​Неге ЕРКЕК әйелін ҰРАДЫ?

0
19 405

Әдетін қоя ма? Қоя ала ма?


​Неге ЕРКЕК әйелін ҰРАДЫ?
Фото: 1tulatv.ru

«Бес саусақ бірдей емес» дейміз. Иә, еркектер де бірдей емес, оның бір тобы әйеліне қол көтерсе, қанша ашуланса да ұрсып-ұрсып қоятындары да бар. Сіздің күйеуіңіз қайсысына жатады?

Психологтардың айтуынша, нағыз еркек және ақыл-есі сау адам ешқашан өзінен әлсізге жұдырық жұмсамайды. Ал етекті әйел еркектен әлсіз әрі нәзік жаратылыс.

Десек те, айналасындағы адамдар «нағыз ер-азамат» деп атап, құрметтеп жүргендер арасында, небір білімді, лауазымды жігіттердің ішінде әйелін ұратындары кездеседі. Ал бұлар туралы психологтар не дер екен?


Әр нәрсенің себебі бар. Себепті әйелдерден іздемей, еркектің қол көтеруінің негізгі себептеріне психологиялық тұрғыда талдау жасап көрейік.


БІРІНШІ СЕБЕП: Бала кездегі психологиялық жарақат

Бұл ең көп тараған себеп. Кішкентай кезінде әкесінен көп қаталдық көрген, оның таяғын жеп өскен балалардың 60 пайызы өскенде тиранға айналатын көрінеді.

Мұндай бала кейін өз отбасына ұяда көргенін істемей қоймайды. Оның түсінігінің түбінде «еркек осындай болу керек» деген қалып бар. Мейлі ол әкесін жек көрсін, оны мойындамаса да бейсаналы түрде өмірінде алғаш таныған еркек – оның кумирі. Кейде адам қаламаса да әкесіне ұқсағысы келеді де одан көргенін қайталайды.

Білікті психолог кеңесіне жүгініп, онымен бірге ұзақ уақыт жұмыс істеу арқылы мұндай еркектің қол көтеретін әдетін қойдыруға болады.


ЕКІНШІ СЕБЕП: Алкоголизм

Он пәленің тоғызы – тілден болса, ұрып-соғудың 80 пайызы спирттік ішімдіктің салдарынан. Тек ішкен кезде ғана әйелін ұратын, ақыл-есін жоғалтып алып, ашуын, әрекетін басқара алмай қалатын еркектер көп. Мұндай еркектің әйелі оның ішімдігін қойдыру керек. Басқа жол жоқ.


ҮШІНШІ СЕБЕП: Еркелік, ерке

Еркектің тиранға айналуының тағы бір себебі – ата-анасының бала кезінде тым қатты еркелетуі. Ол бәрінің бәйек боп, айналасында шыр көбелек айналғанына, дегені дереу орындалғанына үйреніп қалған.

Бауырлары мен әке-шешесінен осындай еркелетуді, сый-құрметті көріп өскен еркек әйелінің асықпайтынын, талабын ұмыт қалдырғанын, ескертуді елемегенін түсіне алмайды. Кішкентай кезінде «жылап», «қырсығып» айтқанын орындатқан бала есейгенде бұл қылықтарын жұдырықпен шешуге алмастырады. Яғни, ол әйеліне дегенін, қалауын ұрып орындатқызуға көшеді.

Мұнысы біріншіден жазалаған түрі болса, екіншіден «маған барлық нәрсе рұқсат» деген бала кезде қалыптасқан түсінік.


Тізе берсек, еркектің неге әйелін ұратынының себебі көп. Себептің көбісі бала кезде қалыптасқан мінез бен түсінікке, балалық шақта қалған терең психологиялық жарақаттармен байланысты екен.


ОЛ ӘДЕТІН ҚОЯ МА?

Мамандардың тәжірибесінде отбасын сақтап қалуға тырысқан, өзгеру үшін өзімен психологиялық тұрғыда жұмыс істеген еркектердің 50 пайызы бұл әдетін қойған, қоя алады. Ал сондай еркекпен бірге өмір сүріп көрген әйелдер не дейді?


Жайық: Бір ақын ағамыз «Әулиелік туралы айту үшін өзің де әулие болуың керек» деген ғой. Сондықтан «Қол көтеретін еркек ол әдетін қоя ма?» деген сұраққа, сондай жағдайды басынан өткізген әйелдер ғана айта алса керек.

