Әрбір өсімдіктің қандай қасиеті барын жақсы білетін.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Қарт Тасбақаның емшілік қасиеті бар еді. Өйткені ертелі-кеш қорек ететіні неше түрлі шөп пен гүлдер болғандықтан, әрбір өсімдіктің қандай қасиеті барын жақсы білетін. Бір күні алдына жер бауырлап Саршұнақ келді.
-Өліп барам, емші аға. Жәрдем бер – деді.
-Не ауру? – деді Тасбақа.
-Білмеймін, ет-қызуым көтеріліп, қозғалудан қалып барам. Жүруге әл-қуатым қалмады – деді Саршұнақ жыламсырап.
-Мына шөпті шайнап, жұт – деді Тасбақа, бір-екі тал жаңа жұлған әлдебір шөпті беріп, - Үш күн ішшең айығып та кетерсің.
Үш күннен соң әл-қуатқа кірген Саршұнақ келіп рахметін жаудырды.
Бірер күнен соң Тасбақаның алдына бір бозторғай топ етіп құлап түсті. Екі иінінен дем алып әзер жатқан бозторғайға:
-Не болды, бауырым? Мазаң жоқ па? - деді Тасбақа.
-Иә, өліп барам. Азай-беденім қақсап, дем жетпей, тұншығып өлер болдым.
Білмеймін не істерімді.
-Онда сен мына шөпті шайнап көрші – деді Тасбақа оғанда әлдеқандай бірер тал шөп сабақтарын көрсетіп. – Сәтін салса бірер күннен соң сауығып кетесің.
Үш күннен соң Тасбақа бозторғайдың таңғы шырылынан оянды. Көзін ашып қараса, Бозторғай дәл төбесінде тұрып-ап шырылдап тұр.
-Саған көп рахмет, Тасбақа аға. Мен бұл жақсылығыңды ешқашан ұмытпаспын – деп тұр.
Бүгін емші Тасбақа ыңылдап өлеңін айтып келе жатқан еді. Ойда-жоқта бір аш Түлкі тап болды да келе тілін жаланып тұмсығын соза бастағаннан Тасбақа да тас қабыршақ ішіне бұға қалды. Сол-ақ екен сұм Түлкі тас қабыршаққа қарш-қарш тіс салды. Бірақ қанша жемек боп тырысқанмен тас қабыршаққа тісі өтпеді.
-Бәрібір бір кезде өзің-ақ шығасың деген Түлкі тасбақаны аяғымен аунатып, шалқасынан түсірді. Оның бұл қулық ойын сезген Тасбақа да тас қабыршақ ішінде тырс етпей жатып алды. Ақыры күте-күте шыдамы таусылған Түлкі тасбақаны сол күйде қалдырып өз жөніне кетті.
Тасбақа сол жатқаннан мол жатты. Түстікке таянған күн жалын атып қатты ыси бастады. Күн аптабы қуырған байғұс Тасбақаның тамағы құрғап, шөл қысты. Қайта оңғарылмақ боп ары-бері тырбанған еді, аударыла алмады. Амалсыз, –Кім бар?Көмек беріңдер! – деп айқай салды.
Анадайда құмалақ домалатқан қара Қоңыз өтіп барады екен, сол аялдап, тасбақаға бұрылды.
-Ойбай көке, не болды? Неге бұлай күн астында шалқаңыздан түсіп жатырсыз? – деді.
-Бір сұм түлкі мені жемекші боп ары-бері аунатты да, осылай тастап кетті.
-Жарайды, әрекет етіп көрейін – деген Қоңыз тасбақаны бүйірінентөрт аяқтап ары итерді, бері итерді. Бірақ зілдей ауыр денені қозғатуға шамасы жетпеді. Ақыры; - Ренжімеңіз көке, менің шамам келер емес – деді де құмалағын домалатып өз жөніне кете барды.
-Қап! Енді не істедім? – деді ызаланған Тасбақа одан сайын қапаланып.
Кенет айналаның бәрі тасыр-тұсырға бөленіп бір топ қой келді. Бірақ олар Тасбақаның жанайқайына пысқырып та қарамай баса-көктеп өте берді. Қой артында кәрі қойшы бар екен. Ашық жерде тырбаңдап шалқасынан жатқан тасбақаны көрді де қасына кеп таяғына сүйеніп тұра қалды.
-Жәрдем бере көр! - деп дауыстады Тасбақа.
-Не болды? Сені қойлар аударып кетті ме? - деді Қойшы.
-Жоқ,мені жемекші боп мана бір сұм түлкі аударып кетті.
-Әй зәлім -ай! - деді қарт Қойшы. - Күн азабын сені мен меннен артық кім білсін. Сәл болмағанда қаталап та өлетін болыпсың -деп Тасбақаны аударып жерге қойды.
-Уф! Рахмет, саған адам – деді, төрт аяғы жерге тиген Тасбақа қуанып. -Маған жасаған жақсылығың құдайдан қайтсын.
-Рахмет айтатын түгі жоқ - деді қарт Қойшы. - Мына күн шыжғырған жапан түзде сенімен мен бір-бірімізге көмек бермесек, бізге көмекті кім береді.
-Сенде де бір ауыр қайғы бар секілді - деді Тасбақа қарт қойшының қыртыс-қыртыс тозыңқы түріне қарап. Ол не уайым?
-Уайым -қайғысыз пенде бар ма? -деді Қойшы. - Жан дегенде жалғыз баламыз бар еді, сол бала он жыл болды екі аяғынан сал болып, төсектен тұра алмайды. Бізді сансыратып жүрген сол қайғы.
-Сал ауруы дейсің бе? - деді Тасбақа ойланып, - сен ертең түс қайта осы жерге кел. Мен саған дәрілік бір шөп берейін. Меніңше балаңа соның пайдасы тиіп қалар.
-Шын айтасың ба? - деді қарт Қойшы.
-Шын айтам.
-Жарайды, келемін - деді Қойшы қатты қуанып.
Ертесіне қойшы дәл келіскен уақытында әлгі төбеге келіп тасбақаны тосты.
Көп ұзамай қалың шөп арасынан аузында бір уыс шөбі бар Тасбақа да көрінді.
-Мә, мына шөпті апарып, суға қайнатып, суын балаңа ішкіз - деді Тасбақа. Құдай жолын берсе бір айдан кейін балаң сауығып кетеді.
-Сен мұның дәрулік шөп екенін қайдан білесің? - деді Қойшы.
-Білемін -деді Тасбақа. - Біздің ертелі-кеш қорек ететініміз тек қана шөп.
Сондықтан қандай шөптің нендей қасиеті барын біз жақсы білеміз. Мұндай шөп анау көрініп тұрған жазық беткейде көп, барып өзің қалағаныңша теріп ал.
Қуанған қойшы «рахметін» айтып сол төбеге тез жеткенше асықты.
Бір айдан соң, шынымен-ақ, қойшы баласы сауығып, аяғына тұрып жүріп кетті. Бұған жүрегі жарыла қуанған Қойшы әлгі төбеге тағы келді. Бірақ тасбақаны таппады.
-Рахмет саған тасбақа – деді Қойшы, сол-ақ екен, жан-жағына қарап айқайлап. - Мың жаса! Құдай саған да ұзақ, қызықты өмір берсін!.
Тасбақаның бұл жүрекжарды алғысты есіткен есітпегенін кім білсін, бірақ айналадағы аққурай мен гүлқайырлар:
-Біз есіттік, ақсақал. Сәлеміңізді Тасбақаға біз жетіземіз – деді бәрі бір кісідей бас шұлғып.