Көбіне қандай суретті жиі саласыз? Психологтардың айтуынша, бұл сурет қандай адам екеніңізді дөп басып, ішкі сырыңыз бен көңіл күйіңізді дәл айтып бере алады екен.
фото: depositphotos.com
Телефондағы ұзақ әңгіме кезінде, ұзақ-сонар жиналыстарға қатысқанда, қызықсыз лекцияда ойға шомып отырып алдыңыздағы қағазды шимайлап суретке, түрлі сызбаға толтырып тастайтын әдетіңіз бар ма?
Психолог мамандарының айтуынша, бұл барлық адамға тән және еріксіз жүзеге асады. Мысалы, АҚШ президенті Джон Кеннеди әлдебіреумен сөйлесіп отырғанда қойын дәптеріне желкенді қайықты салғанды ұнатқан екен. Ал, А.С.Пушкин мұндай сәтте адамдардың суретін, Борис Ельцин қол астындағылармен жиын барысында тік сызықтарды сызған. Сіз ше? Парақ бетін немен толтырып тастайсыз?
Психологтар еріксіз салынған бұндай сурет пен сызбалар адамның мінезінен, сол сәттегі көңіл күйінен, өмірге деген көзқарасынан ақпарат береді дейді.
Үй, үй жиһаздары: Отбасы, сүйіспеншілік, тыныштық белгісі. Егер бұндай суреттерді бойдақ адам салса, жалғыздықтан жабырқаулы, бас құрауды армандап жүр. Ал, отбасылы адам салса, онда оның шаңырағында жылулық, махаббат, мейірімділік, жан тыныштығы жеткіліксіз.
Адам, бет-әлпет: Көңіл күй белгісі. Жалпы, салынған адам суретіне қарап, оның авторының көңіл күйін білуге болады. Жасқаншақ, ынжық адам бет-әлпетке кекіл салуға құмар келеді.
Сүйкімді адамның түрі айналаңыздағы адамдармен жақсы қарым-қатынасты, ал қорқынышты адам бейнесі – әлдебіреуге деген реніштің, өкпе-наздың бар екенінен хабар береді.
Жұрттың сөзін елемейтін, «айта берсін» деп өз дегенімен жүретіндер адамды құлақсыз салады.
Көз: Қырағылық, байқампаздық, назар аудару белгісі. Айналасындағылардың өмірінде орын алып жатқан жайттарды, жаңалықтарды білуге құмар, ешнәрсені назардан тыс қалдырмайтын адамдар көздің суретін көп салады.
Жұмулы немесе төмен қарап тұрған көз – біреуді, не әлдеңені көргісі келмеген кезде ғана емес, өзінің ішкі әлеміне, өз мәселелеріне үңілуді қаламағанда да салынады.
Кірпіктері ұзын көз – жұрттың назарын өзіне аударғысы келеді.
Ағаш, тал, орман: Сенімділік, күш-қуат белгісі. Жапырағы жоқ ағашты өзіне сенімсіз, маңызды шешім қабылдауда өзгенің пікірін, жақын адамдарының қолдауын қажет ететін адам, ал жапырақты ағашты өз-өзіне сенімді адам салады.
Ағаш діңінің жуандығы – мол қуатты білдіреді. Егер салған суретте ағаштың тамыры жоқ болса, онда қорғаныңыздың, қалқан болар сенімді адамыңыздың жоқ болғаны.
Күн: Жақын адамдардың мейірім, ықылас, жылылығының жеткіліксіздігінің белгісі.
Бұлт, ай: Асқақ арман, бай қиял, көңіл тазалығы, мінез жұмсақтығы.
Тау: Қарапайымдылық, биіктік, парасат, ақылдылық, білімділік, рухани байлық белгісі.
Гүл, өсімдік: Өсу, көбею, ұрпақ өрбіту және нәзіктік белгісі.
фото: imagesthai.com
Өзен: егер ол солдан оңға қарай ағып жатса, келешекке ұмтылыс, ал оңнан солға қарай ағып жатса, аяқталмай қалған көп іс. Өзен арнасы түзу болса, мақсаттың нақтылығы, оған жете алуда сенімділік. Ал, иректеліп ағып жатса, шешім қабылдауда қиналыс, мәселені анық көре алмау.
