НЕГЕ сізді бәрі РЕНЖІТЕ БЕРЕДІ?

0
4 620

Психолог Стивен Карпманның кеңесін орындасаңыз, өзгелер ренжітуді доғарады.


НЕГЕ сізді бәрі РЕНЖІТЕ БЕРЕДІ?

Жұмыс пен тұрмыста, достар мен туыстар арасында көңіліңізді кірлететіндер көп пе? Көршілеріңіз де сізді ренжітіп, жар мен ата-ене адам құрлы көрмей ме?

Онда сіз «тағдыр үшбұрышындағы» жәбірленуші рөліндесіз, осы үшбұрыштан шықпайынша өміріңіз «Баяғы жартас – сол жартас» боп қала береді дейді психолог Стивен Карпман.



«Тағдыр үшбұрышы» деген не?

«Тағдыр үшбұрышы» – қарым-қатынастың психологиялық, әлеуметтік моделі. Бір сөзбен айтқанда, драмалық қарым-қатынас. Бұл ұғымды психология ғылымына Стивен Карпман енгізгендіктен, «Карпман үшбұрышы» деп те аталады.

Мұндай қарым-қатынаста үш рөл болады.

1-рөл: Жәбірленуші (Құрбан)

2-рөл: Қудалаушы (Тиран)

3-рөл: Құтқарушы (Айыптаушы)


ЖӘБІРЛЕНУШІ – ол әрқашан дәрменсіз күйде, өзін үнемі бейшара, әлсіз сезінеді. Бақытсыздығына, сәтсіздігіне басқаларды кінәлап, өміріне шағымданып жүреді. Өзгелердің бұл үшін жауапкершілікті қолға алғанын, қамқор болғанын, жәрдемдескенін, басынан сипап жұбатқанын қалайды.


ҚУДАЛАУШЫ – ешқашан кінәсін мойындамайтын, тек өзінікін жөн деп санайтын, агрессивті адам. Бәрін өзіне бағындырғысы келеді. Өзгенің қолпаштап, иіліп, қызмет етіп, алдында құрдай жорғалағанын қалайды.


ҚҰТҚАРУШЫ – екі адам арасындағы ұрыс-керіс себебін анықтап, кінәліні іздеп, тауып, татуластырушы. Өзгелердің мәселесін шешіп, уайымдап, шапқылап жүреді.

МЫСАЛ: Ақжан мен Бағдат қыз-жігіт боп ұзақ жүрді. Ақжан «Қашан үйленесің?» деп сұрай алмайды. Бағдат үйленуге асықпайды және Ақжанды киноға, кафеге, достарының отырысына ертіп бармайды. Ол Ақжанның пәтеріне тек түнде қонуға келеді. Бұл қызға ұнамайды, бірақ жігітке айта алмайды.

Бұны Ақжан анасына айтады. «Жігітіңді үйге ертіп кел» дейді анасы. Ертіп келеді. Танысады. Дастархан басында қыздың анасы жігіттен «Енді қашан үйленейін деп жатырсың?» деп сұрайды. Кібіртіктеп отырған жігіттен анасының телефон нөмірін сұрап алып, болашақ құдағиымен кездесу күнін белгілейді.

Ақжан мен Бағдат үйленеді. Отбасында ұрыс-керіс болса да, күйеуі үйіне қонбай қалса да үнемі Ақжан анасына айтып жылайды. Анасы араға түсіп, татуластырады...


Міне, осындай қарым-қатынасты «Крапман үшбұрышы» деп атайды. Бұл мысалда Ақжан – жәбірленуші, Бағдат – қудалаушы, қыздың анасы – құтқарушы рөлінде.

«Крапман үшбұрышындағы» адамдардың өмірі осылай жалғасып, қайталана береді. Бұл үшеуінің арасында бір-бірімен кикілжің, ұрыс-керіс, дау таусылмайды және ешнәрсе өзгермейді.



НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Бір-біріне тәуелді боп қалған бұндай қарым-қатынасты өзгерту үшін, әрқайсысы өз қателігін мойындап, түзеуі керек. Мысалы:

Құтқарушының қателігі – өзгенің барлық мәселесін өзі шешуі. Қателігін түсінбесе, ол бірте-бірте жәбірленушіні өзіне деген сенімі мен күш-қуатынан айырады. Өмір бойы өзіне тәуелді етіп қояды.

