КҮЙЕУГЕ ТИЮ - проблемадан құтқармайды

0
3 917

БҰЛ КЕҢЕСТЕРДІ ешкім айта бермейді


КҮЙЕУГЕ ТИЮ - проблемадан құтқармайды

Фото: s2.best-wallpaper.net

Шындықты ешкім айта бермейтіні белгілі. Десе де тұрмысқа шығатын қыздың мынандай төрт шындықты білгені дұрыс.

Сонда ол иллюзиямен өмір сүрмейді және бүкіл ғұмырын өзгелердің көңілін табуға арнап, өзін ұмытып кетпейді. Сонымен, ол қандай шындық?



1. Неке мәселеден құтқармайды

Қыздар пәтерден-пәтерге көшіп жүруден, үйіндегі таусылмайтын мәселеден шаршағанын айтқанда, айналасындағылар «Тұрмысқа шығып кетсейші» деп ақыл айтады. Бірақ соның ешқайсысы да жоқшылықтан, жалғыздықтан құтылғаныңызбен, басқа мәселелерге тап болатыныңызды айтпайды.

Мейлі, ойсыз асығыстықпен, я болмаса есеппен немесе сүйіп-күйіп, қалай тұрмысқа шықсаңыз да барлық мәселеден құтыла алмайсыз. Тіпті мәселеңіз бұрынғыдан да көбейіп кетуі мүмкін. Олай болса, тұрмысқа мәселеден құтылу үшін емес, сезіміңіз жарасқан адаммен өмір сүру үшін шығыңыз.

Отбасылық өмірдің де өз мәселелері бар. Сондай-ақ адамның өмірінің соңына дейін мәселе ешқашан таусылмайды. Сондықтан сүйген, сізді сүйген адаммен бас қосыңыз.



2. Бала – әрқашан бақыт бола алмайды

Қыз бойжеткенде бәрі оны асықтырады, «Бала туып ана болуың керек. Әйелдің бақыты – балада» деп. «Баланы туып-туып таста, сонда күйеуің ешқайда кете алмайды» дейтіндер де табылады. Оң жақта отырып қалған қыздарға да үлкендер «Тым болмаса бала туып ал, баладан асқан бақыт жоқ» деп айтып жатады. Бірақ оның ешқайсысы бала жай ғана алданыш, жұбаныш екенін айтпайды. Ешкім бала бағудың, оны өсірудің қиындықтарын түгел жеткізбейді. Балалары бола тұра ажырасып кетіп жатқандардың көп екенін де бұндайда жасырып қалады.

Олай болса, баламен күйеуді жіпсіз байлаймын, көп бала тусам ата-енеме сүйкімді болам деп қате ойламаңыз. Бала табыңыз, бірақ «Ұлым жоқ. Қайтсем де ұл туып беруім керек», "Жалғыз қызыма серік керек" деп, өзіңізді қинамаңыз, мұңаймаңыз.

Әрине, ана атану, алғаш рет оны қолға ұстау, тәй-тәй басқаны сол сәтте бақытқа бөлейді. Алайда ол үнемі ананың басын бақыттан айналдыра алмайды.

Айналаңызға қараңызшы, баласы бар ана көп, бірақ оның бәрі перзенттен бақыт тауып отыр ма? Барлық еркек «Сен маған 7-8 сегіз бала туып бердің, рахмет, ұрпағымды көбейттің» деп, ханшайымдай құрметтеп жатыр ма? Барлық бала анасын алақанына салып аялап отыр ма?

Білімді, тәрбиелі болуына бар күш-қуатыңызды арнарсыз, бірақ өскенде ортасына қарай өзгеріп кететіндері де бар. Сондықтан да бақытты күндерді балаңыздың болашағынан күтіп, қазіргі осы шақтағы сәттердің өз бақытын жіберіп алмаңыз. Бүкіл өміріңізді, уақытыңызды, тапқаныңызды тек балаға арнап, тым өбектей берудің қажеті жоқ.

