КҮЙЕУІҢІЗДІ аз уақытта ортасына БЕДЕЛДІ ЕТЕТІН 3 техника бар

0
4 333

Бұндай еркек көп табыс табады, сыйлы болады...


КҮЙЕУІҢІЗДІ аз уақытта ортасына БЕДЕЛДІ ЕТЕТІН 3 техника бар

фото: freedomandsafety.com

Адамның өмірдегі, қызметтегі, отбасы мен достар арасындағы орны – өзін-өзі бағалау дәрежесімен тікелей байланысты. Өзін-өзі неғұрлым жоғары бағалайтын адамның қай ортада да беделі соғұрлым биік болады. Бір таңқаларлығы, бұндай адамның табысы, қуаты да көп.

Әрине, адамның өзін-өзі бағалау дәрежесін көтеруге болады. Қалай? Жолы, әдісі көп. Бірақ қай әдісті пайдалансаңыз да адам ең бірінші өзін жақсы көруі керек. Жақсы көру – қабылдау. Өзін-өзі сол күйінде, кемшіліктерімен бірге жақсы көріп, қабылдаған күннен бастап оның өзі туралы ойы өзгереді. Ой өзгерсе, ары қарай бәрі де өздігінен өрге домалайды. Бірақ ең қиыны да сол – өз ойы.

Адамның басқа біреу туралы ойын бір күнде 180 градусқа өзгертіп жіберу оп-оңай. Ал өзі туралы ойын өзгертуге көп уақыт керек. Бастысы, өзгертуге болады!

Мысалы, күйеуіңіз өзін өзгелерден кем санайды, өзіне сенімсіз, көп ортасында қысылып, еркін сөйлей алмайды делік. Иә, бұл белгілер – өзін-өзі бағалауының төмендігін білдіреді. Бір ай мына 3 әдісті қолданып көріңізші, күйеуіңіздегі өзгерісті анық байқайсыз.



1. Атын атамау

Есімін атамаңыз. Байқасаңыз, кейбір әйелдер күйеуін «Отағасы», «Әкесі» деп атайды. Оның күйеуін танымасаңыз да іштей «Күйеуі мықты біреу боп тұр ғой», «Биік лауазымды адам-ау» деп ойлайсыз. Бірақ бетпе-бет кездескенде әйелі атын атамай отырған еркек мүлде сіз ойлағандай болмауы мүмкін. Алайда бойы аласа болса да ол еркек сіздің алдыңызда биік боп тұрады. Өйткені әйелі оны «отағасы» деп, дәрежесін биіктететті.

Басқа біреу туралы жай ғана естіп отырып осындай ойға берілдіңіз. Ал енді ойлап көріңізші, адам өзі туралы осындай құрметті теңеуді естігенде қандай күйде болады? Сөз адамның ойын ғана емес, бүкіл күйін өзгерте алады.

Мысалы, сізді күйеуіңіз «Айкош, Айкоша» десе, кішкентай қыз сияқты еркелеп кетесіз. Өзіңізді ерке сезінесіз, тіпті шоколад, балмұздақ жегіңіз кеп кететіні де өтірік емес. Ал егер «Ханшайымым», «Біздің үйдің ханшайымы» десе, қасыңызды керіп, қимылыңыз кербезденіп шыға келеді. «Отанасы», «Шаңырағымның киесі» деп атаса ше, кәдімгідей жауапкершілікті сезініп, сол үйдің анасындай бола қаласыз. Солай ма? Әрине солай!

Сол сәтте-ақ көңіл күйіңіз, өзіңізді ұстауыңыз, даусыңыз өзгереді. Ал егер күнде солай атайтын болса, сіз сол теңеуге қарай бүкіл болмысыңызды қалай өзгерткеңізді аңғармай да қаласыз.

Олай болса, осы әдісті күйеуіңізге қолданыңыз. «Отағасы» деп жұрт көзінше атай алмасаңыз, бастапқы буынына «еке» немесе «ке»-ні қосып айтыңыз. Мәселен, есімі Нұржан болса, «Нұреке», Сәкен болса «Сәке» деңіз. Тек үйде емес, ағайын-туыс, дос-жаран ортасында да осылай атауға дағдылансаңыз, оның өзін-өзі бағалауы ғана емес, жұрттың күйеуіңізге деген сый-құрметі де жоғарылайды.



