Жаман әдетті жоюдың 1-формуласы

0
6 456

Әр адамның жауы, дұшпаны – өзінің бойындағы жаман қасиеттері, жағымсыз мінез-құлқы мен ұнамсыз әдеттері. Меніңше, «Жау алыстан келмейді» деген мәтел осыны меңзейді. Яғни, жауды басқа жақтан іздеп әуреленбеңіз, ол өз бойыңызда, қаныңызда, тәніңізде.


Жаман әдетті жоюдың 1-формуласы

Жаман әдетті жоюдың 1-формуласы

Әр адамның жауы, дұшпаны – өзінің бойындағы жаман қасиеттері, жағымсыз мінез-құлқы мен ұнамсыз әдеттері. Меніңше, «Жау алыстан келмейді» деген мәтел осыны меңзейді. Яғни, жауды басқа жақтан іздеп әуреленбеңіз, ол өз бойыңызда, қаныңызда, тәніңізде. Досты да алыстан іздемеңіз, ол – сіздің жақсы, сүйкімді мінезіңіз, қасиеттеріңіз, дағдыларыңыз. Бұған дана Абайдың «ашу – дұшпан, ақыл – дос» дегенін дәлел етуге болады. Ал, Майлықожа Сұлтанқожаұлы «Сабыр – ақылдың серігі» деген. Жазушы Әзілхан Нұршайықов атамыз «Досты сырттан іздеме, өзіңнің ішіңнен, ішкі дүниеңнен ізде. Жаның жақсы, жүрегің жылы, ақылың парасатты болса – іздеген досың алыстан үйіріліп өзі келеді» деп жастарға өсиет берген. Ақын-жазушыларымыздың, даналардың нақыл сөздерін тізе берсек өте көп. Бастысы, ақыл, сабыр, ар-ұят, қанағат секілді асыл қасиеттер және олардан туған әдеттер – дос, ашудан пайда болғандар – дұшпан екенін білдік. Ал, жақсы қасиеттеріңіз арқылы досыңызды көбейтсеңіз, ашу секілді жаман қасиет досыңызды жауға айналдырады.

Жаман әдетті жоюдың 1-формуласын «Таным» деп атадым. Таным – білу үшін шығармашылық ізденіс. Барлық адам «мен өзімді жақсы білемін» дегенімен, қағаз түсіріп сараламайынша ешкім расында да өзінің «кім?» екенін нақты білмейді. Сіз бүгін өзіңізді танисыз.

Ақ қағаз алып, бір бағанаға жақсы әдет, екінші бағанаға жаман әдеттеріңізді тізіп жазып шығыңыз. Әрине, оның қатарында мінез, қасиет те жазылады. Алайда біз тек жаман әдетпен күресеміз. Мінез бен әдетті, әдет пен қасиетті шатастырмаңыз. Әдет – бұл белгілі бір жағдайларға, қажеттіліктерге байланысты қалыптасқан іс-қимыл, әрекет. Одан мінез туады. Осы жерде Шәкәрім Құдайбердіұлының «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады, мінезің – сенің тағдырың» дегенін келтірсем, түсініктірек болар. Бұл әріптерден – сөз, сөздерден – сөйлем, сөйлемдерден әңгіме құралатыны секілді. Әдет мінезге, мінез тағдырға айналмай тұрғанда алдын алып, күресу керек. Өйткені, әдетті жоюға, одан арылуға болады, ал мінезді тек жақсартып түзете аласыз. Өз мінезіңіздің жақсы-жаман жақтарын ой таразысына сала отырып, жаман әдеттерді анықтай аласыз.

Жаман әдетті жоюдың 1-формуласымен нақтырақ таныстыру үшін, жаратылыстану ғылымы мен ұлттық құндылықтарымызды сабақтастыра білген ғалым атамыз Ақжан әл-Машанидің:

«Адам – ғалам, ғажайып, жеке дара,

Жан құмары ізденген мәңгі сана.

Өзіңді-өзің танысаң – істің басы,

Түзеген өз ғаламын болған дана» дегенін келтірейін. Яғни, ғалымның «істің басы – өзіңді-өзің тану» дегеніндей, «таным» деп аталатын 1-формула арқылы өзіңді-өзің танисың. Өзіндегі жақсы мен жаманды ажырата білмеген адам қай мінез-құлқын түзеп, қайсысын күзеу керектігін білмейді. Ал, білген адам нені жетілдіру қажеттігін түсінеді. Кейде жоюға болмайтын нәрселер кездеседі, ол кезде жаман әдеттің қарама-қарсысын (жақсы әдетт) жетілдіру арқылы ұнамсызын өршітпеуге, өсірмеуге болады. Түсінген адам өз мүмкіншіліктерін қолдана алады, анықтай біледі. Сонымен, мына сұрақтардың әрқайсысына 10 жауап жазыңыз.

1. Мен кіммін? Мысалы: әйел, ана, құрбы, перзент, мұғалім, келін...

2. Мен қандаймын? Мысалы: тартымды, сымбатты, ұрысқақ, тұйық, батыл, қорқақ, өтірікші, іскер, жалқау...

Бірінші сұраққа он жауап жаздыңыз, енді оның негізгі бесеуін ғана қалдырыңыз. Екінші сұрақтың жауабынан да тек бесеуін қалдырыңыз. Енді оның әрбіріне «қаншалықты лайықпын?» деген сұраққа жауап бересіз. Мысалы, әйел: әйелге тән нәзіктігіңіз қаншалықты?

Жауаптарыңыз өзіңіздегі жақсы және жаман, ұнамды-ұнамсыз мінез, қасиеттерді анықтауға көмектеседі.

3. Менің жақсы әдеттерім қайсы? Жаманы қайсы? Әрқайсысына 10 жауап жазылуы керек.

4. Ең бірінші қай әдетті жоюым керек?

Әдет – бұл бір өсімдік секілді. Өсімдіктің жер бетіндегі сабағы, жапырақтары мен гүлін ғана көреміз, ал тамырын көрмейміз. Алдымен жаман әдеттің сабағы, жапырағы мен гүлін жоямыз, кейін тамырын жоямыз. Яғни, жаман әдеттің заттық формасын анықтауыңыз керек. Жаман әдеттің заттық формасын анықтай алсаңыз, әдетті жою оңайырақ болады. Өйткені, жаман әдетті жоюдың 2-формуласы заттық формаға арналған.

Жазира СМАҒҰЛОВА.