Әйелді сұлулығы емес, энергетикасы тартымды етеді.
Ютуб каналындағы, психологиялық тренингтердегі, сіз оқып жүрген кітаптардағы барлық коучтар мен психологтар адам бақытты басқа жақтан емес, өзінен іздеу керектігін айтады. Неге? Қалай?
Барлық адамда энергетика бар. Біреуде ол жоғары, біреуде төмен. Адамның табыс көлемі, бақыт биігі, тартымдылығы – оның бойындағы энергетиканың деңгейіне тікелей байланысты екен. Демек, табысты, бақытты, сымбатты болғысы келетіндер ең бірінші энергетиканың не екенін білгені жөн дейді мамандар.
ЭНЕРГЕТИКА мен ЭНЕРГИЯны шатастырмаңыз
Энергия да, энергетика да – қуат. Екеуі де көзге көрінбейді, бірақ оның бар немесе жоқ екенін басқа заттар арқылы білуге болады.
Мысалы, электр қуатының бар-жоғын білу үшін бөлменің жарығын жағып көресіз немесе үтікті тоқ көзіне қосасыз. Яғни, электр қуатын жарық арқылы, жылу арқылы байқап білдіңіз. Адамның қуаты да солай.
Адамның қуатының деңгейі оның көңіл күйінен, өмірге құштарлығынан, еңбекқорлығынан, дауысынан, қимыл-қозғалысынан, жүрісінен, сөзі мен көзінен, ісінен, сезімінен, айналасындағы адамдарға әсерінен «көрінеді».
Айырмашылығы, сезім мен эмоцияға ұқсайды. Энергияны – сезім десек, эмоция – энергетика. Немесе энергияны – мінез десек, энергетиканы – мінез-құлық қасиеттері деп түсіндіруге болады. Я болмаса энергия - күн, ал энергетика - күннің жылуы.
Энергия үнемі қозғалыста болу керек, яғни жұмсалып, жұмсалған энергия қайтадан толықтырылып отыруы керек. Энергиясы үнемі қозғалыста, яғни айналымда болған адамның энергетикасы жағымды болады. Сонымен қатар, энергия жан мен тәнде бірдей болғанда адам тартымды және айналасына жағымды бола алады.
Есте ұстаңыз: адамды тартымды ететін энергия емес, оның энергетикасы. Еркекті әйелдің сұлулығы емес, оның жағымды энергетикасы тартады. Сондай-ақ әйелдің сүйкімсіздігі, сымбаты емес, оның энергетикасы еркекті кері «тебеді».
Түсінікті болу үшін, осы тұста өмірде болған бір оқиғаны мысал ретінде келтірейін.
МЫСАЛ: Бір ер-азаматтың заңды некедегі әйелі мен жас сүйіктісі жолығып қалады. Олар сырттай бір-бірін танығанымен, бетпе-бет кездесіп тұрғаны бірінші рет. Бір еркектің екі әйелінің әңгімесі былай өрбиді:
- Ол ақымақ, опасыз, қорқақ және сараң ғой. Сен ше, сұлусың, жассың, жақсы еркек табылмады ма? Неғыласың оны, өзіңе лайықты нағыз ер-азаматқа қол жеткізе алатын қызсың ғой, - дейді бірінші әйел.
- Өзіммен жасы шамалас жігіттердің көбісі әлі бала секілді және ойлары да жеңіл. Олардың қасында өзімді әйел секілді сезіне алмаймын, еркелей де алмаймын. Олар гүл сыйлауды да білмейді. Ал сіздің күйеуіңіз романтик. Ол – жомарт, қолы ашық, өте ақылды, батыл. Мысалы, әр мерекеде маған түрлі сыйлықтар жасайды. Мынау үстімдегі тон сіздің күйеуіңіздің сыйлығы. Ол менің не айтпақ боп тұрғанымды көзімнен ұғып қояды. Мен іздеген нағыз ер-азамат ол.
- Отандасқанымызға 20 жыл болыпты, осы уақытқа дейін бір рет маған гүл сыйламаған ол қалайша қымбат тон әперіп жүр сенбеймін. Небір жоғары қызметтерде істеді. Ақшасы жоқ емес, бірақ сараң ол. Ол эгоист, ешқашан менің нәзік жаныма үңіліп көрмеген. Әйел жанына үңілуді білмейтіні де, сырласып әңгімелесуге уақыт бөлмеуі де сараңдық қой. Ой, оның ақымақтығын айтпай-ақ қояйын.
- Неге олай дейсіз? Ол кез келген тақырыпта қызық әңгіме айтады. Білмейтіні жоқ. Мен оны сағаттап тыңдап отыра бергім келеді. Оның оқыған кітаптарында сан жоқ, сондықтан білетіні де көп. Уақытын да маған көп бөледі.