Ертеңгі күні «Бүкіл жастық шағымды саған арнадым», «Өзім кимей саған кигіздім», «Тек сен деп өмір сүрдім» демес үшін, өзіңізді де ұмытпаңыз. Бүгінгі өміріңізді кейінге ысырмаңыз. Әрине, бұл балаға мейірімді болма деген сөз емес.



3. Әйелдің үйдегі тірлігі ешқашан бағаланбайды

Жас келінге бәрі «Аттаған босағаңа тастай бату үшін еңбегің сіңуі керек», «Ата-енеңе жағамын десең, күнде таңғы асқа түрлі тәттілер пісір», «Шаршап тұрсаң да күйеуіңді күліп қарсы ал», «Ыдыстарың тап-таза болсын әрдайым» деп, ақыл-кеңес айтады. Бірақ бұл әйелдің өмірінің соңына дейін күнде атқаратын жұмысы екенін, шаршағанда демалып, тынығып алу керектігін ешкім айтпайды. Сондай-ақ үйдегі бітпейтін тірлікті ешкім бағаламайтыны да айтылмайды.

Рас, таңнан кешке дейін тынбай үй тазалап, тамақ пісіріп, балаға қарап, кір жусаңыз да оны ешкім бағаламайды. Ал сары қарын, салпы етек боп жүргеніңізде, күйеуіңіз басқамен кетсе, бәрі сізді кінәлайды. Ауырып қалсаңыз, дәрі-дәрмекке ақша беруге қиналып, «Өзің де отыра бермей табыс тапсаң болады ғой жұрттың әйелдері сияқты» деуі де әбден мүмкін.

Сондықтан да қазаныңызды жарқыратып тазалай бергенше, бет-әлпетіңізге қарап, күтім жасауды да естен шығармаңыз. Бір-екі күн үйіңіз жиналмаса ештеңе етпес, құрбылармен кездесуге уақыт табыңыз. Дұрысы, жалақысы аз болса да күніне бір мезгіл барып-келетін жұмысқа орналасыңыз. Өйткені бәрібір үйдің күйбең тірлігі таусылмайды және оған бәрібір үлгересіз.



4. Бәріне бірдей ұнамайды

Келіндік міндетіңізді атқарыңыз, өз орныңызды біліңіз. Иба мен әдеп сақтаңыз, үлкендерге сөз қайтармаңыз. Бірақ аттаған босағаңыздағы, әулеттегі барлық адамға ұнауға тырыспай-ақ қойыңыз. Өйткені бәрібір ұнатпайтын адам табылады.

Жас келін кезде көмектесуге шақыратындар көп болады. Уақытыңыз болса барыңыз. Жұмыстан ешкім өлмеген. Алайда кеңседегі жұмысыңызды тастап, бастығыңыздан ұрыс естіп, сілеңіз қатып тұрса да сүрініп-қабынып абысын-ажынның тірлігін істеуге барудың қажеті жоқ. Әрең уақыт тауып барсаңыз да «Кешігіп келді» дейді. «Тірлік біткенде келгенше келмей-ақ қоймады ма?» деп айтатындар да бар.

Есте ұстаңыз, барлық адамға бірдей ұнау мүмкін емес. Бәрінің көңілін табу да оңай емес.

Уақытыңыз болмаса, оны айтудан қысылмаңыз. Шаршасаңыз, демалып алудан ұялмаңыз. Өйткені бәрібір бәрі бірдей сізді жақсы көрмейді. Сіз де бәріне ұнауға міндетті емессіз. Бастысы, өзіңізге өзіңіз ұнауды, өзіңізді жақсы көруді ешқашан тоқтатпаңыз.


Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ



Тағы да оқыңыз:


АШУДЫ жылдам БАСУДЫҢ 6 әдісі

Зиянды әдеттен ҚАЛАЙ құтылуға болады?