Биыл Рамазан айы 5-мамыр мен 3-маусым аралығын қамтиды. Бұл айды тазаруға арнаған жөн. Ол үшін алдын ала жоспар құрған дұрыс. Ал, сіздің жоспарыңыз бар ма?
Қасиетті рамазан айының басталуына екі апта қалды. Дайындығыңыз қалай? «Денсаулығым жарамайды», «Емізулі нәрестем бар» т.б. сылтау айтатыныңызды білем. Менің айтайын дегенім басқа.
12 айдың бір айын жалпы тазаруға, тазартуға арнаңыз демекпін. Дұрыс үй жинау өнері туралы бестселлерімен бүкіл әлемге есімі белгілі жапониялық Кондо Мариэ «Үйіңіздегі заттарды реттеу арқылы өміріңіз реттеледі» дейді.
Иә, сіз өміріңіздің реттелгенін қалайсыз, бірақ ол үшін үйіңіздегі заттарды реттеуіңіз керек. Мариэ көп жылдық тәжірибесіне сүйене отырып, «Жуылмаған ыдыс, ретсіз киімдер, сарғайған қағаздар отбасылық қатынасқа кедергі болады. Айналамыздағы бұйымдар өмірімізге тікелей әсер етеді» деп ескертеді. Олай болса, Кондо Мариэнің әдісін қолданып көрейік.
Бөлмелерді бөліп жинау дұрыс емес
Үйді тазалау кезінде әйелдердің көбісі бір күні жатын бөлмені, келесі күні асүйді т.б. осылай бөліп жинайды. Ал, Кондо Мариэ бұл тәсілдің қате екенін айтады. Ол бөлмелерді емес, заттарды типіне қарай реттеп, тазалаңыз дейді. Оның айтуынша, нақты жерлерді жинау қажет: кітап сөресі, жұмыс үстелі, суырмалар, гардероб т.б.
Мысалы, бір күні тек терезелерді жуу керек. Яғни, барлық бөлменің терезелерін тазалаумен шектелесіз. Келесі күні ыдыстарды тазалау, иә, тек ыдыстарды жуып, тазалайсыз. Тағы бір күнді тек косметикалық заттарыңызды реттеуге арнасаңыз, бір күні әшекей бұйымдарыңызға уақыт бөлесіз.
Осылай типіне қарай тазалаған дұрыс екен. Үйіңіздегі заттарды алдымен типіне қарай топтап алсаңыз, «Конмари» әдісі сізге түсініктірек болады.
БІРІНШІ, әр затты реттеудің мерзімін жазып, қысқаша кесте құруыңыз керек. Мысалы:
Күні | Атауы |
29 сәуір | Қағаздар (кітап сөресі/газет-журналдар, кітаптар, құжаттар...) |
30 сәуір | Киімдер (гардероб/сырт киімдер, жазғы киімдер, іш киімдер...) |
1 мамыр | Техникалық тұрмыстық заттар (теледидар, шаңсорғыш, кір жуатын машина...) |
2 мамыр | Кілемдер |
3 мамыр | Көрпе, төсек жаймалар |
4 мамыр | Дәрі-дәрмектер |
Бұл үлгі ғана. Ал, сіз «Конмари» әдісін Рамазан айында қолданғыңыз келсе, 30 күнге арналған кесте түзіп, заттарды жуу, реттеуді өзіңіздің уақытыңызға ыңғайлап тізіп шығыңыз.
Киімдерді де бірнеше типке бөліңіз
Киімдерді реттейтін күн. Киімдерді де типіне қарай бөліп реттеген дұрыс. Мысалы, бір күні тек қыстық киімдерді жуып, реттесеңіз, екінші күні шұлықтарды... Немесе былай етіңіз: бүгін күйеуіңіздің бүкіл киімін реттесеңіз, ертең ұлыңыздың, сосын қызыңыздың... енеңіздің... осылай әр күні бір адамның киімдеріне ревизия жүргізіп сорттап, реттеп, тазалауға болады.
Сондай-ақ, «Конмари» әдісінде киімдерді бүктеуге ерекше назар аударылады. Айтыңызшы, шкаф сөрелеріне киімдерді қалай бүктеп саласыз?
