"Вампир": КҮШ-ҚУАТЫҢЫЗДЫ сорып алатын НЕ және КІМ?

0
2 780

Есте ұстаңыз: Кез келген нүкте қойылмаған іс, жұмыс, шаруа қуатыңызды соратын "вампир" боп шығады.


Карантиндегі уақытта аяқсыз қалған, аяқтай алмай жүрген бірқатар істі атқарып тастаған боларсыз?! Солай ма?


Есте ұстаңыз: Кез келген нүкте қойылмаған іс, жұмыс, шаруа қуатыңызды соратын "вампир" боп табылады. Неге?

Өйткені сіз ойша сол іске қайта-қайта орала бересіз, ойлай бересіз. Бұны экзотерика мамандары ой еңбегі дейді. Ал ой еңбегі де дене еңбегі секілді белгілі бір қуатты қажет етеді. Дәл сол сияқты нүкте қойылмаған байланыс, қарым-қатынас та күш-қуатыңызды сарқи береді.


НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?


Карантин уақытының аяқталуына санаулы күндер қалды. Осы уақыт сізге қуатыңызды ұрлап жатқан вампирлік байланыстарға нүкте қоюға жетеді. Алдымен қарым-қатынастарыңызды саралап шығыңыз. Қайсысы қажетсіз, қайсысы жалған үмітпен уақытыңыз бен ой қуатыңыздың вампирі? Анықтап, нүкте қойыңыз!


Психологтар мынандай алты белгіге қарап, адамның «қайта оралмайтынын» анықтауға болады дейді.


БІРІНШІ БЕЛГІ

Жұмысынан қысқарып немесе белгілі бір себептерге байланысты қызметтен кеткен адамдардың бірі көп ұзамай-ақ келесі жұмысқа орналасып үлгерсе, біреу ұзақ уақыт бұрынғы жұмысын қимай, қайта-қайта ойлап, күйзеліске түседі. Әйел мен еркек арасындағы қарым-қатынастың үзілуін де осылай, әркім түрліше қабылдайды.

Егер сезім жарастырып жүрген адамыңызбен екіге айырылыссаңыз және сүйгеніңіздің жаңа байланыс құрып үлгергенін естісеңіз, ұмытыңыз оны. Өйткені ол ұмытудың қадамын бірінші боп жасады. Ол не үшін жаңа байланыс құрды? Не сізді ұмыту үшін, не өзіне басқа адам керек екенін ұққандықтан.

Психологтардың пайымдауынша, бұл «қайтып оралмайтынның» бірінші белгісі.


ЕКІНШІ БЕЛГІ

Сүйген адамдар мерекелерде, сезімін нақтылағанда түрлі сыйлықтар жасайды. Мысалы, жүзік сыйлайды.

Егер ұрысып, керісіп қалған соң сүйгеніңіз сіздің жасаған сыйлықтарыңызды қайтарып берсе немесе өзінің заттарын қайтарып алса, онда ұмытыңыз оны. Психологтар бұл оның қайтып келгісі келмейтінінің екінші белгісі дейді.

Бұндай қадамға не үшін барады? Ол сізді біржолата ұмтыу үшін сізді еске салатын заттардың бәрін жойып жатыр. Өткен шаққа оралуды қаламайды. Ол бір шешімге келді. Сіз де батыл шешім қабылдап, бұл байланысқа нүте қойыңыз!


ҮШІНШІ БЕЛГІ

Қоңырау шалсаңыз, бармай ма? Вацапта жазған смс-хаттарыңызды оқымаған ба? Әлеуметтік желілерде оның аккаунттарын таба алмай әлексіз бе? Ұмытыңыз, ол сізбен байланыстыратын желілерді, телефон нөмірлеріңізді бұғаттап тастаған.

Бұл оның сізбен қарым-қатынасқа нүкте қойғанын білдіреді. Олай болса, «МузАрт» тобының «Қайдан, қашан, белгісіз, сен келерсің бір күні...» деген әнін де, сүйгеніңіздің телефон нөмірін де өшіріңіз!


ТӨРТІНШІ БЕЛГІ
Әңгіме барасында ол сізге деген сезімінің жоғалғанын, сөнгенін айтты ма? Бұл оның қарым-қатынасқа нүкте қойғысы келетінін астарлап жеткізгені.

Әрине бұндай сөзді естіген соң кейбір қыз-келіншектер сүйгенінің көңілін аудару үшін, оның сөнген сезімін қайтадан үрлеп жақпақ болып әбігерге түседі. Айтқанын орындап, өзін құрбан етеді. Ал ол бұл ұмтылысты, әрекетті бағалай ма? Сізге осындай қарым-қатынас қажет пе?

Одан бұрын байланысты үзе салсаңызшы!


БЕСІНШІ БЕЛГІ
Соңғы кезде ол тек сізбен кездесуден ғана емес, сізідң дос-құрбыларыңызбен болатын отырыстардан да, ортақ чаттардан да өзін аулақ ұстап жүр ме? Ұрысып қалғаннан соң сіз баратын орталардан өзін алыс ұстауға тырысатынын байқадыңыз ба?

Психологтардың айтуынша, бұл оның байланысты қайта жалғауды қаламайтынының бесінші белгісі екен. Ешкімді қинап сүйдіре алмайсыз, дұрысы байланысты шорт кесіңіз!


АЛТЫНШЫ БЕЛГІ


Сүйген адамдар арасында ұрыс-керіс орын алмай қоймайды. Осындайда үнемі сіз кешірім сұрап (айыпты болсаңыз да, болмасаңыз да), татуласуға алғашқы қадам сізідң тарапыңыздан жасала ма? Ойланып, еске алып көріңізші.

Егер шынымен де осы уақытқа дейін татуласуға қадам тек бір жақтан болса, онда бұндай қарым-қатынасқа нүкте қойылғаны дұрыс дейді психолог мамандар. Олардың болжауынша, бұндай байланыстың болашағы жоқ!


Егер сіз күтіп жүрген адаммен ара қатаныста психологтар ескерткен осы алты белгі байқалса, онда ойланбастан бүгін-ақ нүкте қойып, жалған үмітпен өмір сүруді доғарыңыз. Қуатыңызбен пайдасыз, қажетсіз "вампирлерді" «тамақтандыру» тек өзіңізге зиян.

(Суреттер ашық дерекөздерден алынды)

Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Қиындықпен күрескен дұрыс па?

«Ата-анамды СОТқа бергім келеді»