Отбасында да, бизнесте де БҰНЫ білгеніңіз жөн

0
2 581

Карантиндегі бос уақытыңызда H/PA теңгерімін сақтауды үйреніп алыңыз. Өйткені ол өміріңіздің барлық саласында өте қажет.


Отбасында да, бизнесте де БҰНЫ білгеніңіз жөн

Тепе-теңдік қағидасы өмірдің барлық саласында «жұмыс істейді». Ережені сақтасаңыз да, сақтамасаңыз да ол өз заңдылығынан айнымайды. Сондықтан тұрмыста физикалық, финанстық және адами ресурстарда мәселелердің алдын алу үшін H/PA теңгерімін қалай сақтауды білгеніңіз жөн.



H/PA теңгерімінің авторы КІМ?

Гарвард университетінің МВА дәрежесінің иегері Стивен Кови. Оның есімі көшбасшылық және отбасы қатынастарын нығайту туралы заңдылықтардан тұратын кітаптарымен бүкіл әлемге белгілі.

Стивен Кови H/PA теңгерімі туралы өзінің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» атты кітабында кеңінен тарқатып түсіндірген. Мұндағы:

Н – нәтиже

Р – ресурс

А – амал



Бұл теңгерім ҚАЛАЙ жұмыс істейді?

Стивен Кови тепе-теңдікті сақтау арқылы жақсы нәтижеге жетуді үйрететін формуласын ежелгі Грекияда Гомерден кейін аты аңызға айналған мысалшы Эзоптың «Қаз бен алтын жұмыртқа» мысалы арқылы түсіндіреді.

МЫСАЛ: Кедей шаруаның қазы бір күні жалтыраған жұмыртқа туады. Оны зергерге алып келеді. Жұмыртқаның алтыннан екенін естігенде шаруа өз көзіне өзі сенбейді. Зергер бағалаған ақшаға айырбастап, біраз керек-жарағын түгендеп алады.

Келесі күні қаз тағы алтын жұмыртқа туады. Шаруаның бақыттан басы айналады. Енді ол күнде ұйқыдан тұра салып қаздың алтын жұмыртқасын алуға асығатын болды.

Шаруа әбден байыды. Оның өмірі ғажап түс сияқты, өзгелер түгілі өзі де сене алар емес. Алайда шаруа байыған сайын бойында пайда болған шыдамсыздықты, ашкөздікті аңғармады. Бұрын түнімен ертерек таңның атуын тілейтін болса, енді келесі күнді күте алмай тағаты таусылды. Ол күнде бір жұмыртқаны алуды қанағат тұтпай қазды өлтіріп, ішіндегі алтын жұмыртқаларды бірден алуды ойлады. Қаздың ішін жарды. Бірақ қаздың ішінен алтын жұмыртқалар табылмады.

Осылай шаруа қаздан да, күн сайын алтын жұмыртқа алу мүмкіндігінен де біржолата айырылды.


Стивен Кови Эзоптың бұл мысалында табиғи заңдылықтың жатқанын айтады. Отбасында, кәсіпте, адамдармен қарым-қатынаста, тіпті денсаулықты нығайтуда да тек «алтын жұмыртқаға» басымдық берген адам мысалдағы шаруанын күйіне түседі. Қай нәрседе де нәтиже (алтын жұмыртқа) мен оны алуға кеткен ресурс пен амалға (қаздың) бірдей көңіл бөлу керек, - дейді ол.


H/PA теңгерімін сақтап тұру үшін «алтын жұмыртқа» (нәтиже) мен қаздың денсаулығы және амандығы (ресурс пен амал) арасындағы тепе теңдікті сақтау керек.

С.Кови өзінің Н/РА теңгеріміндегі ресурсты физикалық, финанстық, адами деп, жеке-жеке қарастырады.

ФИЗИКАЛЫҚ РЕСУРС: Н/PA теңгерімін сақтау арқылы үйдегі, кеңседегі физикалық ресурстарды тиімді пайдалануға болады. Физикалық ресурсқа: көлік, компьютер, аппараттар, кір жуғыш машина, шаңсорғыш, кондиционер т.б. жатады.

С. Кови «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» кітабында мынандай мысал келтіреді: Көгал оратын шалғы (физикалық ресурс) сатып алдым. Екі жыл пайдаланғаннан кейін істен шықты. Жөндетуге апарғанымда шебер шалғы маторының күйіп кеткенін көрсетіп «Егер уақытылы пышақтарын қайратып тұрғаныңызда маторға күш түспес еді» деді.

Егер мен ресурс пен амалға (РА), яғни шалғыны уақытылы техникалық тексерістен өткізіп тұрғанымда, тағы да екі-үш жыл көгалды қырқуға (H) пайдаланар едім. Ал мен тек нәтижені көздеп, жылдам нәтижеге жету мақсатта әрекет еткендіктен қымбат физикалық ресурстарды бүлдіріп шығандандым.


ФИНАНСТЫҚ РЕСУРС: H/PA теңгерімі қаржылай ресурстарды пайдалануға да дәл осылай әсер етеді екен. Ал адамның ең басты қаржы ресурсы – ақша табу қабілеті. Тиімділік тепе-теңдігін сақтау үшін өз салаңыз бойынша біліміңізді дамытып, қабілетіңізді үнемі жетілдіріп отыруыңыз керек. Сонда көп жұмыс істеп аз жалақы алу сияқты мәселелер сізге жоламайды.


АДАМИ РЕСУРС: Мұнда қарым-қатынасқа басымдық беріледі. Мысалы, некедегі екі адам ортадағы қарым-қатынасты жақсартуды жайына қалдырып, «алтын жұмыртқа» табуға кірісіп кетсе, уақыт өте келе олар бөтен адамдарға айналады. Кезекті бір кикілжіңнен соң олар оңай ажырасып кетеді, өйткені араларында сүйіспеншілік, жылулық, терең түсіністік әбден әлсіреген.


Стивен Кови осы үш ресурстың барлық жерде балансын сақтаған адамның өмірінде мәселелер де аз болатынын айтады. Ал сіз H/PA теңгерімін өміріңіздің қай ресурсында бұзып жүрсіз? Реттеуге, түзеуге карантин уақытын пайдаланыңыз.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Осы НӘРСЕні істесең – мәселеңнің бәрі өздігінен ШЕШІЛЕДІ


ТҮБІРТЕКТІ қоқысқа тастамаңыз, ӨРТЕҢІЗ! Неге?