​Таңертең КЕШ ОЯНУ неге ЗИЯН?

0
3 451

Түнде ұйқыға кеш жату да зиян.


​Таңертең КЕШ ОЯНУ неге ЗИЯН?

фото: avatars.mds.yandex.net

«Ерте тұрған адамның бір ісі артық» екенін бәрі біледі. Ал ерте тұрудың денсаулыққа, көңіл күйге әсерін, басқа да пайдасын біреу білсе, екеу білмес.

Жалпы, адам таңертең нешеде тұруы керек? Кеш оянса не болады? Ерте тұрудың пайдасы қандай? Осы сұрақтарға мамандармен бірге жауап іздеп көрейік. Алдымен, ерте тұрудың артықшылықтарын білсек, нешеде ояну керектігі өзі-ақ белгілі болады.



Жұмыс өнімді болады

Бір күнде 24-ақ сағат бар. Оның 8 сағаты ұйқыға кетсе, қалған 12 сағатта үйдің де, түздің де тірлігіне үлгеріп, басқа да мәселелерді шешіп, тіпті жақын адамдар той-жиынына барып та үлгеруіңіз қажет. Десек те, бәріне үлгеретіндер аз. Өйткені, өмір болған соң аяқ астынан күтпеген мәселе туындайды, адам ауырады т.б.

Әр күні адамның жоспарлағанындай бола бермейді. Сондықтан да күні бойы күнделікті қайталанатын шаруалармен айналысып, өзіне, отбасылық мәселелеріне, денсаулығы мен көңіл күйіне, тұлғалық дамуына уақыт таба алмай қалатындар көп. Ал уақыт тауып жүргендердің күн тәртібіне үңілсек, олар таңғы немесе түнгі екі сағатын өзіне арнайды екен. Иә, ешкім мазаламайтын, ой тыныш болатын екі сағатта көп нәрсе тындыруға болады. Бірақ қай уақыт тиімді: таңғы, әлде түнгі?

Психологтар «Өз сағатым» үшін таңғы уақыт тиімді дейді. Себебі, түнде адамның ағзасы ұйқыға дайындалып, маужырайды екен. Сондықтан да «Түнде істеймін» деп, таңертең екі-үш сағат артық ұйықтағаныңызбен, бәрібір түнде қолыңызға жұмысқа бармай, өзіңізді өзіңіз қинайсыз.

Қарапайым мысал: күнде 10-15 минутты дене жаттығуларына арнауды жоспарладыңыз делік. Таңертең жаттығу жасау оңай, ал кешкі тамақтан соң зауқыңыз соқпай, қиналып жаасйсыз немесе күнде оны ертеңге қалдыра бересіз. Күндіз атқарған жұмыс пен түнде істелген жұмысты салыстыру осыған ұқсайды. Күндізгі жұмыс бәрібір әлдеқайда өнімді болады. Өйткені күндіз тән де, ой да сергек, ояу болады.

Бұл жөнінде даналарымыз «Таңда береке бар» деп түсіндірсе, қасиетті Құранда: «Сендерге түнді жамылғы, ұйқыны тынығу, күндізді еңбектену мерзімі етіп жаратқан Алла» (Фурқан сүресі, 25-аят) деп ескерткен.

Күндізгі уақыттың өнімділігі ғылыми тұрғыда да әбден зерттеліп, дәлелденген. Олай болса, түнгі екі сағатты таңғы уақытқа ауыстырыңыз. Яғни, екі сағат ерте жатып, екі сағат ерте ояну тәртібіне өзгертіңіз. Мысалы, таңертең сағат 8-де оянып жүрсеңіз, бұдан былай 6-да тұрыңыз. Тәжірибе ретінде бір ай ұйқы режимін осылай өзгертіп көрсеңіз, әдеттегіден көп тірлік тындыра бастағаныңызға өзіңіз де таңғаласыз.

Есте ұстаңыз: Таңертең ерте тұра алмайтындардың бәрі де түнде ұйқыға кеш жататындар.



Ауру азаяды

Ауру мазалап, дәрігерге барған, ем алған сәттерді есіңізге түсіріңізші. Ем жазып берген терапевт те, тіпті операция жасаған хирург те медициналық кеңесіне «Ұйқыңыз дұрыс болсын» дегенді қоса айтады. Ал дұрыс ұйқы – түнгі ұйқы.

Ғалымдардың зеттеуінше, бүлінген, «ауру», «шаршаған» жасушаларды, ағзаны қалпына келтіретін заттар түнде тән ұйықтап жатқанда бөлінеді екен. Иә, ол пайдалы, дәру заттарды гормондар бөледі. Сондай-ақ ағзаға қажетті гормондар түнгі сағат 22 мен 2 арасында белсенді бөлінеді екен. Гормондар бөлетін заттардың орнын дәрілермен толтыра алмайсыз. Сондықтан да ағзаның саулығы үшін түнгі ұйқы өте маңызды. Ал түнде уақытылы ұйықтау үшін, күндіз барлық шаруаға үлгеру үшін таңертең ерте тұру керек.

Кеш жату мен кеш оянудың иммунитетке де кері әсері бар екен. Таңертең күн шығып кеткен соң оянған адамның иммунитеті, қан қысымы төмен болатын көрінеді. Сонымен қатар үнемі кеш оянатын адамның есте сақтау қабілеті де төмендейді екен.



Қуат артады

Кейбір адамның қуаты тасып жүреді. Бұл біреудің табиғаты болса, мамандар ерте оянатындардың да қуаты күні бойы тасып жүреді дейді. Бұны олар көңіл күймен, Күннің қуатымен байланыстырады.

Көңілсіз адамның жұмысқа зауқы болмайды. Расында да, адам көңілденсе жұмысты жапырып істеп тастайды. Ал психологтар адамның күні бойы көңіл күйінің қалай болмағы оның ұйқыдан оянған кездегі күйіне тікелей байланысты екенін айтады.

Таңертең ерте тұрған адам асықпайды. Ол екі-үш сағатының артық екенін біледі. Сондықтан да асықпай жуынып, сүйікті жаттығуын жасайды, ыстық кофесін баптап дайындап ішеді. Айна алдында ұзағырақ отырып, әр киімін бір киіп көріп, ұнағанын қалдырады. Жұмысқа да асығып-аптықпай, ән тыңдап жетеді. Өзгелер шашын тарағанымен кофесін іше алмай, аяқ киімін кигенімен оны сүртіп үлгермей, сүрініп-қабынып, сағатына қайта-қайта қарап, көлік кептелісіне бір ашуланып, аяғын басып кеткен адамға екі ашуланып жолда келе жатқанда, ерте тұрған қызметкер жұмысын бастап кетеді.

Адам көбіне баратын жеріне үлгермей, тапсырманы уақытылы аяқтай алмағанда, ұйқысы қанбағанда, таңғы асты ішпегендіктен ашушаң болады екен. Ал ашу қуатты тез тауысады.


«Кеш» деген сөз адам өмірінің қай саласында болса да жақсы емес. «Кеш отбасы құру», «Қателігін кеш түсіну» сияқты ұйқыдан кеш оянудың да зардабы көп. Біз негізгі үш зиянын ғана жаздық. Ал, оқырман, сіз бұл тізімді қалай жалғастырар едіңіз? Комментарийге жазыңыз.


Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


КӨП тамақ ЖЕУДІ тоқтатудың 3 әдісі


«Жақсы көрмейтін» адамның 5 БЕЛГІСІ