайналым жақсарады және терлейсіз.


Психологиялық иммунитетіңізді түсіріп алмау үшін үрейді бойыңызға жолатпаңыз. Сонымен қатар салауатты өмір салтына көшіп, дұрыс тамақтанып, физикалық жаттығулар жасап ағзаңыздың иммунитетін әрдайым жоғары ұстауға тырысыңыз. Осы екі иммунитеттің жоғары болуын қадағалаңыз.


Жазира СМАҒҰЛОВА

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Өзіңізді де баладай еркелеткенде табысты әрі бақытты боласыз

Үлкен проблеманың кішкентай ғана шешімі бар