Жүрек, қос жүрек: Ғашықтық, құлай сүйе білу, сүйікті болғысы келу. Жүрек іші боялса, онда сүйіктіңізге сенімсіздік белгісі.
Автомобиль, самолет, кеме: саяхат
Қолтаңба, өз есімі: Өзінің ішкі «мен»-імен арпалыс. Сондай-ақ, көпшіліктің назарында болуды қалау.
Жұлдыз, бесбұрыш: Оптимизмнің белгісі. Нендей жағдай туса да еңсесін жылдам тіктеп алатын адам.
Әріптер мен сөздер: Армандау, аңсау, көксеу.
Белгілі бір сөзді қоршап қойса, ол өзінің пікіріне сенімді, оны бәріне дәлелдегісі келеді.
Сөздің астын бір немесе екі тік сызықпен сызса, ол бір істі бастауға бел буып отыр.
Сөз асты ирек сызықпен сызылса, шешім қабылдай алмай қиналыста.
Аң-құс, үй жануарлары: Қай жануардың суретін жиі саласыз? Бұл сіздің сол сәттегі мінезіңізді көрсетеді. Мысалы, қоян мен тиін – бұл мәселеде шешім қабылдауда қорқақтық, қасқыр мен жолбарыс – агрессия. Әлдебір қулықты ойлап отырған адам түлкіні бейнелейді.
Жылқы – қызық думанды жақсы көреді, достары ол үшін бірінші орында.
Жылан – томаға-тұйықтық және даналық белгісі.
Музыка нотасы: Музыкаға әуестік, жоғары талғам, таланттық белгісі.
Шиыршық (спираль), ирек сызықтар: Қиыншылық, өткенді көп ойлау.
Ирек сызықтар: Ойдың жан-жақтылығын көрсетеді. Болашағына ойша саяхат жасай алады. Әр қадамын ойланып басатын ой адамы.
Жебе, бағыттаушы, нұсқаушы белгілері: Стратегиялық ойлау қабілеттің кеңдігі. Көздеген мақсат айқын. Іске кірісуге арнайы жоспар құрулы дегенді білдіреді.
фото: depositphotos.com
Шимақталған сызықтар: Жан дүниеңіздің тұманданғаны.
Геометриялық фигуралар: Квадрат, үшбұрыш, ромбы секілді қырлы фигуралар – нақты, анық мақсат, жоғары сенімділік, қуаттылық. Сондай-ақ мінездің қатаңдығын, қаталдықты, табандылықты да көрсетеді.
Шеңбер: Мінездің жұмсақтығы және оқшаулық. Өзіне, ішкі әлеміне ешкімді жақындатқысы келмейтін, өзі туралы құпия сырды толық ашуды қаламайтын, өзге түгілі, ең жақын адамдарының да жеке өміріне, ісіне араласқанын ұнатпайтын адам шеңберді көп сызады.
Түрлі өрнектер: Жалығу, қызығұшылық пен құштарлықтың жоғалуы.
Шахмат тақтасы: күрделі мәселе, өзін-өзі іздеу, адасу мен шатасудан сақтану.
Тор: Тік және көлденең сызықтарды пайдалана отырып сызылған тор адамның жайсыз жағдайда екенін білдіреді. Тұйыққа тірелу, тығырыққа тап болу. Бір мәселеге алаңдау, одан қалай шығуды білмеу.
«Крест», Х: Біреудің алдында өзін айыпты, кінәлі сезіну. Дәрменсіздік.
Сандар: Материалдық жағдайға алаңдау. Табысты қалай еселеуді немесе қарыздан құтылуды ойлау.
Сызықтар: ашу, агрессия. Сызық қайта-қайта боялған болса, әлденеге қобалжулы, алаңдаулы екеніңізді білдіреді.
Жіңішке сызықтар – шаршау, қажу.
Адамның салған суретіне қарап, оның бар болмысын білем деу қате. Әйтсе де, өзіңізді қызықтырған адамның әңгіме кезінде салған суретіне көз тастай отырып, оның сан салалы, көп қырлы мінезінен аз да болса ақпарат алуға болады.
Ж. Нұрабайқызы,
Тағы да оқыңыз:
Осы төрт-ақ нәрсе КӨП бәледен сақтай алады!