​Өмірді 100 пайыз жақсартатын БІР қадам

0
3 560

Осы бір-ақ нәрсені істесеңіз болғаны.


​Өмірді 100 пайыз жақсартатын БІР қадам

фото: spbliders.ru

Күйеуіңізбен (әйеліңізбен) араңыз салқын ба? Көршілермен жиі керісесіз бе? Әріптестеріңіз жақтырмай ма? Айлығыңыз шайлығыңызға жетпей ме? Жасыңыз 40-тан асса да пәтерден-пәтерге көшіп жүрсіз бе? Өміріңіз қызықсыз ба?


Бұның бәріне жауапты – тек өзіңіз. Әркімді, жағдайды кінәлауды доғарып, өміріңізде орын алып жатқан әр мәселені шешуді қолға алу керек-ақ.



ЕШКІМДІ КІНӘЛАМАҢЫЗ

Дана қазақ «не ексең – соны орасың» деп нақты айтқан. Мысалы, бақшаға сәбіз ексеңіз, сәбіз өсіп шығады. Картоп ексеңіз, картоп қазып аласыз. Ал ешнәрсе екпесеңіз, ол жерге тек арамшөп, тікенек өсіп шығуы мүмкін. Өзгелер өнім алып жатқанда сіздің бақшаңызда ешнәрсе өспесе, көршіңізді, басқа біреуді кінәламайсыз ғой. Ешнәрсе екпеген өзіңіз ғана кінәлісіз.

Қандай нәтиже болса да ол өзіңіздің әрекетіңіздің немесе әрекетсіздігіңіздің жемісі. Осыны түсінгенде, мойындағанда ғана айналаңыздағы адамдарды, мемлекетті, билікті кінәлауды тоқтатып, өз өміріңіздің жауапкершілігін қолға аласыз. Ал сәтсіздікке, бақытсыздық пен жоқшылыққа басқаларды кінәлауды, үнемі кінәліні іздеуді доғарған соң өзіңізді алдау мен жұбату біртіндеп жойылады. Жағдай, тіпті көңіл күйіңіздің өзгеруі де өз қолыңызда, өзіңізге байланысты екенін ұғасыз. Бұны ұққан адам өзін өзгертуге кіріседі.



ӨЗІҢІЗДІ АЛДАМАҢЫЗ

«Қазірше демала тұрайын, келешекте қырып жұмыс істеймін», «Мүмкіндік барда ұйықтап алайын, ертең жұмысқа тұрған соң, отбасылы болғанда ұйқыны ұмытам ғой» деп өзіңізді алдамаңыз. Істейтін жұмыстарыңызды қазір бастаңыз, істеңіз. Ал ұйқы ешқашан қанбайды және адам ұйқыға тоймайды. Бұл жүз пайыз дәлеледенген.

Әлдебіреу келіп бақытты етеді, біреу сіз үшін жағдайыңызды жасайды деп те алдаусыратпаңыз. Ұрысып қалған адамыңызбен біреу кеп татуластырады, уақыт өмірімді реттеп береді, құдай көмектеседі деп өзіңізді алдау да – текке уақытты жоғалту. Дәл қазір реттеңіз, өйткені бәрі тек өз қолыңызда, өзіңіз жауаптысыз.

Жармен арадағы қарым-қатынас, ұжымдағылардың сізбен ара қатынасы сіздің олармен қарым-қатынасыңызға байланысты. Демек олардың қарым-қатынасы өзгеру үшін сіздің қарым-қатынасыңыз өзгеруі қажет.



ЕШКІМНЕН ЕШНӘРСЕ КҮТПЕҢІЗ

Күту – бекершілік. Ешкім сізге ешнәрсе міндетті емес. Ешкім қолыңызды, аяғыңызды байлап қойған жоқ. Ешкім үйге қамап та отырған жоқ. Демек, өміріңізді жақсартуға, қандай да бір әрекет жасап қимылдауға ешкім кедергі емес.

Әрекетке көшу үшін өзгелерден көмек, жәрдем сұрауды, күтуді тоқтату керек. Ол үшін әркімге мұңды, жағдайды айтып шағымдану әдетін қойған жөн.

Сонымен қатар мәселе өздігінен шешіліп, уақыт бәрін өз орнына қояды деп күту де бекер екенін түсініңіз. Сіздің қатысыңызсыз ешнәрсе өзгермейді. Есте ұстаңыз, сәттілік, жолыңыздың болғыштығы, ғажайып та адам қимылдап, дұрыс бағытта әрекет етпейінше көмектеспейді.



ЕСЕЙІҢІЗ

Ата-анаңыздан талай рет «Болды, сен үлкен болдың, өзің тамақ құйып іш. Өз киіміңді өзің үтікте» деген сияқты сөздерді естіген боларсыз жасөспірім шақта. Ал одан бері талай жыл өтті, жасыңыз 30-40-тан асты, әлі қамсыз жүрсіз. Өз жағдайыңызды өзіңіз жасамайынша ешнәрсе өзгермейді.

Есейіңіз. Күнделікті ас-суыңызды өзіңіз тауып жеу де – есеюдің бір белгісі. Дәл сол сияқты өз мәселелеріңізді өзіңіз шешіп үйренуіңіз қажет.

Бұрыс, я дұрыс болса да өміріңізге қатысты шешімді өзіңіз қабылдаңыз. Қателессеңіз де тәуекелге барып, қадам жасаңыз. Жаныңыз ауырса, сатқындық жасалса, әлдебіреумен ұрысып қалсаңыз, сол сезімдерді әркімге айтып шағымданбай бастан өткере біліңіз. Өзіңізге өзіңіз қорған, демеу болуды үйреніңіз.

Міне, осылар сізді есейтеді. Ал есейген адам өз өмірін қолға алады, өз өміріне, іс-әрекеттеріне жауап береді. Ал жауапкершілікті қолға алмайынша, ешнәрсе өзгермейді, осыны есте ұстаңыз дейді психологтар.


Сүреңсіз, қызықсыз, мағынасыз, қиын өмірді жақсарту үшін бір-ақ нәрсе жасау керек. Ол – өз өміріңіздің жауапкершілігін қолға алу. Ал жауапкершілік жоғарыда аталған төртеуімен бірге келеді.


Табиғат Қалыбек,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


СІЗге қай НӘРСЕге уақыт бөлу КЕРЕК? (тест)


КІМ екеніңізді БІЛГІҢІЗ КЕЛЕ МЕ? (тест)