Құтқарушы жәбірленушінің өміріне араласа беруді, оның барлық мәселесін шешіп беруді доғаруы керек. Әрине ақыл-кеңес айтып көмектескен дұрыс, бірақ, ойлануды, шешім қабылдауды жәбірленушінің өзіне қалдырған жөн. Сондай-ақ жәбірленушіге өзін-өзі бағалауды, өз өміріне деген жауапкершілікті қолына алуды үйрету керек.

Жәбірленушінің қателігі – тағдырын басқаның иығына жүктеп қоюы. Бастапқыда ол өз мәселесін шешуге бас ауыртқысы келмегендіктен немесе эгоистіктен, я болмаса өзіне назар аударту үшін әлсіз боп көрінуге тырысуы мүмкін. Алайда уақыт озған сайын ол басқалардың аяғанынан бақыт таба бастайды. Осылай бірте-бірте өзін басқару, қиындықпен күресу күшінен айырылғанын аңғармай қалады.

Ал қудалаушы ашуын ауыздықтап, бойындағы тасыған күшін, агрессиясын спортпен шұғылдану арқылы шығаруы керек. Мінезін өзгертуі қажет.

Жалпы, драмалық үшбұрыш қатынасын құрушы – жәбірленуші. Сондықтан ең алдымен жәбірленуші өміріне шағым айтуды доғарып, өмірін өзгертуге өзі тырысуы қажет. Жәбірленуші өз тағдырына өзі жауапты боп үйренгенде құтқарушы үшбұрыштан шығады.

Жәбірленуші әлсіз, дәрменсіз адамнан батыл адамға айналғанда, қудалаушы біртіндеп қателігін түсініп, түзеледі. Ал түзелмесе, жәбірленуші азапқа толы қарым-қатынасқа нүкте қояды.

Жағдайды өзгерту үшін үшеудің біреуі драмалық үшбұрыштан шығуы тиіс. Бірақ есте ұстаңыз, өз әрекеттеріңізге өзіңіз жауап беріп, жауапкершілікті қолға алып, өзіңіз өзгермейінше, «Карпман үшбұрышының» бірінен шыққаныңызбен, келесісіне кіріп, өмір бойы драмалық сценарийдегі рөліңізден құтыла алмайсыз.



ДРАМАЛЫҚ ҮШБҰРЫШТАН ШЫҚПАСА НЕ БОЛАДЫ?

Драмалық үшбұрышта бақыт жоқ. Сондықтан ондағы адамдар енді азапты бақытқа теңеп, одан ләззат ала бастайды. Ең жаманы, рөлдегі адамдар өзгерсе де, бұның үшбұрыштағы рөлі ешқашан өзгермейді.

Жәбірленуші жұрттың аяғанынан ғана емес, басқалардың өзін ренжіткенінен де ләззат алатын болады. Енді ол айыптаушысыз өмір сүре алмай қалады. Сондықтан да ол отбасында ғана емес, жұмыста да өзіне күш көрсетіп, қысым жасайтын, аяққа таптайтын адамдарды бейсаналы түрде іздеп тауып алады. Ол ажырасқанымен, егер өзін өзгертпесе, бәрібір тек сондай адамдар кезіге береді.

Құтқарушы жақсылық жасағаннан, ақ пен қараны айырып, әділдік орнатқаннан ләззат алады. Мұндай адамдар өмір бойы достарын, күйеуін (әйелін), бауырларын, ұл-қызын қиындықтардан құтқарып, шаршап-шалдығып, өзін ұмытып жүреді.

Қудалаушы адамдардың жанын қинағаннан рахаттанады. Егер одан әйелі кетіп қалса, ол қол астындағы жұмысшыларына жәбір көрсететін болады. Немесе тағы бір құрбан әйелді тауып алады.


Стивен Карпман «тағдыр үшбұрышынан» шығу үшін қарым-қатынасыңызды саралап, жөндеңіз дейді. Бірақ түзеймін деп, жәбірленушіден құтқарушыға, құтқарушыдан қудалаушыға айналып кетуден абай болыңыз. Үшбұрыштағы рөліңізді емес, өзіңізді, мінезіңізді өзгертіңіз!

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира Смағұлова

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Жақсы көретін ЖЕМІСіне қарап МІНЕЗін білуге болады (тест)

"Бала сүйе алмай қаламын ба?" - ҚОРҚЫНЫШты "қуатын" ГИПНОЗдық ТӘСІЛ