Сіздің бақытсыздығыңыздың себебі ОСЫНДА жатыр

0
7 532

Өзіңізді бақыттымын деп айта аласыз ба? Жауап бермес бұрын психолог пікірін оқып шығыңыз


Сіздің бақытсыздығыңыздың себебі ОСЫНДА жатыр

Кім бақытты, кім бақытсыз? Біреу бала тумаған әйелді бақытсыз десе, екінші біреудің түсінігінде ажырасқандар және отбасы құрмаған «кәрі бойдақтар» бақытсыз, үшінші біреу қарызы көп борышкерді атайды. Ал, бизнес-тренерлер «Ең бақытсыз адам – «ертең» сөзін көп қолданатын адам» дейді. Әрине, бақыт сөзін әркім әрқалай түсінеді. Бұл сұраққа психолог мамандары не айтады екен?


Психологтар НЕ ДЕЙДІ?

Есте ұстаңыз: Адамның бақыты оның байлығымен, денсаулығының күйімен, қоғамдағы орнымен, оның күйеуі (әйелі), баласы, баспанасы, көлігі бар-жоғымен өлшенбейді.

Сізде қажет нәрсенің бәрі болғанымен, бірақ сол барыңыздан рахат ала алмауыңыз мүмкін. Қос-қос үй, көлік, екі әйелі мен егіз ұл-қыздары болса да бақытсыз жандар бар. Керісінше, ешнәрсесі, ешкімі болмаса да бақытты адамдар көп.

Сондықтан, материалдық және отбасылық жағдайына, мінсіз мүсіні мен сұлулығына, біліміне қарап, бақытты немесе бақытсыз деп айту – үлкен қате. Ал, осындай критерийлерге ғана қарап өзін «бақытсызбын» деу – ақымақтық.

Бақыт пен бақытсыздық адамның өзімен және өмірмен қарым-қатынасына байланысты анықталады. Өзіне көңілі тоқ, өміріне риза адамның бақытты екені ешкім айтпаса да айналасына аңғарылып тұрады.

Психолог мамандарының осындай пікірлерін түйіндесек, сізді басқа адам (ата-ана, жар, сүйіктіңіз, бала-шаға, дос-құрбы, ағайын-туыс, көрші-қолаң, әріптес...) немесе бір нәрсе (қызмет, баспана, қымбат көлік, лотореядан ұтып алған миллион, әжімсіз тері...) бақытты не бақытсыз ете алмайды. Осы «кімдер?» және «нелер?»-мен қарым-қатынасыңыз бақытты не бақытсыз етеді.


НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Қарым-қатынасыңызды саралаңыз: өзіңізбен, өмірмен. Бақытты сезінуіңізге қай қарым-қатынас кедергі болып жүр?

Қарым-қатынастарыңызға талдау жүргізу түсінікті болу үшін, мынандай мысал келтірейін.


МЫСАЛ: Мира студент атанғанда ата-анасы оған үлкен әрі әдемі чемодан сыйлады. Бұндай чемодан құрбыларының ешқайсысында жоқ еді. Мақтанды, мақтаныш етті. Қайда барса да чемоданын қолынан тастамай жүрді.

Ішіне қажетті заттарын салып қоятын. Біраз жыл жылжыды. Мираның киімдері мен кітаптары да көбейген, чемодан ауырлай түсті. Оны өзімен алып жүру де қиындады.

Ауыр сөмкені күліп, жадырап көтеріп жүрген адамды көргенсіз бе? Жоқ. Мираның үнемі қиналып, тұнжырап жүргенін көрген анасы бір күні чемоданды ашып қарады.

«Қызым-ау, оқушы кезіндегі мынау анкеталық дәптерлеріңді неге салып алғансың? Университет қабырғасында оқыған кітаптардың енді не қажеті бар, оларды неге көтеріп жүрсің? Тасташы мынау жейдені, сәннен қалды ғой. Үзілген алқаны да тақпайсың. Өзіңді қинап қайтесің?» деген анасы қызының өміріне енді түк те қажетсіз деп санаған біраз затты шығарып тастады. Чемодан да жеңілдеп қалды-ау.

Бірақ, ертеңіне ұйқысынан тұрған Мира кешегі анасы алып тастаған заттарды қоқысқа тастауға қимай қайтадан чемоданға салып, өзімен бірге жұмысына алып кетті.

