Өмірдегі ең үлкен 5 ҚАТЕЛІК

0
5 443

​Бұл қателіктерге мүмкіндігінше ұрынбауға тырысқан жөн.


Өмірдегі ең үлкен 5 ҚАТЕЛІК

фото: cstor.nn2.ru

Көп арасында «Қателік жасамаған адам – ешнәрсе істемеген адам», «Қателеспей ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмейсің» деген түсінік бар. Дұрыс-ақ. Алайда бұл қателік жіберуге болады деген сөз емес.

Адам қателіктерінен сабақ алмаса, бәрі бекер. Ал өткен шақты еске алып, өкіндірер қателіктерінен қорытынды шығара білсе, өзін-өзі таниды, ақылы артады, лабиринттен шығып өмірі өзгереді.

Десе де, психолог мамандар кейбір қателікке мүлде жол бермеген жөн дейді. Бұл қателіктер психологтар ең үлкен қателіктер деп атайды. Олар қайсы?



БІРІНШІ ҚАТЕЛІК

Мектеп пен институтта білімді маңызды санамау, оқымау. Немесе баға үшін ғана оқу.

Психологтар орта жастан асқандар мен қарттар арасында сауалнама жүргізгенде адамдардың көбісі мектепте оқуға немқұрайлы қарағанына өкінеді. Сонымен қатар жоғары оқу орнында білім алуды емес, диплом алуды ғана ойлап 4-5 жылының текке кеткеніне өкінетіндер көп екен.

Иә, диплом жұмысқа орналасу үшін ғана қажет, ал сол қызметте тұрақтап қалу, өсу, өрлеу біліміңізге байланысты. Білімді адам ешқашан жерде қалмайды, ол қара жұмыс істесе де басқалардан білімі арқылы әрқашан алда болады. Білімдінің күні қашанда жарық екенін ата-абабамыз бұдан бірнеше ғасыр бұрын-ақ айтып кеткен. Мектепте де мұғалімдер «Білекті бірді, білімді мыңды жығатынын» айтудан жалықпайды. Сонда да оқушылар арасында білімге ден қойып, үй тапсырмасынан бөлек өз бетінше есептер шығарып, әдеби кітаптар оқитыны аз.

Мектептегі 11 жылда, жоғары оқу орнындағы 4-5 жылда қажетті білімді алып, бірнеше шет тілін үйренуге әбден болады. Ал одан кейін тұрмыстық өмір басталады да оқып-үйренуге уақыт тапшы. Оның үстіне жастық шақта алған білімнің орны бөлек. Бұны даналар «Жас кезде алған білім тасқа жазғанмен тең, егде жаста алған білім мұзға жазғанмен бірдей» деп ескертіп те кеткен.

Олай болса, ең үлкен қателікке жол бермеңіз. Көп адам сияқты ертең өкінбес үшін жас кезде уақытыңызды бос әңгіме мен ырду-дырдуға арнағанша білім алыңыз, тіл үйреніңіз.



ЕКІНШІ ҚАТЕЛІК

«Пешенеге жазылғанды көреміз». Бұл ең үлкен қателіктердің екіншісі. Адамның көбісі мәселелерімен, қиындықтармен күрескісі келмегенде тағдырға жаба салады. Олар бір ғажайыптың орын алатынын күтумен немесе әлдекім келіп өмірін өзгертіп беретініне сенумен қалай қартайғанын аңғармай қалады.

Бұл қателікке «Құдай бір жар қарыз» деген де кіреді. Тағдырға жазылған адам өзі іздеп келетіндей күтіп жүре береді. Ал психологтар өмірдің келесі кезеңіне өту үшін әрекет ету қажет дейді. Яғни, қиындықпен күресу, мәселені шешу әрекеті. Осындай әрекеттер арқылы сіз үнемі өсіп, алға жылжып отырасыз.

Сол сияқты қаратйғанда жалғыз қалмау үшін өмірлік жарды күтіп отырғаннан гөрі танысу, кездесу, әңгімелесу әрекеттері жасалуы керек. Тым болмағанда «бала олжа».

«Әркім өз тағдырының суретшісі», «Тағдырың өз қолыңда» деген сөздерді есте ұстаңыз да әрекетке көшіңіз. Әрекеттен жақсы болсын, жаман болсын әйтеуір бір нәтиже шығады. Ал құр қарап отырғаннан ешнәрсе өзгермейді.



ҮШІНШІ ҚАТЕЛІК

Әріптестермен, достармен жеке өмірдегі мәселелерді, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасты талқылау. Шын ниетпен жаны ашып, сөз жәрдемін беретіндер кемде-кем. Ал мәселеңізді, кемшілігіңізді қару етіп қолданатындар, одан сайын жан жарасын тырнай түсетіндер көп.

Қысқаша айтқанда, бұдан пайда аз, зиян көп. Тіпті мәселеңіз ушығып, отбасылық өміріңіздің быт-шыты шығуы мүмкін. Сондықтан да отбасылық мәселеңізді айналаңыздағы адамдарға емес, арнайы мамандарға айтсаңыз, дұрыс шешімін табасыз. Немесе өзгенің сөзін емес, өз жүрегіңіздің үнін тыңдап, шешім шығарыңыз.



ТӨРТІНШІ ҚАТЕЛІК

Зиянды әдет. Ешкім маскүнем болайын деп арақ ішпейді. Ешкім нашақор болайын демейді. Бәрі де қызығушылықтан басталады.

Жас кезде дәмін татқыңыз келген шығар, бұл қалыпты жағдай. Бірақ әдетке айналдырмаңыз. Той-томалақта, қуаныштарда бір стакан ішуге болатын шығар, алайда шамадан арттырмаңыз.

Лажы болса, спиртті ішімдікке жоламаңыз. Өйткені ол сізді денсаулықтан, жұмыстан, отбасыңыздан, абыройдан және ағайын-туысқаннан айырады.

Зиянды әдетті тастау өте қиын. Сондықтан дұрысы, оны бастамаңыз. Алкогольді ішімдікті (немесе темекі т.б.) қолыңызда ұстағанда бұл көп адамның үлкен қателіктерінің бірі екенін еске алыңыз.



БЕСІНШІ ҚАТЕЛІК

Ақшаны оңды-солды шашу. Пайдасыз нәрселерді, киімді есепсіз сатып алу.

Бұндай қателікті көбіне адам бойдақ кезде жасайды. Ол кезде адам ертеңіне көз сала қоймайды. Ал кейін орта жастан асқан соң «23 жасымнан бастап жұмыс істедім, сол кезде ай сайын 10 мың теңгеден депозитке сала бергенімде ғой, 40 жасқа дейін бір бөлмелі болса да пәтердің ақшасын жинап қояды екенмін» деп өкінеді.

Ақшаңыздың бір бөлігін жинаңыз. Мәрт болу, дос-жаранның кафедегі дастарханын төлей салу, әлдекімге қайтарымсыз қарыз бере салу қателік емес. Бірақ 40 жасқа дейін баспана сатып алмау – үлкен қателік.


Дайындаған: Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Бұл сөзді кез келген уақытта жиі қайталаңыз!


ЖҰМЫСқа тұрарда мынандай СҰРАҚтарға дайын болыңыз