Осы бес эмоциялық кезеңнен жылдамырақ өтуге тырысу қажет.
фото: ашық дереккөзден алынды
Өмірде адам өзгертуге, қарсыласуға күш жетпейтін жағдайлар болады. Мысалы: өлім, жоғалту, айырылысу, жақын адамның бірнеше жылға қамалуы, апат, емделмейтін ауру, «балалы болу мүмкіндігіңіз жоқ» дегенді есту, алаяқтарға алдану, үйдің немесе көліктің өртеніп кетуі, сүйікті жұмысынан айырылу т.б.
Кез келген адам осындай жағдайлардың бірі басына түскенде өзін-өзі меңгере алмай, ойын, әрекетін басқара алмай қалады. Стрестік жағдай дейді бұны психолог мамандар.
Бірақ адам қандай жағдай болса да күйзеліске түсіп кетпеуді ойлауы керек. «Уақыт – бәріне емші» екенін түсініп, өзін қолға алуы қажет.
Десек те, адам өзгерте алмайтын жағдайға тап болғанда мынандай бес түрлі эмоцияны бастан өткізеді. Осы бес кезеңнен өтпейінше адам стрестік дағдарыстан шықпайды дейді психологтар. Олар қайсы?
1. Қарсыласу
Жағдайды қабылдағысы келмей қарсыласады. «Мүмкін емес», «Мұндай жағдай болмауы керек еді», «Қалайша?!», «Қай жерде қателестім?», «Неге мен?..», «Неліктен тағдыр мені жазалап жатыр?», «Неге ертерек әрекет етпедім?» т.б. осы секілді сұрақтармен ойша салғыласып, ұйқыны ұмытады. Уһілейді, жылайды, күрсінеді, өзін қоярға жер таппай аласұрады. «Бір жолы болуы керек қой» деп, сосын жағдайды өзгертудің, мәселеден шығудың жолын іздеуге кіріседі. Бұны әрекет дейді.
2. Ашулану, ызалану
Дәрменсіз екенін ұғып ашуланады. Жағдайды өзгертуге тырысқан қадамынан түк шықпағанына ызаланады. Көмек қолын созбағандарға ренжиді. Кінәліні іздейді немесе өзін жазғырады.
3. Ойлану
Жағдайды ойша сараптай бастайды. Өмірге немесе өзінің шамасы келмейтініне налиды. Сөйтеді ой қамағына түседі. Ал ойға шому күйзеліске алып барады.
4. Күйзеліс
Ойлана беріп, бір орыннан қозғала алмай күйзеледі. Жабығады, торығады. Осы кезде оған айналасындағы жақын адамдарының немесе психологтың «Әр істің бір қайыры бар», «Құдайдың ісіне қарсы келуге болмайды», «Пешенеге жазылғанды көресің», «Солай болайын деп тұрған болар?!» деген сияқты сөздері қажет. Я болмаса өзін-өзі ақылға шақырып, жағдайды өзгерте алмайтынын түсініп, ары қарай өмір сүруді жалғастырады.
5. Қабылдау
Соңғы кезең – жағдайды қабылдау. Көну, көндігу. Бұл кез келген тығырықтан шығудың – дұрыс жолы.
Әр кезең шамамен ең кемі екі айға созылады. Кейде бір жылға дейін жалғасуы мүмкін. Соншама уақыт өзіңізді іштей мүжи беру, күйіну, қайғыру – денсаулыққа зиян, қайта қалыпқа келуге кедергісі де көп. Сондықтан да бірінші кезеңнен соң дереу бесінші кезеңге өтіп, стрестік жағдайдан ертерек шығу керек. Ол үшін дереу жағдайды сол қалпында қабылдаған дұрыс-ақ. Сонда басқа эмоциялық күйді бастан өткермейсіз, психикаңызға да ауырлық түспейді.
Сонымен, өзгерте алмайтын жағдай басыңызға түссе, не істеу керек? Бірден жағдайды сол күйінде қабылдауға тырысыңыз, сонда анағұрлым жеңілірек болады.
Жазира Смағұлова,
Тағы да оқыңыз:
Психолог: «ҰРЫП ТӘРБИЕЛЕУ – АТА-АНАНЫҢ БАЛА ТІЛІН ТАБА АЛМАҒАНДЫҒЫНЫҢ БЕЛГІСІ»