​Жаңа істі бастарда болатын ҚОРҚЫНЫШты жеңуге 6 ҚАДАМ

0
1 557

Қорқыныш пен қобалжудан арылыңыз. Ол үшін...


​Жаңа істі бастарда болатын ҚОРҚЫНЫШты жеңуге 6 ҚАДАМ

фото: fikiwiki.com

Адам айналасында болып жатқан оқиғалардың немесе өмірлік мақсаттардың нәтижесінде болашағына жоспар құрады. Бірақ әр адам жоспар құра білмейді немесе құрған жоспарына жету жолында біраз тартыншақтап, қорқақтауы да мүмкін.

Ал қорқақ адам жетістікке жете алмайтыны да анық.

Ендеше, жаңа бір істі бастарда болатын қобалжу мен қорқыныштан қалай арылу керектігін біліп алғаныңыз жөн болар.


Бірінші қадам:

Ең алдымен сіз неден қорқып жатқаныңызды анықтап алуыңыз керек. Әрине сізге бейтаныс дүниелерден қорқуыңыз мүмкін. сонда да қорқынышты анықтауға тырысыңыз. Мысалы, «тиянақтылықты қажет ететін қағазбасты жұмыс болса, сіз бұл менің қолымнан келмейді, оған білімім жетпейді» деп қорқасыз ба? Ендеше білуге ештеңе кедергі емес. Қазір барлығы ашық, ғаламтордан білмеген мәліметіңізді дереу іздеп таба аласыз. Егер адамдармен үнемі байланыста болып, жымиып, көңілді жүруді қажет ететін жұмыс түрі болса, онда да уайымдамаңыз, ортаға үйренісе келе меңгеріп аласыз. Табиғатыма жат деп бас тартып, қорықсаңыз, алға жылжымайсыз. Сондықтан, тәуекел етіңіз.


Екінші қадам:

Ішкі қорқыныштың шынайы негізі бар ма, соны анықтап алу керек. Жай ғана байбаламға салынып, жаңбыр жаумай су болып жүрсеңіз, әрине қорқынышыңыз еселене береді. Өзіңізді тыныштандыру үшін көңіліңізге жағатын әрекеттерді жасаңыз.


Үшінші қадам:

Қандай да бір істі бастарда қорқынышыңыздың сейілуі үшін жаныңыз рахатқа бөленетін сәттерге көңіліңізді бұрыңыз, кішкентай болса да нәтиже шығару және адамдарға деген жылы қарым-қатынас көмектеседі.

Мысалы, жаныңыз кітап оқуды қалауы мүмкін, әлде жай ғана таза ауада серуендеу, кино көру немесе ваннаға түсіп, денеңізді сергіту жаныңызға жайлылық сыйлайтын шығар. Бас тартпаңыз, жасаңыз. Сонда жүректегі алай-дүлей басылып, тыныштыққа бөленеді.

Оған да құлқыңыз соқпаса, жай ғана үйдегі шаруаларды реттеңіз. Көптен бері қол тимеген үй шаруалары болуы мүмкін, гардеробты реттеңіз, орындығыңыздың тысын өзгертіңіз, көрпе-жастықтың тысын жаңалаңыз. Сонда көңіл-күйіңіздің көтеріліп, қабақтағы уайым да кетіп, жадырап қалғаныңызды байқайсыз.

Жан-дүниеңізде не болып жатқанын ақтарып айта алатын сырлас адамыңыз болса тіпті жақсы. Әңгімелесу арқылы босаңсисыз.


фото: chinese.alibaba.com

Төртінші қадам:

Қорқынышты артқа ысырып тастау. Қалай? Мысалы сіз жаңа бір кәсіп бастайын деп жатсаңыз, әр түрлі ойлар санаңызды жаулап, «кәсібім алға жүрмей қалса ше?», «тапсырыс болмай қалып, банкрот болып қалмаймын ба?» деген ойлар мазалай бастағанда дереу ол ойдың орнын алмастырыңыз, «Қазір мұны ойлауға уақыт жоқ, жұмысым қауырт. Алдымен ісімді жоспарлап алайын» деген секілді. Немесе жұмысыңызды жоспарлау барысында осындай ойлар мазалай беретін болса, ары кетсе 10 минут қана мазасыздыққа орын беріңіз, одан кейін қалай да болсын, мүлдем жұмыс туралы ойыңыздан шығарып тастаңыз.


Бесінші қадам:

Өз-өзіңізді қолдаңыз, көтермелеңіз. Кейбір адамдар қандай да бір мәселе туындай қалса, қиыншылықтар болып жатса, өзін емес, басқа адамдарды ойлап қамығып, өзін кінәлайды. Нәтижесінде өзіне өзі сенбестікке, бастаған жұмысы кері кетуіне алып келеді.

Сондықтан, өз-өзіңізге дем беруді тоқтатпаңыз! «Білемін, қазір маған өте қиын, жағымсыз жағдайлар көп. Бірақ мәселені шешуге болады. Оның жолдары бар, міндетті түрде оны табамын» деп өзіңізді өзіңіз жігерлендіріңіз.


Алтыншы қадам:

Жолыңыз болып, айыңыз оңынан туған сәт өміріңізде болмауы мүмкін емес. Қиналған шақта, қорқыныш мазалаған кезде сол сәттерді есіңізге алып, қалай жол тауып шығып кеткеніңіз жайлы есіңізге алыңыз. Бұл сізді мазалаған қорқыныштан арылтады, алдағы күндердің болжамымен емес, қазіргі сәтпен өмір сүруге жетелейді. Адам қазіргі сәтпен өмір сүріп, оны қабылдай алғанда, өз-өзін іштей мүжімейді. Стерссті азайтып, мәселені шешу, қиындықты жеңе білу барлығынан жоғары. Сіз өзіңіздің мықты адам екендініңізге көзіңіз жеткен кезде қорқыныштың жай ғана жолыңыздағы кедергі екенін ұғасыз.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


СЕПАРАЦИЯ деген не?


Баланы ҚОРҚЫТПАЙ, АЙҒАЙЛАМАЙ тәрбиелеуге болады