Бұны білмесеңіз, өміріңіздің соңына дейін бір жерді айналып жүре бересіз дейді әлемге белгілі мотиватор.
Егер байқасаңыз мектепте мұғалімдер, кәсіпорындарда арнайы менеджерлер, мекеме басшылары жоспар құрып, сол бойынша жұмыс жүргізеді. Олар жылдық, айлық, апталық жоспарларының нәтижесін көреді. Сіз де өз өміріңіздің әр күнін жоспарлайтын болсаңыз, мақсаттарыңызға міндетті түрде жетесіз дейді белгілі мотиватор-тренер Брайан Трейси.
Ол «Мақсаттарымды жоспарлау арқылы кейде жарты жылдың ішінде адам айтқысыз нәтижелерге қол жеткіздім» деп жазады. Б. Трейси «Егер сізде арнайы жоспар болмаса, онда жағдайыңыз өзгеріссіз осылай жалғаса береді» дейді сенімді түрде.
МЫСАЛ: Брайан Трейси былай дейді:
Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, мен сізге 100 мың долларды сыйлық ретінде ұсынамын. Оны қаладағы үйлердің бір бөлмесіндегі диванның астына қызыл түсті конвертке салып қалдырдым. Сіздің міндетіңіз барып алу ғана.
Не істейсіз? Көп мәселеңізді шешетін қомақты ақша салынған конвертті қалдырған үйдің мекенжайын сұрайсыз. Ал мен: «Осы үлкен қаланы айналып аралап жүре берсең, сол үй алдыңнан шығады» деймін. Сосын сіз «Ол үй алыста ма?», «Картасы бар ма?», «Ол үйдің қасында не бар?» деп сұрақтарды жаудыра бастайсыз. Мен: «Іздеп тап» деп айтамын.
Ал енді ойлаңызшы, ол үйді іздеп табуға қанша уақытыңыз кетеді? Жауап: «Бүкіл өміріңіз!».
Адамдардың мақсатқа жетуі де қомақты ақша салынған конвертті іздеп табумен бірдей. Ал әр күні жоспарланбаған адам мақсатын жоспарлауды да білмейді. «Жоспарсыз адам өмірінің соңына дейін мақсатына жете алмайды, мен бұған кепілдік беремін» дейді Б.Трейси. Өйткені бағдар-бағыты жоқ, мекенжайы анық емес. Мекенжайы анық емес үйдегі конвертке салынған ақшаны іздегендей өмір бойы іздеп жүре береді.
Неліктен жоспар құру керектігін белгілі мотиватор осылай түсіндіреді. Б.Трейси «Сіздің мақсатыңыз бар болғанымен, нені қалайтыныңызды нақты білгеніңізбен, сол мақсатқа жеткізетін жоспарыңыз болуы шарт. Ал оны әр күнді жоспарлаудан бастау қажет.
Әр күнді жоспарлауды үйренген адам әр аптаға жоспар құратын болады. Сосын әр айға, әр жылға нақты жазылған жоспарларын құруға дағдыланады. Мұндай адамдардың жұмысы өнімді болады екен.
Олай болса, бүгіннен бастап әр күніңізді жоспарлап үйреніңіз және тізімдегі жұмыстарды шамаңыз келгенше орындауға тырысыңыз.
(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Ж. Нұрабайқызы.
Тағы да оқыңыз:
Үй ішінде ОТЫР ма, сыртында ма? (психологиялық тест)
«АРМАНДАР КАРТАСЫ» неге арманыңызды орындамай жатыр?