Дәркен ТАНАБАЕВ. Балаларға арналған өлеңдер

0
2 140

Ел таңбасы елімнің, Шаңырағы бабамның. Күнің алтын нұрымен, Бағы сөнбес даламның.


Дәркен ТАНАБАЕВ. Балаларға арналған өлеңдер

ЕЛТАҢБА


Ел таңбасы елімнің,

Шаңырағы бабамның.

Күнің алтын нұрымен,

Бағы сөнбес даламның.


Оттай ыстық бізге өзі,

Түнде жұлдыз тізбегі.

Көзін көкке қадаған,

Киіз үйдің күнбезі.


Шеңбер уақыт санаты,

Далам жердің жәннаты.

Алтын мүйіз қос пырақ,

Қазан атым қанатты.


Нұрланғандай атырап,

Өрлеуде елім жарқырап.

Уық болып таралған.

Күн сәулесі жамырап.


Еркіндікті көксеген,

Көгерді елім көсегең.

Қамбар ата қанатты,

Досқа жалын төсеген.


Қорға отанды жаныңмен,

Қорға отанды арыңмен.

«Қазақстан!» -деп жазған,

Қазақ елі қанымен.


Менің Қазақстаным!


Көк байрағым желбіре,

Қыран құсым қалықта.

Күн нұрына елжіре,

Дархан далам шарықта.

Менің Қазақстаным!


Бағы жанған ел анам,

Үмітіңді ақтаймын.

Аманатын бабамның,

Көз нұрындай сақтаймын.

Менің Қазақстаным!


Қилы-қилы замандай,

Жолдар шиыр сіз өткен.

Тұғырыңды тапжылмай

Сарбазыңмын күзеткен.

Менің Қазақстаным!


Бақытты өмір орнатам,

Бүкіл елім аңсаған.

Ата заңмен қорғатам,

Ант етейін мен саған.

Менің Қазақстаным!



АҚ ТАУЫҚ


Ақ тауығым ақылды,

Ақ жұмыртқа табады.

Он балапан бағам деп,

Ашылмай жұр қабағы.


Тұйғын жыртқыш шүйлігіп,

Сауысқан да шабады.

Балапанын сары үрпек,

Дейме түскі тамағы.


Сондай сәтте ақ тауық,

Күжірейе қалады.

Балапанын қорғаштап,

Жан айқайға салады.


Ақ тауығым ақылды,

Бір амалын табады,

Қауіп төнсе шөжесін,

Қора жаққа бағады.


Ала мысық ыржиып,

Сілекейі тамады.

Ақ тауығым сақтанып,

Бақты бетке алады.


Арсалаңдап жас төбет,

Ойнап тайраң қағады.

Секем алып ақ тауық,

Апама қарай ауады.


Ақылдым деп шақырып,

Шөжесін апам санады.

Ақ тауығын айналып,

Кепесіне қамады.


Пана етіп күркені,

Қанатымен бүркеді.

Қалғып отыр ақ тауық,

Қойнында бар үрпегі.


АҚБҰЛТТАР


Көкке өрлеп төнген қалың қолдайын,

Аппақ бұлттар керуен көшкен жолдайын.


Арғымақтай ауыздықпен алысқан,

Айдаһардай жолын түгел жанышқан.


Биігінде қанаты талған құстардың,

Ұлпа бұлтқа мініп көкке ұшқанмын.


Құс біткенге қалмай ұшқан соңымнан,

Балмұздақ бұлт тараттым өз қолымнан.


Зеңгір көкте ұзақ ұшып шарладым,

Бұлттан ұшақ, тұлпар жасап алғанмын.


Сабаққа да сол күні мен бармадым,

Қиялымда арманыма самғадым.


Достарыма айтуға оны ұялдым,

Өйткені бұл тәтті менің қиялым.



АЛА МЫСЫҚ


Ала мысық

Дегенде ала мысық.

Сен жатқалы қай заман,

Далаға шық.


Қыт- қыт, қыт-қыт,

Бұл мен ғой тауық көрші.

Батыр мысық тышқанды

Ұстап берші.


Өтінеді

Көршілер сұранады.

«Тышқан ұста»

Мысықтан сұрағаны.


Қапты тесіп

Тайраңдап сүттен ішіп.

Асыр салып

Жүр үйде тышқан пысық.


Ала мысық

Дегенде ала мысық.

Қыт-қыт- дейді тауықтар,

«Далаға шық».


Ала мысық

Ашулы«қап» дегенді.

Тауықтарға бажылдақ

Тап береді.


Бытыраған

Тауықтар бет-бетіне.

Көзі жеткен

Қуалап жетпесіне.


Тәтті ұйқысын

Аша алмай керіледі,

Қайта қалғып қууға

Ерінеді.


2-бөлім

-Ала мысық

Дегенде ала мысық,

Күшті болсаң тез жылдам,

Далаға шық.


Мына біздер,

Егесі қора, үйдің.

Атжалмандай батырды,

Тойға жидым.