2. Кемшіліктерін есіне сала бермеу

Кемшіліксіз адам, қателеспейтін пенде болмайды. Бірақ бір рет қателессең соны қырық жыл айтатын адамдар бар. Сосын физикалық кемшілігіңді есіңе салып, есейіп кетсең де «Маймақ», «Сақау», «Қалқан құлақ», «Олақ», «Қопал» деп отыратындар табылады. Ересек адамға соншалықты әсер ете қоймас, бірақ өзін-өзі бағалау негізі қалыптасатын бала кезде өзі туралы мұндайды есту ауыр. Кішкентай бала бірте-бірте сол сөзге сеніп, өзін қатарластарынан кем санайтын болады.

Жалпы, өзін-өзі бағалау бала кезде достармен, бауырлармен, әке-шешемен және басқа адамдармен қарым-қатынас арқылы қалыптасады.

Мүмкін сіздің күйеуіңіз де кішкентайынан осындай кемсіту, ата-анасынан «Сенің қолыңнан түк келмейді», «Адам болмайсың», «Түрің құрсын» деген сияқты ұрыс сөздерді естіп өскен шығар. Бір үйдің иесі атанып отырған шақта кемшілігін бетіне басудың, жанын ауыртудың қажеті қанша? Бір рет, екі рет айтыңыз мейлі, бірақ әр ұрыс, реніш кезінде есіне сала бергеннен ол түзуленіп қалмайды.

Егер оның сенімділігін, өзін-өзі бағалауын жоғарылатам десеңіз, артықшылықтарына көп назар аударыңыз және өзіне айтып отырыңыз. Мысалы, «Отырыстарда өзіңді салмақты ұстайтының ұнайды», «Бойың ұзын болған соң, костюм де жараса қалды. Осылай киініп жүрсең, әдемі боп кетесің», «Жүрісің керемет», «Көлікті бірқалыпты жүргізетініңе қызығам» т.б.

Есте ұстаңыз, кемшіліктерін жиі айтудан пайда жоқ, ал артықшылықтарын айта беріп, оның өзін-өзі жақсы көруіне жәрдемдесе аласыз. Ал өзін-өзі жоғары бағалау – адамның өзін сүюден, жақсы көруден басталады.



3. Мақтау

Еске түсірейік, мектепте мақтау қағазды кімдер алатын еді? Сабақта мұғалім кімді көп мақтайтын? Сол мақтаулы оқушыларды сыныптастары сыйлайтын еді, дұрыс па?! Ескі киім кисе де, сұлу болмаса да мұғалім мақтаған қыз (немесе ұл) басын көтеріп, тік жүреді. Өзін өзгелерден жоғары санайды. Оның даусы да анық, еркін. Өз ойын ашық айта алады...

Бұл мақтау сөздің адамның болмысына әсер етуінің бір ғана мысалы. Ұжымда да жұрт көзінше алғыс алған, мақтау сөз естіген қызметкердің мерейі өседі.

Мақату сөз кез келген ортада адамға оң әсер етеді. Олай болса, отбасында күйеуіңіздің жақсы істерін, мінезін айтып мақтап отыруды ұмытпаңыз. Әсіресе, құрбыларыңыздың, әпке-сіңлі, ата-анаңыздың алдында күйеуіңіздің тек мақтауға лайықты істерін айтыңыз, ал жамандауға келгенде тіліңізді тістеңіз. Балалар көзінше де мақтау артық етпейді.

Әр адамда мақтауға, «Жарайсың» деп айтуға себеп болатын жақсы іс, мінез, әрекет бар. Тек соны дер кезінде, сол мезетте аңғара біліңіз және өзіне айтып үлгеріңіз.

Міне, осы үш-ақ әдіспен сіз күйеуіңіздің өзі туралы (сыртқы келбеті, жеке қасиеттері, қабілеттері, бітім-болмысы т.б.) туралы ойын оң жаққа өзгертіп, өзін-өзі бағалауын жоғарылата аласыз. Ал өзін-өзі бағалауы жоғарылаған соң оның табысы, өмірге сүйіспеншілігі, отбасына жауапкершілігі, қуаты да артады.

Нәтиже бір айда байқалады. Бірақ сіз бұл үш әдісті қолдануды тоқтатпаңыз.

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Фрейлинг заңымен өмір сүру – РАХАТ!


Интеллекті жоғары адам айтпайтын 5 сөз