Небәрі 19 жасымда тұрмысқа шықтым. Бала емеспін бе, айналамдағы өзіммен қатарлас қыз-келіншектердің «Ұрса – қызғанғаны. Ал қызғанса – қатты сүйгені» деген түсінікте болдым. Бір жағынан қорқыныш болды. Қол көтеретін еркекпен бірге тұратын әйелде қорқыныш болады. Ол тек күйеуінен ғана емес, жалғыздықтан да қорқады. Үнемі күйеуінің қас-қабағына қарап, оны ашуландырып алмауды ойлайтын әйелдің басқамен, сырттағы өмірмен, өзгелердің көзқарасымен шаруасы болмайды.

Мен оның айтқанын екі етпей орындадым. Үйден шықпа десе, шықпайтынмын. Барма десе, бармайтынмын. Бірақ сонда да ол мені ұратын. Екіқабат кезімде ұрған күндері де болды. Ертеңіне аяғыма жығылып, кешірім сұрайтын. Қайталанбайтынын айтып сендіретін. Бірақ ол сөзінде тұра алмады. Онымен он жеті жыл бірге тұрғанда көзім жеткені, бір рет қол көтерген еркек ұрады, ұра береді.



Әсем: Мен өз өміріме сүйеніп айтар болсам, ұратын еркек өзгермейді. Сондықтан да егер еркек (жігіт) қол көтерсе, жоғары балдық жер сілкінісі боп жатыр деп қабылда дегім келеді жас келіншектерге.

Жер сілкінгенде ақылды адам не істейді? Ең бірінші басының амандығын ойлайды. Қажетті құжаттар мен керек жеріне жетіп алуы үшін ақша алып, балаларды жетектеп, үйден жылдам шығуға әрекеттенеді. Сіз де солай етіңіз.
Заңды түрде ажырасу, үй, киім-кешек, дүние-мүліктің мәселесін кейін-ақ шешіп аласыз. Бастысы, қатты қолы тұщы тәніңізді аямаған адамның манипуляциялық сөздеріне орағытылып қалмау керек. Одан қашуды ойлаңыз.
Есте ұстаңыз, оның «Кешірші, енді қайталамаймын» деген сөзі өмір бойы қайталанады. Бұған көзім жеткен, күмәніңіз болмасын. Әрине, ақылға келіп, жаман әдетін тастайтын, өзгеретін де адамдар бар шығар?! Бірақ мен білетін тиран еркектер әлі өзгермеген...



Гүлсезім: Күйеуіңнің сезіміңе сатқындық жасағанына, іс-әрекетімен, қылығымен жүрегіңді ауыртқанына шыдауға болады. Алайда тәніңді ауыртқанына шыдауға, үнсіз қалуға болмайды. «Бұлай өмір сүріп жатқан жалғыз мен емес» деп, шыдауға тырысқанмын мен. Соңында не болды?

Қате тиген жұдырығы көзімінң тамырларын жарып жіберді. Ұлдарым емдетті, операция жасатпақшы болды. Бірақ жарылған тамырды қалпына келтіруге болмайды екен. Қазір бір-ақ көзім көреді. Ол да болса, кәріліктен соңғы кезде бұлдырап жүр.

Күйеуім ішпесе, жап-жақсы. Ішсе, ұруға себеп табады. Жас кезімде көкала қойдай етіп тепкілеп те тастайтын. Шыдадым, бірақ одан ұтқаным қайсы? Денсаулығымнан айырылдым, өмірім азаппен өтті. Сыртқа білдірмей, перзенттерімді медет тұтқаныммен, осы күнге дейін әйел бақытын сезінбегеніме ішім ашиды. Мен күйеуінен жұдырық, тепкі көрген әйел тәні ғана емес, жаны да жаралы деп айтар едім. Зейнет жасындағы күйеуім әлі де ішкен кезде маған қол көтереді.


Мамандардың айтқаны мен тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдердің ой-пікірін қорытындылап, шешім қабылдауды өз еншіңізге қалдырдық, қымбатты оқырман.


Табиғат ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

БҰЛ шипалы сөздермен өміріңізді "ЕМДЕЙ" аласыз

Аурудан ЖЫЛДАМ емделудің сіз білмейтін ТӘСІЛІ