Қамба тонап

Тышқандар қап тесді.

Қанды балақ бөрідей,

Сақ деседі.


Бұл аулада

Тұратын тауық, күшік,

Кербез қораз

Ұйқыбас ала мысмық.


Қапты шайнар

Ағаммен тіресетін,

Атжалманмен

Қайсың бар күресетін.


Ха-ха, ха-ха,

Шиқылдап тышқан бала,

Қамбадағы астықты

Шашқан жаңа.


Ал бауырлар

Атойлап топты шалғын.

Жем азығын тауықтың

Бопсалағын.


3- бөлім

-Бала мысық

Батыр-ау бала мысық,

Ұйқыңды аш бір сәтке

Далаға шық.


Ав- ав, ав-ав.

Бұл мен ғой төбет досың.

Келмеседе тұр жылдам,

Көңіл қошың.


Қарасаңшы

Шашылған айналаңа,

Бұдан асқан сорақы

Жай болама?


Әрең тұрып

Қараса көзін ашып,

Тышқан біткен ойнап жүр

Ұнды шашып.


Тышқандардың

Тобыры тайраңдаған.

Түс көргендей мысықта

Қайран қалған.


Көршілердің

Айтқаны түсті есіне.

Сүт қалмаған

Қи толған кесесінде.


Жүрек жалғар

Қамбада ұн қалмаған.

Шкафтағы нанды да

Жеп жалмаған.


Төбетті де

Оятқан ұнатпады.

Тіске басар нең бар деп,

Сұрап тағы.


-Қайдан болсын

Деп тауық ақталады.

Олжа болған тышқанға

Сақтағаны.


Төбет болса

Тек сүйек ұсынады.

Жалқау мысық жумаған,

Тісін әлі.


Өрісте жүр

Деп қойды сиыр болса.

Сүт бермейді күйі жоқ,

Оның да онша.


4-бөлім


Төбет досы

Қайрайды шынықтырып.

Зианкестің залалын,

Шын ұқтырып.


Бір, екі деп

Денесін қыздырады.

Қолын сермеп қаптағы

Тұзды ұрады.


Міне былай

Батырым қолды серме.

Тышқандарға намысты,

Қолдан берме.


Көргені көп

Қоразда ақыл қосқан.

«Айландырып теп дейді,

Дәлдеп бастан.


Шынықтырып

Денесін терлетеді.

Балаң мысық

Әп сәтте ер жетеді.


Қарны ашып

Қалған соң бала мысық.

Тышқандарға қарады

Көзін қысып.


Сақадай сай

Жауына қасарысқан.

Жунглиде жүргендей

Жас арыстан.


Қанталаған

Көзінен қатты шошып,

Бет- бетіне қашқанды

Тышқан босып.


Күдіз түні

Жортады аула кезіп.

Көрсетышқан қарасын

Кетер безіп.


Өз міндетін

Орындап тиянақты.

Зиянкеске жасады

Қиянатты.


Ала мысық

Деген де ала мысық.

Тап берген соң

Тышқандар барады ұшып.


Қайсың барсың

Дейді ол көзін қысып,

Мықты болсаң

Қорықпай далаға шық.



ҚОЗЫ МЕН ЛАҚ


Сары апаның қолында,

Тұрушы еді қозы лақ.

Тыңдамастан кәрісін,

Ойнақтайды күн ұзақ.


Әр нәрсеге ұрынып,

Балтакөлде зерігіп.

Алатауды көрсем деп,

Армандадылақ ерігіп.


-Алатаудың етегі,

Жеміс жидек, қарақат.

Жүйрік поезд жетеді,

Барсаң шіркін бір рахат.


-Қане қозы дайындал,

Досы аң таң таңырқап.

Үркетіндей не уайым бар,

Ерме қозы шамырқап.


-Сары апамды қайтеміз,

Қойды қозы бір сұрақ.

-Өзі әбден мезі етті,

Сәл болса сол бұрқырап.


Кіргізбейді бақшаға,

Қырға барсаң ойнама.

Түскің келсе өзенге ,

Дейді терең бойлама.


Айтатыны ескі әні,

Өнер білім тоқы деп.

Мезі қылды сол кемпір,

Әліппеңді оқы деп.


-Алыс кетпе дейді апам,

Ит құсқа жем боласың.

-Қолың сәлге босаса,

Сыпыртады қорасын.


-Алатауға барар жол,

Білесің бе? Тым алыс.

Бізді жолда жеп қояр,

Қасқыр, аю, жолбарыс.


-Тыңда қозы не тұрыс,

Ұшақпенен самғаймыз.

Сүреңсіз мына далада,

Бір сәтке енді қалмаймыз.


Жасыл шалғын жайлауда,

Ойнап аунақ саламыз.

Қайткенде де бауырым,

Біз ұшақпен барамыз.


2- бөлім


Қос моторы гүрілдеп,

Ұшайын деп тұр ұшақ.

Қос өкпесін қолға алып,

Келіп мінді қозы лақ.