- Сен де айтады екенсің. Еркектік қасиеті жоқ, жалтаң-жалтаң етіп жалтақтап жүретін ол 20 жыл ішінде отбасымыздағы бір проблеманы шеше алмаған қорқақ. Шеге де қаға алмайды. Үйдегі еркектің қарулы қолын қажет ететін жұмыстарды істей алмаған соң, айтарға сөзім жоқ. Бәрін өзім істеймін. Кейде сондай ынжық, қорқақ, еркекке тән қасиеті жоқ оған тұрмысқа шыққаныма өкінемін. Бірақ, балаларым үшін амал жоқ ажыраспай келе жатырмын.
- Меніңше, екеуміз екі еркек туралы айтып отырған сияқтымыз. Электр шәйнегі бұзылып қалған еді, өзі жөндеді ғой... Өткенде мейрамханада маған дөрекілік көрсеткен күзетшіден сөзімен қорғап қалды. Ол маған ауыр сөмке көтергізбейді. Азық-түлікті үйге, ал үйден қоқысты сыртқа тасиды. Мен оның қасында күннен-күнге ашылып жайнап жатқан гүлге ұқсаймын, ал басқа жігіттер мені керісінше «жауып», солдырып тастайтындай, - дейді жас келіншек.
Негізі екі әйел бір еркек туралы айтып отыр және екеуі де өтірік сөз қосып отырған жоқ. Бұл оқиға еркекке әйелдің әсерін көрсетеді. Бір еркек екі түрлі әйелдің қасында өзін екі түрлі ұстайды. Дәл сол сияқты бір әйел екі еркектің жанында өзін екі түрлі сезінеді. Бұл адамның энергетикасына байланысты.
Сондықтан әйелдің ең бірінші энергетикасы жоғары әрі жағымды болуы керек. Ал энергетиканың деңгейін қалай көтеріп, оны қалай жағымды етуге болады?
ЭНЕРГЕТИКАНЫ КӨТЕРУДІҢ ЖОЛДАРЫ
1-кеңес: Тәнді ғана емес жанды да энергиямен толықтырып отыру керек. Адам энергияны ең бірінші құнарлы, дәруменге бай астан, судан алады. Ал спортпен айналысқанда, таңғы жүгіруді әдетке айналдырғанда, далада серуендегенде, медитация жаттығулары барысында энергияны ауадан алады. Бұлар тән үшін.
Адам жаны да энергияны қажет етеді. Ол энергияны шығармашылық жұмыстардан, сүйікті істен, махаббаттан, әдемі ән-күйден, биден, табиғаттан, ғибадаттан бойына сіңіреді.
Тән мен жан бірдей энергия алғанда және үнемі ол айналымда (алмасу) болғанда адамның энергетикасы да жағымды әрі жеткілікті болады.
2-кеңес: Әйел табиғатына қарсы келмеуі керек. Өз орнын біліп, әйелге тән жұмыстармен айналысып, әйелдің киімдерін киюі қажет. Қысқаша айтқанда, әйелдік болмысыңызды жоғалтпағанда энергетикаңыз жоғарылайды. Бұны психолог Құралай Қалиева былай түсіндіреді: «Кірпі жерде өмір сүреді, ал тиін ағаш басында. Екеуінің орнын ауыстырыңыздаршы, не болады? Табиғи қақтығыс болады».
3-кеңес: Әйел үй шаруасымен айналысқанда энергетикасы жоғарылайды. Тамақ пісіру, киім тігу, ыдыс жуу, киім үттіктеу, киім тоқу, еден жуу, үй тазалау, гүл өсіру т.б. Ал ол күйеуінің шұлығын жуып, аяқ киімін тазалағанда, өз қолымен жағымды көңіл күйде ас пісіргенде, махаббатқа толы көздерімен қарағанда ерінің энергетикасы жоғарылайды.
4-кеңес: Өзіне күтім жасағанда, өзінің сымбатын, мінезін жақсы көргенде әйелдің энергетикасы артады.
5-кеңес: Бойындағы энергиясын күйеуіне бергенде әйелдің энергетикасы жоғарылайды.
6-кеңес: Әйелдің энергетикасы оның айналасындағы адамдарға арналған сүйіспеншілігінен, жақсы ойларынан да артады.
7-кеңес: Шығармашылық жұмыстар.
8-кеңес: Ағайын-туысқандармен, бауырларымен қарым-қатынас.
Әйелдің энергетикасын, энергиясын жоғарылататын мұндай тізім қатары көп. Ал еркекте ол біреу-ақ, ол энергияны әйелінен алады.
Олай болса, бақытты болғысы келген әйел ең бірінші энергетикасын жоғарылатуы керек.
(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Жазира СМАҒҰЛОВА,
Тағы да оқыңыз:
УАҚЫТ жеткізе алмай жүрсіз бе? "ПОМИДОР" әдісін қолданыңыз
АУРУ мен ПРОБЛЕМАНЫ азайтатын ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ДИЕТА