Ал, Кондо Мариэ «рулет» секілді бүктеу керек дейді. Яғни, киімді шиыршықтап орайсыз. Рулет секілді орап жинаған киімді үттіктеу де және көп киімнің арасынан қажеттісін табу да оңай. Тіпті, шұлықтарды да, іш киімдерді де шиыршықтап орау керек.
Күнде 1 қажетсіз заттан құтылу
Заттарды типке бөліп алған соң, оларды тазалап, реттеуге кірісіп кеттіңіз бе? Қажетсіздерін қоқысқа тастауды да ұмытпаңыз. Екі-үш жылдан бері киілмей тұрған киімдерді киіңіз немесе керек еткен туған-туысқанға беріп жіберіңіз. Ыдыстарды да кім үшін, не үшін сандыққа салып жинап отырсыз? Өзіңізден, отбасыңыздан артық кім бар, айтыңызшы? Әлде, өзіңізді әдемі, жаңа шәйнектен шай ішуге лайықсызбын деп ойлайсыз ба? Тастаңыз, шеті кетілген, қақпағы сынған шейнекті...
Сырмасы бұзылған киімдерді, сөмке мен етіктерді ұстаға апарып жөндетіңіз. Бұзылып тұрған қолшатырды жөндетіңіз, ал жөндеуге келмейтін болса лақтырып жіберіңіз.
Мариэ бір күнде заттарға ревизия жасап, сараптау, қайтадан үйіңізде қоқыстың жиналуына әкеп соғады дейді. Расында, қажетсіз деп шетке жинаған заттарыңызды қоқысқа шығарарда тағы да сорттап, біразын жарамды деп қайтадан бөліп аласыз. Сондықтан, Мариэ өзінің «Конмари» әдісінде «Күнде бір қажетсіз заттан құтылып отырыңыз» дейді.
Мысалы, шкафтарыңыздың сөрелерін ақтарыңызшы, күнде бір жарамсыз зат табылады. Сатып алғаныңызға үш жылдан асып кеткен тушь, дәрілер... бұлардың жарамды мерзімі өтіп кеткен ғой, неге сақтап жүрсіз? Ал, бос баклажкаларды не істемексіз?
ЕКІНШІ, Тастаңыз, құтылыңыз қажетсізден.
Компьютеріңізді, ұялы телефоныңызды да «Конмари» әдісімен тазалаңыз!
Компьютеріңіздегі, ұялы телефоныңыздағы қажетсіз файлдарды, суреттерді т.б. бәрі-бәрін тазалаңыз. Аудиофайлыңызда қанша ән бар? Оның нешеуін тыңдап жүрсіз? Тыңдамайтындарыңызды өшіріңіз. Телефондағы нөмірлерді де реттеңіз. Керек емес адамдардың телефон нөмірін өшіріңіз.
Мен «Конмари» әдісінің ең негізгілерімен ғана таныстырдым. Осы бір-екі әдістің өзі де көмектеседі сізге. «Конмари» әдісімен үйіңізді, айналаңыздағы заттарды реттеген соң, өміріңіздің де реттелгенін байқай бастайсыз.
Әрине, бұл тәсіл үй жинағанда сіздің әрдайым қолданып жүргеніңіздей көрінер?! Бірақ сіз заттарды типіне қарай, бір күнде бір қажетсіз заттан құтылып отыру әдісін пайдаланып көрдіңіз бе? «Конмари» әдісінің қаншалықты зор екеніне қолданып көргенде ғана көзіңіз жетеді.
Егер, «Конмари» әдісін кеңінен ұғып, қолданғыңыз келсе, интернеттен Мариэ Кондоның «Магическая уборка. Японское искусство наведения порядка дома и в жизни» деген кітабын тауып дәл қазір оқып шығыңыз. Кітап небәрі 37-40 беттен ғана тұрады. Оқып қана қоймай, онда айтылғандарды орындаңыз.
Жазира СМАҒҰЛОВА,
Тағы да оқыңыз:
10 күнде АҒЫЛШЫН сөздерін ОҢАЙ жаттай аласыз
Қандай ертегіні балаға айтуға болмайды?