Есер соқтау екі дос,

Құстай көкте қалықтап.

Арасымен бұлттардың,

Самғады ұшақ шарықтап.


Лақ күлсе ха-ха-лап,

Қозы күлер тырқылдай.

Ысқырады қуанып,

Әбесті шу бір тынбай.


Артта қалып Қызылқұм,

Өзен, шөлден өткенде.

Мінген ұшағы тоқтады,

Барар жерге жеткенде.


3-бөлім


Шықпақ болып далаға,

Олар сыртқа атылды.

Ұшқыш ағай екеуін

Сабырлыққа шақырды.


Бар жүктерін арқалап,

Сыртқы есікке таласа.

Шықса реңсіз шартараб,

Болды міне тамаша.


Көрінбейді Алатау,

Келмейді жер мақтауға.

Радио тұр сөйлеп,

«Қош келдің деп Ақтауға.»


Құмын шашып даланың,

Каспий желі сенделген.

Ашу қысып тұрғандай,

Болсын деп ісім сендермен.


Әріп білмес екі дос,

Санын сонда соғады.

Оқымаған мектепте,

Отыра қап жылады.


Полиция ағайдың,

Көп екен тым сұрағы.

«Не істеп жүрген жансыңдар»,

Құжаттарын сұрады.


Қозы отыр тұтығып,

Лақ отыр еңіреп.

Хабарлады қарияға,

Жетіңіз деп тезірек.


Сары апаны шақыртып,

Табыстаумен тынады.

Көре сала апасын,

Апашым деп жылады.


Алып келіп үйіне,

Тұрғызды апам бұрышқа.

Оқымасаң мектепте,

Жегем деді жұмысқа.



ТАМШЫ МЕН САЯ


-Тамшы, тамшы келдің қайдан,


-Сұр бұлттардан қанат жайған.


-Шатырларды сенбе соққан,


-Көктен құлап келе жатқам.

Сатырлатып мен ғой қаққан.


-Жүз соқсаңда сені сөкпен,

Келмей қойдың неге көптен?


-Есіңде ме боран қалың,

Жылы тонға оранғаның.


-Бар алқапты қар жапқанда,

Шатырларға мұз қатқанда.


-Иә, иә, сол шақтарда,

Үйде ошаққа от жаққанда.


-Ақ ұлпалар сан мыңдаған,

Саяжан деп қол бұлғаған.


-Иә,иә, бәрі есімде,

Аппақ әлем өлкесінде.

Ақ ұлпаға сүйсінгенмін,

Қолда тұрмай исінгені.


-Ыстық еді алақаның.


-Сол сен ба едің балапаным!

Жүз жаусаң да сені сөкпен,

Келмей қойдың неге көптен!


-Осы болды жаңылғаның,

Сая мені танымадың.

Сәуірдің сол сайранында,

Мұршам келмей ойлануға.

Бұршақ болып көктен ақтым,

Терезеңді тебе қақтым.


-Бұл кім деп ем сонша тепкен,

Шыққан едің сонда шектен

Өзің мұздай, тастай қатты,

Соққан тасың жанға батты.


-Ыстық еді алақаның,


-Сол сен бе едің балапаным!

Жүз соқсаңда сені сөкпен,

Келмей қойдың неге көптен.


-Алатауда нөсерлеткем,

Жел қуған соң әзер жеткем.

Терезеңді сүздім еппен.

-Қош келіпсің сәлем жаңбыр,

Шалғындардың шөлін қандыр.


-Тамшылардан құралғанмын,

Өзен болу бұл арманым,


-Төпелей бер бұршағыңмен,

Қаланы жу бұрқағыңмен.


-Арықтарды үзе кердім,

Жылғалармен жүзе бердім.


-Гүлге толтыр құрағымды,

Суға қандыр бұлағымды.


-Жерге сіңіп буға айналдым,

Жермен көкті жүз айналдым.

Көңілсізсің Сая неге?

Кеш келдің деп сөге көрме.

Қоштаспасам сәлем берме.

Бір тамшы жас қалсын сенде,


-Жанарыңды жүр аударып,

Жатам жерде қырауланып.

Буға айналып қайта толам,

Шыққа айналып гүлге қонам.

Айтып тұрмын мекенімді,

Саған келіп кетерімді.


-Қайта оралғын тамшы жерге,

Көңілімдікелде демде.

Сағынамын сені мен де,

Керексің сен байтақ елге.

Жаңбыр,жаңбыр жаушы жерге!

Тамшы, тамшы, тамшы жерге!



Дәркен ТАНАБАЕВ. 1968 жылы Оңтүситік Қазақстан облысының Төле би ауданында бұрінғы Қазығұрт совхозындаға Әңгірата ауылында дүниеге келген. КАзПТИ мұнай факультетін бітірген. Құмкөл мұнай қазу экспедициясында еңбек жолын бастаған.

Қазығұрт, Ана - жер ана, Ғашық жүрек атты жыр жинақтары жарық көрген.