​Неліктен АЗ СӨЙЛЕУ керек?

0
4 763

Сіздің ше, оның пайдасы қандай?


​Неліктен АЗ СӨЙЛЕУ керек?

фото: miro.medium.com

Халықта «Аз сөз – алтын, көп сөз көмір» деген мақал бар. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген даналарымыз. Психологтар да «Үндемеу – үлкен күш» дейді. Неге?

Аз сөйлеудің, үндемеудің қандай пайдасы бар? Осы жөнінде жантану мамандарының ой-пікірін зерделеп көрейік.



Назар аудартады

Көп арасында үнсіз отырғандарға емес, ең көп сөйлеген адам мен аз сөйлегенге назар ауады екен. Ал аз бірақ саз, яғни мағыналы сөйлеген адам көптің есінде қалады.

Ұжымның, мектептегі ата-аналар жиналысында немесе құрдастар отырысында көптен ерекшеленгіңіз келсе, өзгелердің назарын аударғыңыз келсе, тақырыпқа сай өте аз сөйлеңіз дейді психологтар.

Ораторлар аудиторияның назарын өзіңізге аудару үшін бірер сәт үндемеудің пайдасы зор екенін айтады. Бұны сөз бастау алдында жасасаңыз тиімді. Сонымен қатар, әсіресе, лектор немесе тренер көп адам шулап тыңдамай жатқанда 2-3 минут үндемей қалса, группа бірден тынышталып, назарын аударады екен.

Бұл әдісті көп алдында сөйлейтіндер ғана емес, отбасында балалармен «тәрбие сағатын» өткізгенде ата-аналар да қолдануына болады.

Үндемеудің өзгенің ғана емес, өзіңізге өзіңіздің назарыңызды аудару үшін де көмегі бар. Сөйлеген адамның ойлана алмайтыны белгілі. Өміріңізге шолу жасап, қандай да бір мәселенің шешімін табу керек болса, телефонды сөндіріп, бір күн немесе бір апта оңашаға кетіңіз. Ешкіммен сөйлеспеген кезде адамның ойлау жүйесі жақсы жұмыс істейді дейді мамандар.



Құрметті арттырады

Тамада көп сөйлейді, өйткені ол оның жұмысы. Тамада немесе отырысты басқарып сөйлеп жатқан адам бар жерде басқаның жағаласып көп сөйлеуі – мәдениетсіздік.

Мейлі, білетініңіз де, айтарыңыз да көп шығар, бірақ ол барлық адамға ұнай бермейді. Сондай-ақ сіздің не айтып отырғаныңызды кейбіреулер түсінбеуі де мүмкін. Сондықтан той-томалақта, отырыстарда, туған күн кештерінде орнымен және аз сөйлеуге тырысқан жөн. Дұрысы, көп сөзді ойша қорытып, аз сөзге сыйдырып үйреніңіз.

Айтарыңызды нақты-нақты сөзбен жеткізіңіз. Көпшілік ортада, тіпті тілек айтқанда да алыстан орағытып әкеп сөйлеудің қажеті шамалы. Бұл сөзіңіздің сәнін кетіреді.

Көп сөйлеген адамның көбісі мақтангерлікке барғанын байқамай да қалады. Сондай-ақ өзгенің көңіліне келетін сөз де айтып қалады. Немесе көп арасынан шыдамсыз біреу «Тез-тез айтшы, уақыт жоқ», «Тым мылжыңдап кеттің» десе, ренжіп қаласыз. Досым көп, дұшпаным жоқ болсын десеңіз, көпшілік ортада көп сөйлемеңіз.

Ал егер көп сөйлеу әдетін қоя алмай жүрсеңіз, күнделік арнаңыз, блог жүргізіңіз. Ойыңызды, айтар сөзіңізді қағазға жазғанда қай сөздеріңіздің артық, орынсыз екенін түсінесіз. Осылай аз әрі нақты сөйлеуге үйренесіз. Бұл сіздің сыйыңызды арттырады.



Ұрыс-керістен сақтайды

Кейде үндемей қоя салудан артық жауап болмайды. Өйткені «Үндемеу айқайлаудан да күштірек». Әрине, бұны біреу түсінер, біреу ұқпас.

Әркімнің ойлау деңгейі әр түрлі. Сондықтан оның бұрыстығын немесе ненің дұрыс екенін айтып түсіндірудің қажеті жоқ. Ақталуға көп сөз жұмсаудың да бұндайда пайдасы болмайды. Түсінгісі келмеген адам бәрібір тыңдамайды. «Менікі әрқашан дұрыс» деген ұстанымдағы адам ешқашан өзгені мойындамайды, «естімейді».

Мұндайда үндемей қоя салу керек дейді психологтар. «Иә, сенікі жөн екен» деудің қажеті жоқ, жай ғана үндемеңіз болды. Егер кінәлі болсаңыз, сіздікі қате болса, «кешіріңіз» деп, одан соң үндемеген дұрыс.

Тек ұрыс-керіс кезінде ғана емес, әлдекім өтініш жасағанда да жауап қатпау көп нәрседен құтқарады. Қаншама жоқ дегеніңізбен түсінбесе немесе өтініш жасай беретін туысқаныңыз болса, кезекті хабарласқанында «Жоқ» деп айтудан қиналсаңыз, үндемей қоя салыңыз. Бұл көп сөзден және дөрекі сөз айтудан сақтайды.

Жауапкершілікті алудан қашсаңыз, екі оттың ортасында қалғанда да үндемей көп нәрседен – өзгенің ренішінен, кінәлаудан, мәселеге араласудан, дау-дамайдан құтыла аласыз.



Даналыққа тәрбиелейді

Қайғы жұтып отырған адамның қасында үндемеген абзал. Мысалы, дәрігер шошытарлық диагноз қойды немесе күйеуі қайтыс болды. Жылап отырған адамға мұндай кезде ақыл, пәлсапа, тағдырлас бір жанның қазіргі өмірін мысал ету қажет емес. «Қаншама рет айттық қой емдел деп, тыңдамадың», «Емді созып жүре бердің өзің...», «Сол күйеуіңнен құтыла алмай жүрген едің ғой, енді неге жылайсың», «Үнемі ұратын еді, құтылғаныңа қуан» деген айыптау, кінәлау сөздерді де айта көрмеңіз.

Қайғысына ортақ екеніңізді, көмектесуге, сөз жәрдемін беруге әрқашан дайын екеніңізді оның күйін түсініп отырғаныңызды білдіру үшін үндемеу жеткілікті.

Қайғырып отырған жанға бір ауыз сөз айтсаңыз да болады. Бірақ үндемеу, жай ғана құшақтау одан да жақсы.

Осы тәсілді қолданып көріңізші. Сол сәтте үндемегеніңіздің дұрыс болғанын кейін түсінесіз. Басына іс түскен адамның, қайғылы оқиға болған жерде үндемеу даналыққа тәрбиелейді.


Әрине, бұл құқығың тапталып жатқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылықта, әлдекім бопсалап жүрсе үндеме деген сөз емес. Туған-туыспен, ұжыммен жақын араласпа, сырласпа деген де емес. Тек орнымен, нақты сөйле, жақсы сөз айт немесе үндемей қоя сал деген ғана.

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Арманыңызды «орындайтын» СУПЕР техника

Күткеніңіз БОЛМАЙ ҚАЛДЫ, не ІСТЕУ КЕРЕК?