Бүтін бақыт – ертегі. Айым Алтайқызы

0
510

Аяқ-қолы сау бола тұрып қарт атасына көмектесуден қашатыны үшін ұялды.


Бүтін бақыт – ертегі. Айым Алтайқызы

Заңғардың атасы бүгін де құдыққан екі шелек су алып қораға қарай беттеді. Бұл оның сәске түсте жасайтын күнделікті шаруасы еді. Ақсақал дағдылы жұмыс болған соң оны тіпті қиынсынбайтын. Бірақ бүгін шелектің бірін орта, бірін ернеуіне дейін толтырып жіберген екен. Қос қолындағы салмақ тең болмаған соң білек буыны тартылып орта жолда кідіріп қалды.


Бұл кезде Заңғар қызған құмға аяғының жартысын көміп қойып ойнап отырған еді. «Балам, бері келе қойшы» - деген атасының сөзін естісе де жылы құмның астындағы аяғын қайта қазуға ерініп отырып алды. «Ақшолағың шөлдеп қалды. Күн болса шыжып барады. Суын тасысып берші» - деп жұмсағанда ғана орынынан тұрып атасының жанына келді. Атасы жартылай ғана толған шелекті немересіне ұстатты. Ол ықылассыз суы бар шелекті ұстады да тәлтіректеп жүріп қора жанына әрең жетті. Аттар тұрған жетер-жетпес жер қалғанда шаршап:


- «Ата, осымен болды» - деп шелекті дереу қоя салды.


Шелек тура құмырсқа илеуінің жанына дөп түсіпті. Жерге қапыл қойған шелекке кішкентай құмырсқа тіреліп қалған екен. Заңғар жүгі өзінен екі есе үлкен құмырсқаның шелекті айналып өткенін көріп таң қалды. Сосын бір адым жердегі тезек теретін қара қоңызға көзі түсті. Құмырсқаның тірлігін кекеткендей шалқасынын түсіп тырайып жатыр екен. Тағы бір шелек суды көтеріп артынша атасы да келді.


- «Міне азамат болды деген осы. Атасына көмектесіп, аттарға су беруге жарап қалыпты менің балам», - деп немересін мақтай жөнелді.


Заңғар әлі де жердегі тіршіліктен назарын алмай бақылап тұр. Атасы да еңкейіп жерге қарады. Үңіліп қараса, бір аяғын ақсаңдай басқан құмырсқа жүк тасып жүр екен. Ал, алпамсадай алып қоңыз аспанға қарап қамсыз жатыр.


- Балам саған мына құмырсқаның бағын, анау қоңыздың қуатын берсін. Бақытың бүтін, еңбегің адал ер бол. Ал шелекті өзім кіргізем,ойнай ғой!


Заңғар “Бүтін бақыт” деген сөздің мағынасын түсінбей қалды.


- Ата қоңыздың қуаты дегенді түсіндім. Бірақ неге құмырсқаның бағын берсін дейсіз. Құмырсқа тым әлсіз әрі аяғын сілтіп басатын кемтар екен. Соған қарамастан ауыр жүк арқалап жүр. Демалуға уақыты да жоқ. Сонда оның несі бақыт? Ал қоңыз болса күйлі, көлеңкеде рахаттанып жатыр. Одан қоңыздың бағын тілей салмайсыз ба?


Атасы баланың байқағыштығына таң қалып бір жымиды да, тілектің мәнін ұқпағанына қынжылып қалды.


- Баламысың деген осы ғой. Заңғаржан, құмырсқа бойынан әлі кетсе де, ыстық күнге күйсе де өз ортасы, отбасы үшін пайдалы болып жүр. Бәлкім ол жаңа илеу салып жүрген құрылысшы шығар. Әлде балаларына тамақ апара жатқан әке құмырсқа ма екен? Әйтеуір ол бойында бар титтей күшті дұрыс жұмсап жатыр. Сондықтан да оның бағы бар. Бірақ оның да бақыты бүтін емес. Өйткені, кемтар екен. Ал анау қоңыз өте күшті. Құмырсқалар сияқты ауызбіршіліктері мықты болып, осындай күйлі қоңыздар біріксе бүкіл қораны қидан тазалап тастар еді. Бірақ ол өз қарыны тойса болды көлеңкелеп жата кетеді. Өз бойындағы саулық пен күшке біреулердің мұқтаж екенінен бейхабар. Сондықтан да ол қанша қуатты, солса да бақытсыз. Адамға да ең бірінші денсаулық пен қажыр-қайрат керек. Содан кейін сол денсаулығы мен күшін еліне, жұртына, қала берді отбасына үлес қосу үшін дұрыс пайдалану керек. Осы екеуін ұштастырған адамның ғана бақыты бүтін болады. Денің сау болып бірақ айналаңа пайдаң тимесе, не бәріне жәрдемің тиіп бірақ өз денсаулығың болмаса қайдағы бақыт?


Атасының сөзінен кейін Заңғардыңойы лезде өзгерді. Ересек адамдардай салмақты көзбен жердегі тіршілік иелеріне қайта қарады. Аяғын сілтіп басып азық тасып жүрген еңбекқор құмырсқа оған өз атасындай көрінді де, құр босқа көлеңкелеп жатқан қоңыздың қылығы өзін есіне салды. Аяқ-қолы сау бола тұрып қарт атасына көмектесуден қашатыны үшін ұялды.Заңғар енді жерге қойған шелегін көтеріп, қораға қарай жылдам басып кетіп барады. Бұл жолы ауырсынып қиналған жоқ. «Ертең де аттарды өзім суарам» - деп ойлады ол.


Махаева Айым Алтайқызы. 2001 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген. 2017-2021 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде оқыды. Қазір Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистранты.