​Үнемі «жағдайы жаман» адаммен қалай сөйлесу керек?

0
3 694

Сіздің туыс, дос, әріптес арасында бұндай адам кім?


​Үнемі «жағдайы жаман» адаммен қалай сөйлесу керек?

фото: cdn1-production-images-kly.

Әр ортада үнемі өмірге, басқаға да шағым айтып, «жылап» жүретін адам болады. Ол бәріне өкпелі, қашан да жағдайы жаман, үнемі көңілсіз. Сіздің айналаңызда да бар ма осындай адам?

Алыс жүрейін десеңіз, амал жоқ араласатын адамның бірі (ағаңыз, әпкеңіз, жеңгеңіз, жақын туысқаныңыз, жарыңыз, досыңыз бір бөлімде жұмыс істейтін әріптесіңіз немесе күнде көретін көршіңіз т.б.). Ақыл айтсаңыз, сөз таластырады, соңында өзіңізді кінәлі етіп қояды. Түсінбейді. Бұндай адаммен сөйлесу шаршатады, қарым-қатынас қуатты сорады, көңіл күйді түсіреді, өмірден түңілдіреді. Ең жаманы, оның көңіл күйі "жұғады". Не істеу керек?



Кінәламаңыз!

«Жағдайы жаман» адам өзінің қателігін ешқашан мойындамайды. Оның жолы болмағанына, аз жалақы алып жүргеніне, үйінің жоқтығына, бақыт таппағанына бәрі-бәріне тек басқалар кінәлі. Біресе мемлекетті, біресе ата-анасын, тағы бірде балаларын, бауырларын кінәлайды. Оның «қорында» өзінің сәтсіздігін ақтап алу үшін кінәлайтын адамы әлі көп, таң қалмаңыз. Ол осылай өзін-өзі алдап өмір сүреді. Сондықтан «Кінә өзіңнен ғой», «Неге кінәні өзіңнен іздемейсің», «Неге осы уақытқа дейін жағдайды өзгертуге тырыспадың?», «Мәселеңді шешу үшін не істедің?» дегенді айтпай-ақ қойыңыз, сұрамаңыз да. Ал айта қалсаңыз, сөз таластырудан ол шаршамайды, бұрынғы әңгімесін қайтадан бастайды.



Көмектеспеңіз!

Мүмкін сіз біреудің қиналып жатқанына бей-жай қарай алмайтын жаны нәзік адам шығарсыз. Әлде өзгеге көмектескеннен ләззат алатын альтруист боларсыз. Жәрдемдесу қол соғатын жақсы қасиет, бірақ есте ұстаңыз: сіз оның өміріне жауапты емессіз. Сондай-ақ батпаққа батып бара жатқан адам қол созғанды өзімен бірге ала кетуі әбден мүмкін.

Бір рет, үш рет көмектесерсіз, ол сіздің аяушылық сезіміңізді ояту үшін тағы бірдеңе ойлап табады. Бұған күмәніңіз болмасын.

Жалпы ешкімге өзі сұрамаса, өтініш қылмаса көмектесудің қажеті жоқ. Өйткені өздігінен көмек сұрамаған адам ешнәрсе өзгерткісі келмейтін жан.



Диалогты жалғастырмаңыз!

Жақын адамыңыз болған соң амал жоқ қарым-қатынасты үзе алмайсыз. Мәселесін тыңдамауға тырысыңыз. Ал жағымсыз әңгімесін, мәселесін тыңдауға тура келіп жатса, пікір білдірмеңіз. Яғни, диалогты жалғастырмауды ойлаңыз.

  • «Сенікі дұрыс», «Оныкі бұрыс» деп те айтпау;
  • «Ойбуй, қиын екен» деп аяушылық танытпау;
  • «Жұрттың бәрінде солай», «Бәрі жақсы болады» деп жұбатпау.
  • «Онда сен былай етсейші», «Бүгіннен бастап...» деген ақыл-кеңес айтпау;

Сөзбен де, қолмен де көмектесудің қажеті жоқ. Өйткені ол бәрібір өз дегенін істейді, ертең-ақ қайтадан шағымын айтуды бастайды. Бұл әбден зерттелген, дәлелденген дейді психологтар.

Дұрысы, немқұрайлы, тыңдаған кейіп танытып отыра беріңіз. Бас иземеңіз, ешқандай эмоция көрсетпеңіз. Тіпті келесіде онымен кездескенде «Өткендегі мәселең не болды?» деп қызығушылық танытпаңыз. Сонда ол бірте-бірте сізге шағымын, өмірін, жағдайын айтуды азайтады, доғарады.


Дайындаған: Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


40 жастан соң НЕНІ өзгертуге, НЕ бастауға болады?


«Армандар картасы» қалай жасалады?