Тек анасы ғана емес, құрбылары да талай рет Мираның ауыр чемоданына саралау жұмысын жүргізген. Алайда Мира үшін естелікке толы ескі заттарымен қоштасу қиын еді. Сондықтан ол чемоданын қайтадан толтырып алатын.

Бір күні чемоданының ұстағышы түсіп қалды. Ұстаға апарып жөндеткен еді, босқа уақыт пен ақша шығындады. Ұстағышы екі күннен соң қайтадан түсіп қалды. «Түу, Мира, ескірді ғой, оны жөндетіп әуре болмай-ақ қой, жаңасын сатып алсайшы» дегендерді тыңдағысы келмеген ол енді чемоданды қолтықтап көтеріп жүретін болды. Ұстағышы жоқ ауыр, үлкен чемоданды алып жүру бұрынғыдан екі есе қиындық тудырды. Құрбыларына «Жетіп аламын, кете беріңдер» деп, өзі әр жерге бір тоқтап аялдайтын. Кейде басына қойып та жүруіне тура келді. Қандай азап десеңізші!

Уақыт өткен сайын чемодан тозды, сырмалары да істен шықты, жарамсыз күйге түсті. Оның үстіне ұстағышы да жоқ. Сонда да Мира оны өзімен бірге әлі арқалап жүр. Кейде чемоданды лақтырып тастағысы келсе, кейде алдағы уақытта бір қажеті боп қалардай түйіледі.

Ол тағы да қанша жыл ескі, жарамсыз чемоданын көтеріп жүреді екен? Егер, Мира чемодансыз жүрсе ғой, оның басы көтеріліп, еңсесі тіктеліп, жүрісі де ширап қалар еді. Айналасында бұрын-соңды байқамай жүрген қызықтарды, адамдарды көрер еді. Ауыр чемоданды сүйрете алып жүрген адамның жан-жағына қарауға шамасы келе ме? Үйіне жеткенде діңкесі құрып құлайтыны анық. Айналасындағылар Мираны түсінбей-ақ қойды, әлде ол өзін солай азаптағаннан ләззат алады ма екен?..

Осындай ауыр чемоданды тастауға қимай, қиналса да өзімен бірге көтеріп жүрген тек Мира емес. Мойындаңызшы, сіз де «тасташы, қажет емес» дегендерді тыңдамай ескі чемоданыңызды өзіңізбен әрлі-берлі тасып жүрген жоқсыз ба?

Әрине, ескі ме, жаңа ма, сәнді ме қандай чемодан ұстап жүрсеңіз де өзіңіз білесіз. Чемоданның сыртқы көрінісі емес, ішіндегі заты құнды болғандықтан тастағыңыз келмейтін шығар. Бірақ та, чемоданды әлдеқайда ыңғайлы рюкзакқа ауыстыруға кеңес беремін. Ал, чемоданның өзі қажет болса, онда тым болмаса ішіндегі қажетсіз, жарамсыз, ескірген заттарды (өткен қателіктерге өкініш, өзінің мінезін, мүсінін қабылдамау, қиялмен өмір сүру, тағдырға көнбеу, шағым айту, қанағатсыздық, балалық шақтағы реніш, сүйген адамның опасыздығы, достың сатқындығы, алғашқы махаббат, тағдыр түйістірмеген адамға сағыныш, қызғаныш, кек, әлдекімді немесе әлденені ұзақ күту... т.б.) тастап жеңілдетіп алғаныңыз жөн.

Жаңа чемодан сатып аламын дейсіз бе? Меніңше, чемодансыз жүрген әлдеқайда жеңіл! Әрине, өз еркіңіз, өйткені бақыт өз қолыңызда!


Сонымен, не істейсіз? Ауыр, ескі чемоданыңызға бүгін ревизия жасайсыз ба, әлде қоқысқа шығарып тастайсыз ба?

(Суреттер ашық дерекөздерден алынды)

Жазира СМАҒҰЛОВА,

«ERNUR.KZ»»


Тағы да оқыңыз:


Еркексің бе? Онда бұл НӘРСЕҢ үнемі ОЯУ болсын!

КІМГЕ және НЕГЕ «ЖОҚ» деп айта білу керек?