Сіздің басты қателігіңіз неде? (тест)

0
15 651

Байқап көрейікші!


Сіздің басты қателігіңіз неде? (тест)

фото: okayno.club

Қазір шомылу кезеңі. Тағы бір айдан соң жаз мезгілі аяқталады. Жақын маңдағы көл, теңіз суына шомылып жүрген боларсыз. Бір досыңыз «Осы жексенбіде шомылуға барайық» десе, көз алдыңызға ең бірінші не елестейді?

Қайсысы: су, толқын, жағалаудағы құм, тастар, шомылып жатқан адамдар, балалар т.б.

Психологтардың айтуынша, бұлар адамның эмоциясының күйін ғана емес, сонымен бірге нендей мәселе мазалап жүргенінен және басты қателігінен де хабар береді екен. Байқап көрейікші!

Мына суретке қараңыз, ең бірінші нені немесе кімді көрдіңіз?

ТЕҢІЗ, СУ

Теңіз суының көлемі 20 шелек немесе 200 шелек емес, көп. Сол сияқты сіздің санаңызды жаулап алған мәселенің санын нақты атау мүмкін емес. Психолог түгілі, өзіңіз де шынында қай мәселе уайымдатып жүргенін атай алмайсыз. Әйтеуір уайымдайтыныңыз көп-ақ. Алайда бұл «мәселеңіз аяқ алып жүргісіз» немесе «басыңызға қара бұлт үйіріліп тұр» деген сөз емес, осыны дұрыс түсініңіз. Бұл – өзіңізге қатысы бар, қатысы жоқ істерді ойлап уайымдайтыныңызды, өзгелердің өміріне алаңдайтыныңызды білдіреді. Сондай-ақ, болмашы ұсақ-түйек нәрселерге бола сарыуайымға салынатындар да суреттен ең бірінші теңізді көреді дейді психолог мамандар.

Көбіне сізге өз өміріңіз емес, басқаның (перзентіңіздің, жарыңыздың, ата-анаңыздың, досыңыздың, бауырыңыздың т.б.) тағдыры маңыздырақ. Басты қателігіңіз де осында.

Қателігіңіз: Барлығы, бәрі. Барлығының мәселесін шешкіңіз келеді және барлық мәселенің шешімін бірден іздейсіз.

Мысалы: Адам күніне 2,5 литр су ішу керек дейді. Бірден сіміріп 2,5 литр суды іше аласыз ба? Жоқ. Оны тек бөліп-бөліп күні бойы ішіп тауыса аласыз.

Бір шелек алманы бір күнде жеп тауысу керек болса, оны біреулеп жейсіз. Аузыңызға екі алма бірден сыймайды. Сол сияқты барлық мәселені бірден шешіп тастай алмайсыз. Біртіндеп, бөліп-бөліп атқарыңыз.

Ең алдымен, басты мәселемен айналысыңыз, сосын басқасының түйіні біртіндеп шешіле бастайды.

ТОЛҚЫН

Толқын – бұл өміріңіздегі немесе жан-дүниеңіздегі қарбаласты білдіреді. Өз әлеміңізде тыныштықты, жайлылықты іздеп жүрсіз. Қалай? Сізге санаңыздағы сан сұраққа жауап іздеуді доғару керек. Ал, мәселе туындай қалса, оны созбай, уақытылы шешуді үйренген жөн.

Теңізге немесе көлге шомылуға барғанда қолыңызға тас алып оны суға лақтырыңыз. Суға лақтырылған тас түскен жердегі су ығысады да, ол жерде ойыс пайда болады. Ойыс төңірегінде ығысқан су дөңгелек сақина пішінді өркеш түзеді де, бұл өркеш сол мезетте-ақ жан-жағына қарай кеңейе отырып, келесі толқынды пайда қылады. Біріншіден кейін екінші, содан соң үшінші...осылай жалғасып кете береді.

Қателігіңіз: Ертең, кейін. Мәселені кейінге қалдыру. Уақытында шешімін таппаған мір мәселе екіншісін, екіншісі үшіншісін... пайда қылып, көбейе береді.

Мысалы: Депозитке салған ақшаның уақыт ұзарған сайын көбейетіні секілді, ертеңге қалдырған сайын мәселе де күрделеніп көбейе түседі.

Мәселеңізді біреу келіп шешіп бермейді. Өзіңіз әрекеттеніңіз.

ИТ, ИТТЕР

«Ит өмір», «Ит сілікпем шықты», «Ит дүние» деген сөз тіркестерінің қандай мағына беретінін білерсіз. Сізге тайм-аут қажет. Кеңседегі жұмыс пен үй шаруасынан да, өмірдің күйбең тірлігінен де бір ауық өзіңізді босатып, тынығыңыз.

Қателігіңіз: Әрдайым құлағым түрік, көзім қырағы болса екен деп сақтанып жүресіз. Мұндай адамдар түнде де алаңсыз ұйықтай алмайды. Тырс еткен дыбысқа оянып кете береді. Күндіз де, түнде де әр нәрсені ойлап санаңыз тыным таппайды.

Мысалы: Дәрілік тұнба дайындау үшін бір шай қасық жалбызды 250 мл қайнаған суға салып демдедіңіз делік. Дәрі дайын болған соң тұнбаны сүзіп аласыз. Жалбыз жапырақтары бойындағы шипалы, минералдық заттарын суға «берген» соң, өзі қажетсіз боп қалады. Күнделікті ішетін шайымыз да сондай. Таңертең демдеп ішкеннен соң түсте шайнек түбінде қалған шай сәмесін төгіп тастайсыз, ол енді пайдасыз.

Мәселеңізді қалай шешуді білмей жүрсеңіз, біраз уақытқа оны ойыңыздан шығара тұрыңыз. Сонда кесе түбіне тұнған шай сәмесі секілді, ол да бөлініп анық көрінеді.

КІШКЕНТАЙ ҚЫЗ

Кішкентай қыз бала – қамсыз, уайымсыз екеніңізді «айтады». Көңіліңіз бала секілді. Есею қажет. Айналаңызда өзіңіз секілді тез өкпелеп, ренжіп қалатын адамдардың да бар екенін есте ұстағаныңыз. Сізге өзгенің көңіліне қарап сөйлеуді, басқаның талғамына түсіністікпен, таңдауына құрметпен қарауды үйрену керек.

Қателігіңіз: Өкпе, реніш. Айналаңыздағы адамның бәрі сізге назар аударып, жағдайыңызды жасап, ойлауы керек дейсіз. Осылай келте ойлағандықтан, көпке ренжіп жүресіз, болмашыға бұртиып шыға келесіз.

Мысалы: Піл жүгіріп кетіп бара жатыр. Оның соңынан күшік жүгіріп барады. Бұны көрген үлкен адам «Пілдің соңынан күшік жүгіріп барады» дейді. Өйткені, пілдің кішкентай күшіктен қашпайтынын (қорықпайтынын) біледі. Ал, кішкентай бала «Күшік пілді қуып бара жатыр, піл қашып барады» дейді.

Бала секілді жоқ мәселеден қорқуды тоқтатыңыз. Ал, мәселеңіз болса, онымен бетпе-бет келуден қорықпаңыз. Шешілмейтін мәселе жоқ.

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